30 Маусым 2014, 11:15
Мiне, сенiң айтпақ пiкiрiң де осындай қалыпты түсiнiктiң «басын жарып, көзiн шығарардай сипатта». Ол жаңалығың «Түркiлiк қасқыр тотемi мен жебiрей жалғыз құдайының түбi бiр» деген тұжырыммен түйiнделедi. Иә, мұндай жаңалығыңа сарабдал, салиқалы пiкiрлер естiмек түгiлi, өз жеке басың мен есiңнiң дұрыс-бұрыстығы нәгүман болары анық. Жұрт сенi бiр ауыз сөзбен «ауыш» деп атайтын болады. Бәлкiм, күлетiн де болар. Мейлi, күле берсiн. Ал сен өз жаңалығыңның ақиқат екендiгiне кәмiл сенесiң. Сенбегенде!..
Түркi халқы өзiн Қасқыр-анадан таратады. Бiрақ ол оны ешқашан, Құдай яки, Тәңiрi дәрежесiне көтермеген-дi. Түркiлер өзiнiң қаншық қасқыр мен шалажансар баланың некесiнен тарағандығын, бар болғандығы, құдiретi шексiз Жаратқанның бiр кереметi деп қана түсiнетiн.
Көне Мысыр сенiмдерi мен кейiнгi үндi-иран және семит дiндерiнiң бастауында тұрған әрi жер бетiндегi ең алғашқы монотеистiк дiн саналуға тиiс тәңiршiлдiк неге қасқыр тотемiнiң тасасында қалып қоймады? Түркiде неге алдымен Тәңiрi, содан кейiн ғана барып қасқыр ауызға алынып келдi? Бұл сауалдарға тәңiршiлдiктiң тамыры тереңде жатқан сан мың жылдық терең тарихы барлығымен ғана жауап беруге болады. Рас, арамызда Тәңiрi мен тотемдi өзара шатастырып, бағзы түркi бiткендi пұтқа табынушы қылып шығарғысы келетiндер де бар. Бабаларын ақымақ санау, аңыз өзегiнен ақиқат болмысын тани алмау бiлiмсiз ұрпақты осылай адастырады. Мәселе мұндай жалған пiрәдарлардың қасқыр мифi мен тотемi қай кез, қандай уақыттар аралығында пайда болғандығын бiлмейтiндiктерiнде. Әрине, бiлмеген у iшедi. Бiздiңше, қасқыр мифi көшпелiлер Тәңiрiсi Қосөзен аралығы мен қасиеттi Нiл жағалауында көне Мысыр мен байырғы семит халықтарының көзiн ашқаннан көп кейiн, жебiрейдiң жалғыз құдайымен (Иегова) бiр мезгiлде, иә-иә, дәл бiр мезгiлде дүниеге келген-дi. Мұнымыз құр жалаң қызыл сөз болмас үшiн, осы арада ендi түркi қасқыр мифiнiң өзiн бiршама сөйлетiп алайық.
Көнеден жеткен аңыз бойынша көршiлес жау тайпа бiр ұлыс елдi тұтқиылдан шауып, қырып тастапты-мыс. Қырғынға ұшырап, қынадай қырылған елден еркек кiндiктiде жалғыз ғана ұл қалған көрiнедi. Құдайдың кереметiмен, сол ұлды қаншық қасқыр тауып алып, асырап, жетiлдiредi. Кейiнiрек, бала ержеткенде, екеуiнiң өзара жақындасуынан сайдың тасындай он бала дүниеге келедi. Сол балалардың бiрi Ашина Түркi, яғни, Қасқыр түркi атанып, бүгiнгi түркi халықтарының негiзiн қалапты. Аңыз түбiрiнде қандай нақты тарихи оқиға жатқандығын бүгiнгi күнi, арада жатқан ондаған ғасырлардан кейiн тап басып айту қиынның қиыны-ақ. Дегенмен әрекеттенiп көруге болады. Ол үшiн өзiмiзге белгiлi аңызды төрт тарау немесе үзiкке бөлiп қарастырған қолайлы. Бiрiншi үзiгi – қырғынға ұшыраған халық. Екiншi үзiк – баланы асырап алған қаншық қасқыр. Үшiншi үзiк – қаншық қасқыр мен кейiн ержеткен баланың некесiнен дүниеге келген нәрестелер болса, төртiншiсi – сол нәрестелердiң бiрiнен тараған ашина түркiлерi. Бүгiнгi адам ой-қиялы бiз тараушаларға бөлген аңыздың алғашқы және соңғы үзiктерiн ғана шындық ретiнде қабылдай алады. Ал екiншi, үшiншi үзiктер нақты ғылымдар тарапынан қатал сынға ұшырамақ. «Жарайды, жалғыз қалған баланы қаншық қасқыр асырап-ақ алсын, өмiрде мұндай оқиғалар бар, бiрақ адам баласы мен ұрғашы қасқырдың жақындасуы, дүниеге ұрпақ әкелуi, бұл дегенiң ендi...» дейдi олар. Яғни, аңыздың тууына түрткi болған тарихи оқиға (ал мұндай оқиғаның болғандығына шәк келтiруге болмайды) келе-келе оны баяндаушы жандардың ақындық қиялы құдiретiмен адам танығысыздай метаморфозаға ұшыраған. Яки, тұспалды немесе астарлы аллегорияға айналған. Бәлкiм, аңыздың өзi де бiзге белгiлi бүгiнгi нұсқасында, негiзiнде жатқан нақты оқиға жер бетiнде көрiнiс берiп, дүбiрлетiп өткен мезгiлдерден ондаған ғасырлардан кейiн пайда болған болар? Бұлай болуы да әбден мүмкiн ғой. Мысалы, Күнге жетем деп мерт болған Фаэтон апаты немесе Троя қырғынының бiрi ғарышта, ендi бiрi жер бетiнде болған тарихи оқиғалардың ақындық қиялмен әспеттелiп, әрленген жаңғырықтары екендiгiн бүгiнгi ғылым нақпа-нақ дәлелдеп берiп отырған жоқ па? Бiрақ Фаэтон күннiң қызуына шыдамай күл-талқаны шыққан немесе тоғыз жыл берiспеген Троя бiр түнде отқа оранған мезгiлде зағип Гомер мен қияли Овидийлердiң де ол оқиғалардың маңында болмақ түгiлi мына жарық дүниеге әлi келмегендiктерi белгiлi емес пе! Олай болса, қиялмен көмкерiлген қасқыр мифiнiң астарында да мына өмiрде расымен-ақ болған оқиға жатыр деп болжам жасауға әбден қақымыз бар.
Иә, сыры тереңде жатқан аңыз құпиясын ашу үшiн өзiмiз шындыққа жанасады деп тапқан бiрiншi және төртiншi үзiкке баса салмақ салғанымыз жөн. Мiне, түйсiкке осы арада бiрiншi үзiктегi шапқыншы жау орнында алғашқы, байырғы нұсқада «дүлей табиғи апат болған болса ше?» деген ой келедi.
Анығын айту керек, уақыт өте келе табиғи апаттың зардабы ұмытылып, жаугершiлiк рухта тәрбиеленген, өзi де найза-қалқан асынып ат үстiнде өмiр өткiзуi мүмкiн дала ақыны қырғын себебiн бүгiн болмаса, ертең қылыш түйiстiретiн көршiлерiне аударып жiберген болуы әбден-ақ қисынды жайт. Мұндай патриотизмi үшiн дала ақынын ешкiм де кiнәлай алмайды. Миф астарына үңiле қарасақ, мiне, осындай да сарынның бар екендiгiн аңғарар едiк. Сосын көнеден жеткен қасқыр мифi нұсқаларының бiрiнде тұтқиылдан шабуыл жасаған көршiлес тайпа туралы бiр ауыз сөз айтылмайтындығын да ұмытпаған жөн. Тек жосадай қырылған халық қана бар. Бәлкiм, бiздi аңыз аясынан шындықты тануға бастайтын жол осы болар?
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»