Алимент төлемеген атыраулық азамат абақтыға қамалды

2 Желтоқсан 2023, 06:48 1047

Атырау облысында алиментін төлемеген ер адам әкімшілік қамауға алынды. Борышкер әке үш баласына 2 млн теңгеден астам алиментін төлемей жүрген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Үш баласына 2 млн 75 мың теңге алиментін төлемей жүрген борышкер әке Махамбет ауданында тұрады.

Оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс аудандық сотта қаралды.

«Махамбет аудандық сотының 2022 жылғы 18 наурыздағы бұйрығына сәйкес, борышкер Б.А-дан кәмелетке толмаған үш баласын асырап-бағу үшін айлық табысының және өзге де кірісінің тең жартысы мөлшерінде алимент өндірілген. Алайда, Б.А. сот бұйрығын орындамай, алимент төлемеген. Оның алимент берешегі — 2 млн 75 мың 862 теңге. Осыған байланысты Б.А-ға қатысты Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 669-бабының 1-бөлігімен әкімшілік іс қаралды», -деп хабарлады аудандық соттан.

Аудандық соттың отырысында борышкер әке Б.А. өз кінәсін толық мойындаған.

Сот қаулысымен Б.А. айып тағылған баппен кінәлі деп танылып, 3 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Перизат Саденова
Бөлісу: