Әлихан Смайылов орта бизнес өкілдерімен кездеседі

4 Тамыз 2023, 16:46 1219

Үкімет үйінде премьер-министр Әлихан Смайыловтың орта бизнес өкілдерімен кезекті кездесуі өтті, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жолы кездесуге Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау өңірлерінің кәсіпкерлері қатысты.

Кәсіпкерлерді қолдау және ынталандыру мақсатында Үкімет инфрақұрылымды дамыту, жеңілдетілген қаржы бөлу және отандық өндірушілер салықтық жеңілдіктер, субсидиялар және басқа да қолдау түрлерін ала алатын офтейк-келісімшарттар жасау бойынша шаралар қабылдайды.

Кездесу барысында орта бизнес өкілдері өз қызметтері жайлы тоқталып, бірқатар түйткілді мәселені көтерді.

Сонымен қатар:

жеңілдетілген несиелендіру мен субсидиялау,

мал азығын дайындау,

жол құрылысы,

көтерме сауда-тарату орталықтары мен көкөніс қоймаларына қатысты мәселелер талқыланды.

Бұдан басқа, Алакөл және Балқаш көлінің демалыс аймақтарын дамыту барысы жан-жақты талқыланды.

Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарының орта бизнесті дамыту әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті.

Жалпы соңғы үш жылда аталған өңірлерде 17 мыңнан астам жоба түрлі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды.

Кәсіпкерліктің даму қарқыны жақсы. Экономикадағы ШОБ үлесі 36,5%-ға дейін, осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 18%-ға өсті. Бизнестің нақты проблемаларын шешу арқылы бұл трендті сақтап қалу керек, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы қазіргі уақытта республикада бизнеске қойылатын артық реттеу талаптары қысқартылып, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды автоматтандыру жүргізіліп жатқанын, бұл келесі жылдан бастап тәуекелдерді басқару жүйелері негізінде арнайы маманның қатысуынсыз тексеру тағайындауға мүмкіндік беретінін айтты. Бұл тексерулер санын азайтып, олардың тиімділігін арттырады.

Премьер-министр уәкілетті мемлекеттік органдарға кәсіпкерлердің ұсыныстарын мұқият зерделеуді және кездесу барысында көтерілген проблемалық мәселелерді шешуді пысықтауды тапсырды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: