Әлихан Смайылов Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы I өңіраралық ынтымақтастық форумға қатысты

23 Қыркүйек 2023, 14:51 724

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Таразда өтіп жатқан Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы I өңіраралық ынтымақтастық форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бизнес өкілдері екі күн бойы іскерлік әріптестіктің практикалық мәселелерін, ал өңірлер – экономикалық және әлеуметтік дамудың, агроөнеркәсіптік кооперацияның және су-энергетикалық ынтымақтастықтың өзекті тақырыптарын талқылайды. Соңғы жылдары өзара сауда тұрақты түрде өсу қарқынын көрсетіп келеді

2021 жылдың өзінде-ақ тауар айналымын $1 млрд-қа көтеру мақсатына қол жеткізілді, ал 2022 жылдың қорытындысына сәйкес бұл көрсеткіш тағы 19%-ға артқан.

Бүгінгі таңда алдымызда бұдан да ауқымды мақсат – сауда көлемін $2 млрд-қа жеткізу тұр. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. Біз оларды белсенді түрде пайдалануымыз қажет», - деді Әлихан Смайылов.

Бұл ретте екі ел арасында тиімді инвестициялық өзара іс-қимыл жолға қойылған. 2005 жылдан бері қазақстандық компаниялар Қырғызстан экономикасына шамамен $1,3 млрд инвестиция салды.

Қазақстанда 3,5 мың бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді, өткен жылдан бері олардың қатарына 200-ге жуық жаңа компания қосылды. Біздің инвестициялық ынтымақтастығымыздың мүмкіндіктері әлдеқайда кең екені сөзсіз және біз бірлескен жобаларды одан әрі жүзеге асыруға мүдделіміз», — деді Премьер-Министр.

Өзінің кіріспе сөзінде Қырғызстан Министрлер Кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров Қазақстан мен Қырғызстанды көп ғасырлық берік достық пен бауырластық, ортақ тарих, мәдениет және рухани құндылықтарға негізделген тату көршілік қатынастар байланыстыратынын атап өтті.

Форум өзара тиімді жаңа жобалар мен бастамалармен ерекшеленіп, экономикалық, сауда және инвестициялық байланыстарды нығайтуға, елдеріміздің өңірлері арасындағы іскерлік және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге серпін беретініне сенімдімін», - деді ол.

Келесі кезекте екі елдің Үкімет басшылары Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің 11-ші отырысы хаттамасына, ал Шымкент және Ош қалалары, Ақтөбе және Жалал-Абад облыстары арасында бауырластық байланыстар орнату туралы меморандумдарға қол қойды.

Сонымен қатар форумның екі күнінің қорытындысына сәйкес құс етін, медициналық және кондитерлік өнімдерді, кешенді микротыңайтқыштарды, аммофосты, натрий цианидін, әктас пен тақтатастарды жеткізуді, сауда және делдалдық қызметтер көрсетуді, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп пен банк саласындағы бастамаларды іске асыруды көздейтін $65 млн-нан астам сома көлеміндегі бірқатар коммерциялық құжаттарға қол қойылды.

Асқар Таудай
Бөлісу: