Қаллеки театры ансамбльмен толықты

21 Маусым 2021, 17:30 5742

Бірнеше аспапта ойнай алатын өнерпаздардан құралған топ

Кез-келген ұлттың мәдениеті мен тарихынан сыр шертетін бір тылсым болса, ол - музыкалық аспабы. Көңілдің қылын шертетін де, сиқырлы сезімдерді сездіртетін де – музыка. Көнеден келе жатқан дүние. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келген қазақтың музыкалық аспаптары талайды таңқалдырары рас. Олардың үні әр алуан, сазы дархан даланы тербеп тұрғандай. Халқымыздың бай мәдениетін көруге болады. Көптеген ұлт аспап заманға икемделіп, эстрадаға бейімделді. Оркестрлерде де қолданылып жүр. Ұлттық өнерді дәріптеп жүрген елордалық халық аспаптар ансамблі туралы баяндамақпыз.


Биыл Тәуелсіздіктің отыз жылдығы қарсаңында елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік Академиялық қазақ музыкалық-драма театрында қазақ халық аспаптар ансамблі құрылды. Оның көркемдік жетекшісі әрі дирижері – Маралжан Мырзақұлова. Нұрғиса Тілендиев, Шамон Қажғалиев, Боздақ Рзаханов атындағы I Республикалық және Халықаралық дирижерлер конкурстарының лауреаты.

– Бала кезімнен өнерге жақын болып өстім. Мен 1982-1987 жылдары бұрынғы Целиноград қаласында 2-ші балалар музыкалық мектебінде «Домбыра» сыныбында оқыдым. Оқытушым Күләш Керейбаева домбырамен қоса, мандолина, прима, шертер, бас домбыра, шаңқобыз сынды бірнеше музыкалық аспапта ойнауды үйретті. 1992 жылы Ақмоладағы музыкалық училищеде «Домбыра» бойынша Айсұлу Бекмағамбетовада білім алдым. Оған қоса, маған дирижерлік өнерді танымал композитор әрі дирижер Мұхаметқали Тінәлин үйретті. Ал 1996 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына «Домбыра» бойынша профессор Білял Ысқақовтың, «Дирижер» бойынша профессор Анвар Нүсіппаевтың сыныбында оқыдым. 2001 жылы елордадағы осы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік Академиялық қазақ музыкалық-драма театрына жұмысқа орналастым. Мінеки, өнер саласында жүргеніме биыл жиырма жылдан асты, - дейді дирижер.


Бұл киелі шаңырақ 1991 жылы қарашаның 15-і күні Ғабит Мүсіреповтың «Ақан Сері-Ақтоқты» трагедиясымен өз шымылдығын ашқан еді. Бірінші спектакльді театрдың негізін қалаушы әрі дарынды режиссер Жақып Омаров сахналаған болатын. Белгілі режиссер Жақып Омаров тізгінін ұстаған қаллекиліктер сол уақытта орыстан өлкені қазақыландыруға, ұлттық рухты оятуға үлес қосты. Үрдіс әлі де жалғасып келеді.

– Театрымызға биыл тура отыз жыл болады. Ал соңғы жиырма жылда мұнда фольклорлық топ мүлдем болмаған. Сондықтан бұл баршамыз үшін тарихи оқиға деуге болады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық өнерімізді қолдап, оның әлемдік аренаға шығуына көптеген жағдай жасап жатыр. Сөзімізге театрымыздың жаңадан бой көтерген ғимараты, оның ішінде құрылған осындай ұлттық колориттегі ансамбль дәлел бола алады. Бұл театр ашылғалы бері біраз спектакль мен концерт өткізілді. Алдағы уақытта да театр өз көрермендерін тамаша туындылармен қуанта берері сөзсіз, - дейді Маралжан Мырзақұлова.


Қазіргі таңда халықтың рухани қажеттілігін байытуға өз үлесін қосып келе жатқан киелі шаңыраққа кезінде дарынды қайраткер Қадыр Жетпісбаев пен Халық артисі Әзірбайжан Мәмбетов жетекшілік еткен болатын.

Көптен күткен Халық аспаптар ансамблінің тұсаукесер концерті жақында театрдың қара шаңырағында аталып өтті.

– Бұл шараны біз асыға күткен болатынбыз. Қаллеки театрының фольклорлық ансамблінің құрылуы біз үшін үлкен мереке болды. Әлбетте, тұсаукесер концертіне дейін біраз дайындалдық. Репертуарымызға көрермендерге ерекше әсер сыйлайтын күйлерді өзге де шығармаларды таңдадық әрі оларды барынша нақышына келтіріп орындауға тырыстық. Бұл еңбегіміз халықтың көңілінен шықты деуге болады. Өйткені тұсаукесер концертіне біраз адам жиналды. Зал іші көрерменге лық толы болды. Тіпті ине шаншар орын болмады. Мұнда келген қонақтар тарапынан  құттықтау сөздер айтылды әлі күнге дейін жақсы сөздер айтылып та жатыр. Ал, біз яғни шығармашылық ұжым өте қуаныштымыз. Алдағы уақытта да осындай концерттерді жиі өткізіп тұру жоспарымызда. Сондай-ақ театр актерлерімен бірге түрлі спектакльдерге қатысу ойымызда бар, - дейді Маралжан Мырзақұлова.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісінің айтуынша, фольклорлық топ қысқа уақыт ішінде жоғары кәсіби команда болып қалыптасты. Мұнда барлығы 18 музыкант бар. Бір айта кетерлігі, ансамбль тек жастардан құралған.


– Ансамбльге өнерпаздар қатаң іріктеу бойынша таңдалды. Бастысы тек талантты әрі өнерлі ғана емес, сонымен қоса, бірнеше аспапты игерген музыканттар іріктеліп, алынды. Олардың көбісі – елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетін тәмамдағандар. Сондай-ақ олардың арасында республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары атанғандары да бар.

Ерекше атап өтерлігі, дайындық барысында шығармашылық ұжымның музыкаға деген ерекше сезімін, кәсіби шеберлігін және өз жұмысына деген үлкен сүйіспеншілігін байқауға болады.

– Ансамбль музыканттарының барлығы да кіл мықтылар. Олар домбыра, қобыз, шаңқобыз, жетіген, сазсырнай, сыбызғы сынды өзге де аспаптарда ойнайды. Яғни ілгеріде айтқанымдай олар бір емес, бірнеше аспапта ойнауға машықтанған, - дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі.

Бесаспап өнерпаздың бірі – Жетпіс Нұрмағанбетов. Ол топтың концертмейстрі әрі домбырашысы. Жас болса да, дарынды өнер иесі республикалық, халықаралық көптеген сайыстардың лауреаты атанып үлгерді. Ал Бекзада Самиғолла болса, ансамбльде жетіген аспабында ойнайды. Сондай-ақ талантты қыз қобыз аспабында да ойнауды жетік меңгерген.

Шығармашылық ұжым танымал халық әндері мен күйлерін заманауи бағытта орындайды. Ансамбль өнерсүйер қауымға Құрманғазы, Жаяу Мұса, Төлеген Мөмбеков, Қаршыға Ахмедияров, Мұхаметқали Тінәлин, Рүстем Күлшебаев және т.б. қазақстандық және шетел композиторларының шығармаларын ұсынады.


Иә, қазақ халық аспаптар ансамблінің репертуары алуан түрлі болып келеді. Бір ерекше атап өтерлігі топта орындаушылық стиль қалыптасқан. Шығармашылық ұжым репертуарды әрдайым толықтыра отырып, әнсүйер қауымға қазақ және әлем музыкасының шедеврлерін ұсынуға тырысады.

– Халық күйлері мен әндерін және осы ансамбльге арнайы жазылған шығармалардың аранжировкасын орындаймыз. Бастысы күрделі шығармалар мен сирек дыбысталатын музыкаларға, қазіргі заманғы авторлардың шығармалары мен композицияларына көп көңіл бөлеміз. Біздің ұжымның шығармашылық кредосы – қазақ халық музыкасына деген шынайы сүйіспеншілікті көрсету, сақтап қалу және фольклорлық күйлер мен әндердің дыбыстарын көпшілік арасында кеңінен насихаттау, - дейді Маралжан Мырзақұлова.


Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Маралжан Мырзақұлованың айтуынша күніне топпен дайындыққа төрт-бес сағат жұмсайды. Оған қоса, әр музыкант жеке-жеке шамамен жеті-сегіз сағаттай дайындалады. Бастысы «жұмыс өнімді болуы үшін тәртіп болуы қажет. Ол дайындыққа уақытында келуден басталады» дейді Маралжан Мырзақұлова.

– Музыка – менің өмірім. Сахнада өнер көрсеткен кезде дайындықта болған барлық қиындықты ұмытамын. Көрермендердің алдына шыққан уақытта ерекше сезімде боламын әрі концерттен соң үлкен әсер және көп энергия алып, одан сайын шабыттанып қайтамын. Жалпы кез-келген концертті асыға күтемін, - деп сөзін түйіндеді қазақ халық аспаптар ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Маралжан Мырзақұлова.


Көптеген сахнада қазақ музыкасын шырқайтын халық аспаптар ансамблінің қоржынында қазіргі таңда елу шақты туынды бар. Музыкалық аспаптармен сүйемелдейтін ансамбльдер бар да, халқымыздың рухани мұрасы дами бермек.

 

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: