Әлихан Смайылов Қатар премьер-министрімен келіссөздер жүргізді

23 Мамыр 2023, 17:28 725

Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов Дохада өтіп жатқан үшінші Қатар экономикалық форумы аясында Қатар премьер-министрі – сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бин Абдурахман Әл Тәнимен келіссөздер жүргізді, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, сауда, агроөнеркәсіптік кешен, инвестиция тарту және азаматтық авиация салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту перспективалары қаралды.

Әлихан Смайылов соңғы жылдары Қазақстан мен Қатардың екіжақты қарым-қатынастары орнықты дамып келе жатқанын, бұған екі мемлекет көшбасшыларының белсенді байланыстары ықпал еткенін атап өтті.

Астана екіжақты және көпжақты форматта Дохамен өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін сақтауға әрі нығайтуға ниетті, – деді премьер-министр.

Ол Қазақстан экономикасы үшін агроөнеркәсіптік кешен стратегиялық салалардың бірі болып табылатынын және оның әлеуеті жоғары екенін баса айтты.

Қазіргі уақытта ет және ет өнімдерін, сондай-ақ жалпы азық-түлік тауарларын шығаратын қазақстандық компаниялардың көп бөлігі өз өнімдерін Қатар нарығына экспорттауға мүдделі болып отыр. Осыған байланысты мен біздің елдеріміз арасында Халал сертификаттарын келісу рәсімдерін жеделдету орынды деп санаймын, – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар ол қазақстандықтар мен қатарлықтардың екі бағыттағы туристік сапарларға деген қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті. Тарата айтқанда, бұған Qatar Airways әуекомпаниясының Алматыға тікелей рейстерінің көбеюі ықпал етті. Өз кезегінде, қазақстандық Fly Arystan компаниясы да осы жылдың соңына дейін Астанадан Дохаға тұрақты рейстерді бастауды жоспарлап отыр.

Өз тарапынан шейх Мұхаммед бин Абдурахман Әл Тәни екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша өзара тиімді іс-қимылды нығайтуға дайын екендігін білдірді.

EL.KZ
Бөлісу: