«Алла әр пендеге өзіне лайық сынақ берген». Қарақат Әбілдинаның жазбасы ойландырып қойды

28 Қаңтар, 17:13 27170

Танымал отандық әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желіде жазба жариялап, көпшілікке ой тастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алла Тағала әр пендеге өзіне лайық сынақ берген. Өздеріне жетерлік ризық, берекет, үлес берген.

Адамның бұл дүниеде өзін бақытсыз санауы - сол берілген үлеске риза болмауынан.

Мысалы, бір адамға әсем дауыс беріп, сол арқылы жұлдызы жанып, елдің атақты әншісі болады. Енді біреу ілімге құштар болып, әйгілі ғұлама болады. Біреуіне байлық берілсе, біреуіне кедейлік беріледі. Біреуге денсаулық берілсе, біреуге науқас, кембағалдық беріледі.

Барлық спортшы өз саласында чемпион болуға тырысады. Біреу шахмат арқылы, енді бірі күрес арқылы чемпион болады. Елге оралғанда сол әртүрлі саладағы чемпиондарды қатар марапаттайды. Шахматшы «мен неге балуан секілді күшті емеспін» демейді. Сол сияқты әркім өзіне берілген үлес арқылы өмірдің додасына түседі, - дейді әнші.

Өнр иесі әр адам өзіне берілген несібиге тәубе ету керектігін еске салды. Дегенмен кедеймін деп қол қусырып қарап отырмау керектігін де алға тартты. 

Біреу кедейлігі арқылы, енді біреу байлығы арқылы аламан бәйгеге түседі. Алайда осы кезде біреу өзіне берілгенге разы болмай, өзгенікіне жармасса, зиянға ұшырайды.

Кедей болып жүріп байып, соның салдарынан бүкіл туыс пен жақындарынан безіп, асқақтап, ақырында ісі сотты болып, түс көргендей қайта оянып, істеген ісіне пұшайман болып жүргендер қаншама десеңізші!..

Әрине, бұл жерде адам кедей болса, «кедей екенмін» деп қол қусырып қарап отыруы дұрыс емес. Қолындағы кетпені, тоқпағымен Хақ Тағаланың қақпасын ұрып дұға ету басқа бір мәселе

Біз бұл жерде Хақ Тағаланың ризығы пен пенделерге берілген пайы арқылы сынақты айтып отырмыз. Сондықтан да Бақара сүресінде айтылғандай: «Раббым! Бізге шамамыз келмейтін жүкті артпа!» деп дұға еткен абзал» деген ойды желіде бір сайтта оқып, өзіме өте көп ой түйдім, бөліскім келді. Барымызды бағалап барып, бұдан да жақсыға ұмтылған жақсы шығар, - деп жазды ол.

Жансая Әділбек
Бөлісу: