Алматы облысындағы таңғажайып мекендер

6 Сәуір 2017, 12:17 27669

Тылсым табиғат

Қаланың тынымсыз тіршілігі жалықтырған шақта, жұмысты бір шетке ысырып қойып, табиғат аясында демалғың келеді. Осындай сәтте қала маңында орналасқан табиғаты көркем жерлердің таңғажайып құбылыстарын қызықтап, таза саф ауасымен тыныстағанға не жетсін?! Алатаудың бөктерінде орналасқан әсем шаһар – Алматының көркін еселеп тұрған, қала маңында орналасқан табиғаты ерекше мекендерге тоқталып өтсек.

Шарын шатқалы

Бұл шатқал – тек елімізге ғана емес, бүкіл әлемге әйгілі мекен. Алматыдан 197 шақырым қашықтықта орналасқан табиғаттың бұл ерекше аймағы осыдан 25 млн жыл бұрын пайда болған екен. Жер бетінде мұндай ерекше шатқал тек екі жерде ғана бар. Онын біріншісі Американың Колорадо штатындағы Гранд-Шатқалы, ал екіншісі осы – Шарын.

Шатқалға бұл атау бастауын Алатаудың қарлы шыңдарынан алып, Іле өзеніне құятын Шарын өзеніне байланысты қойылған. Өзенмен қоса, бұл аралықта сирек кездесетін өсімдіктерінің арқасында табиғат ескерткішіне айналған Шетен тоғайы бар. Тарихтың терең қойнауынан сыр шертетін шатқалдардың ең биік тұсы 300 метрге дейін барады. Қызғылт жартастар күн ұясына кірер шақта сан түрлі түске еніп, құбылып көздің жауын алады. Бұл өлкенің ғажайып пейзажына куә болған талай турист небір фантастикалық кинотуындыларды дәл осы мекенде түсіруге болатынына көзін жеткізіп қайтады.

Үлкен Алматы көлі

Отбасымен болмаса достармен тау ішінде салқын самалға бетіңді тосып, демалысты қоңыржай климатта өткізуді жоспарлаған адамға  Үлкен Алматы көлі таптырмас мекен. Ол Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 20 шақырым қашықтықта Үлкен Алматы өзенінің аңғарында орналасқан.

Тау ішінде қалыптасқан бұл көлдің пайда болуы жайлы аңыз көп. Теңіз деңгейінен 2500 м биіктіктен орын тапқан алып көлге автокөлікпен, велосипедпен тіпті жаяу да көтерілуге болады. Бұл өлкеге келетіндер табиғат аясында демалып қана қоймай, айналаны қоршаған биік шатқалдарды бағындыруды құмартары анық. Мұндағы тұнық көлдің бетінен тек көгілдір аспанның ғана емес, Тянь-Шянь тауларының сұсты бейнесін де көруге болады. Мән беріп қараған адамға алып таулардың бейнесі көлге батып кеткендей әсер қалдырады. Көлден жоғары таудың биігіне қарай екі шақырым жол жүрсеңіз, астрономиялық обсерваторияға тап боласыз.

Мұнда телескоп арқылы жұлдыздарды зерттеп тамашалауға болады. Ал бұл жерден тағы 8 шақырым жоғары көтерілсең, Космостанцияны көресің. Ол жерде ғарыштық сәулелену бөлшегін тіркеу жұмыстары жүргізіледі. Айтпақшы, бұл мекенге аяқ басуды ойға алсаңыз, жылдың қай мезгілі болмасын, қалың киім алып баруды ұмытпаған жөн. Жалпы Үлкен Алматы көліне келіп, табиғатпен үндестігін сезінген жан мұнда әлі сан мәрте айналып келері анық.

Әнші бархан

Ия, дәл солай! Құмдар да ән салады. Табиғаттың мұндай таңғажайып көрінісін Алматы облысының Кербұлақ ауданынан көре аласың. Мұндағы Іле өзенінің аңғарын бойлай орналасқан Қалқан тауларының етегінде құмды төбелер бар. Биіктігі 150 метрге, ал ұзындығы 8 шақырымға созылған бұл құм үйіндісі «Әнші бархан» деген атауға ие болған.

Бұл өлкедегі үздіксіз соғатын желдің әсерінен үнемі қозғалыста болатын құмдар сызылтып салған әнге ұқсас дыбыс шығарады. Жел екпіні күшейген тұста ерекше ырғақты әуенді естисің. Сондай-ақ, адам аяқ басып жүрген кезде де төмен қарай сырғыған құмдар әуезді үнге басады. Жыл сайын барханды қызықтауға еліміз бен қатар, алыс-жақын шетелден мыңдаған туристер келеді. Бүгінде «Әнші құм» мемлекет қамқорлығына алынған табиғат ескерткішіне айналған.

Қайынды көл

Аңыз-ертегілерде суреттелетін сұлулықты жұмбаққа толы осы бір мекеннен көруге болады. Мұндағы кіршіксіз табиғат мөлдірлігін сөзбен жеткізуге болмас. Қайыңды - Алматыдан шығысқа қарай 280 км қашықтықта, Алатаудың орманды алқаптарында осыдан бір ғасыр бұрын көшкін нәтижесінде пайда болған көл. Қайыңдының өзге көлдерден басты айырмашылығы - мұнда су ішінен бой көтерген шырша діңгектерін көресің.

Бұл көрініс көз алдыңа суға батқан кемелерді елестетеді. Айналасы қайың мен қарағайға толы болғандықтан көл Қайыңды аталып кеткен. Мұндағы судың температурасы төмен болуына қарамастан келушілердің көбі дайвингпен, яғни судың астында жүзумен айналысады.

Алматы маңында мұндай ғажайып мекендердің барын бірі білсе, бірі біле бермейді.Таяқ тастам жерде тұрса да, кейде бардың қадірін білмей шетел асып саяхаттап жатамыз. Тылсым табиғаттың кереметін тереңнен сезінген бабаларымыз «Жер жәннаты – Жетісу» деп текке айтпаса керек.

Жазира Берғалиева
Бөлісу: