Әлихан Смайылов Қарағандыда зардап шеккен кеншілердің отбасы мүшелерімен кездесті

19 Тамыз 2023, 13:55 1320

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Қазақстан» шахтасында апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің отбасы мүшелерімен кездесіп, ауруханада жатқан зардап шеккен кеншілерге барды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Кездесу барысында Үкімет басшысы қаза тапқан кеншілер отбасыларының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты.

Сіздердің орны толмас қайғыларыңызға ортақпыз, - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шахтадағы апаттың себептерін егжей-тегжейлі зерттейтін арнайы комиссия құрылғанын атап өтті.

Жауапты тұлғалардың барлығы тиісті түрде жазаланады. Өткен жылы да осындай жағдай болған. Ол кезде басшылық барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген еді. Бірақ, көріп отырғанымыздай, қайғылы оқиға қайталанып отыр, қажетті көлемде қаражат бөлінбеуде. Сондықтан қазір бұл компанияның иесі бойынша қандай шара қабылданады деген сұрақ қойылды. Өткен қайғылы оқиғалар бойынша тергеу жұмыстары аяқталу үстінде. Қыркүйек айында материалдар сотқа жіберіліп, кінәлілер, оның ішінде компанияның топ-менеджменті жауапқа тартылады деп күтілуде. Мұның соңына жететініміз анық, - деді Премьер-Министр.

Кездесу барысында қаза тапқандардың барлығының отбасына мемлекет пен жұмыс беруші қажетті қолдау көрсететіні атап өтілді.

Атап айтқанда, республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем қарастырылған.

Сонымен қатар қаза тапқандардың отбасына жұмыс беруші кеншілердің жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшерінде моральдық зиян үшін біржолғы өтемақы төлеп, сондай-ақ жерлеу және еске алу шараларын өткізу шығындарын өтейтін болады.

Тұрғын үй болмаған жағдайда Қарағанды облысында пәтер беріледі, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орнында тегін оқыту қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар компания отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру және ипотекалық несиелерді өтеу бойынша шаралар қабылдайды.

Осы міндеттемелердің барлығын орындау «АрселорМиттал Теміртау» АҚ меншік иесі ауысқан жағдайда да жалғасатыны белгіленді.

Премьер-Министр атап өткендей, қазіргі уақытта «АрселорМиттал Теміртауда» халықаралық компанияларды тарта отырып, экологиялық аудит және өнеркәсіптік қауіпсіздік аудиті аяқталуда. Олар қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде, нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданады.

Кездесу барысында кеншілер үшін зейнеткерлік жасты төмендету мәселесі көтерілді.

Әлихан Смайылов қазіргі уақытта шахтерлерге ертерек – 55 жастан бастап зейнетке шығуға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты.

Асқар Таудай
Бөлісу: