Көркем гимнастикадан Қазақстанның ең танымал тұлғаларының бірі Әлия Юсупова ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кеткенін жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Екі бірдей Олимпиада ойындарының қатысушысы болған ол, 2012 жылдан бастап Қазақстан құрамасын басқарып, отандық көркем гимнастиканы жаңа деңгейге шығарды. Оның жетекшілігімен қазақстандық гимнасттар халықаралық ареналарда табыстарға жетіп, құрлықтық чемпионаттарда, Азия ойындарында және әлемдік турнирлерде медальдар жеңіп алды. Әлия Юсупованың айтуынша, бұл шешім Қазақстан гимнастика федерациясындағы жұмысына толығымен көңіл бөлгісі келгенімен байланысты.
2009 жылы спорттық мансабымды аяқтаған соң, өзімді бапкерлік қызметте сынап көргім келді. Мен өзім дайындаған гимнастты Олимпиадаға шығарып, сол ойындарға бапкер ретінде қатысуды мақсат еттім. 2012 жылы маған осындай мүмкіндік беріліп, Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне кірістім. Үш Олимпиада да біз жақсы нәтижелер көрсете алдық. Үш рет гимнасттарды Олимпиадаға дайындағаныма өте қуаныштымын. Мұндай жауапты қызметте маған сенім артқаны үшін елге, басшылыққа алғысымды білдіремін. 2025 жылдың қаңтарынан бастап бас бапкер қызметінен кетемін, өйткені федерациядағы жұмысқа толықтай көңіл бөлгім келеді. Осылайша, басқа бапкерлерге өздерін көрсетуге мүмкіндік беруді жөн көрдім. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Әлия Юсупова.
Айта кетейік, Әлия Юсупова – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері және еңбек сіңірген бапкері. Ол екі рет Олимпиада ойындарында өнер көрсетті. 2004 жылы Афинада Юсупова жүлдеден бір қадам қалыс қалған болса, 2008 жылы Бейжіңде бесінші нәтиже көрсетті. Оның басшылығымен үш спортшы Олимпиада ойындарына жолдама алды. 2016 жылы Сабина Әшірбаева, 2020 жылы Әлина Әділханова, ал 2024 жылы Эльжана Таниева Олимпиадада өнер көрсетті.
Көркем гимнастикадан Қазақстан спортшылары Азия чемпионаттарында, Азия ойындарында және Әлем кубогы мен Гран-при кезеңдері секілді беделді әлемдік турнирлерде жүлделі орындарға ие болды. Әлия Юсупова «Ерен еңбегі үшін», «Әлемдік деңгейдегі гимнаст» медальдарымен және «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.