Әлихан Смайылов бюджет жүйесін дамыту бойынша міндеттер қойды

19 Қаңтар 2023, 19:21 1263

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде бюджеттік жоспарлау, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру, сондай-ақ қаржы саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ведомство басшысы Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, күрделі сыртқы экономикалық ахуалға қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 3,1%-ға өсті. Негізгі көрсеткіштерде оң динамика байқалды. 

Мәселен, мемлекеттік бюджеттің кірістері 4,4%-ға (15,7 трлн теңге) асыра орындалды, бұл халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді толығымен орындауға және барлық салалардағы даму бағдарламаларын қаржыландыруға мүмкіндік беріп отыр. Мемлекеттік бюджет шығыстары 98%-ға орындалды.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында  675 объектінің 367-сі (жалпы сату құны – 308 млрд теңге) бәсекелестік ортаға берілді, қалғандары сауда-саттық cатысында, сату алдындағы дайындықта немесе қайта ұйымдастырылды. Осы жұмыстың нәтижесінде мемлекеттің  экономикадағы үлесі 2025 жылға қарай 14%-ға дейін төмендеуі тиіс.

ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенаты депутаттарының, салалық ұйымдардың қатысуымен өткен отырыста қаржы вице-министрлері мен ҚР Мемлекеттік қаржы жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы сөз сөйледі.

Премьер-Министр Қаржы министрлігінің басымдықтары бюджет кірістерін ұлғайту және оның әділ бөлінуі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау екенін атап өтті. Осы орайда, Үкімет басшысының айтуынша, салық төлеушілер мен салық органдары арасындағы қарым-қатынастарды цифрландыруды кеңінен енгізе отырып, оны сервистік модель негізінде құру қажет.

«Салық және кеден жүйелерін интеграциялауды толықтай жүзеге асыру қажет. Бизнес-қоғамдастық өкілдері “бір терезе” қағидаты бойынша кедендік бақылауды енгізудің оң әсерін нақты іс жүзінде сезінуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-Министр жаңа Салық кодексін әзірлеу аясында салықтық және кедендік әкімшілендіруді кешенді жаңартуды «Атамекен» ҰКП және сарапшылармен тығыз ынтымақтастықта жүргізу қажет екенін айтты.

Әлихан Смайылов тағы бір маңызды міндет бюджет жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру екенін атап көрсетті. Оның ішінде, мемлекеттік жоспарлауды нақты бюджет шығыстарымен байланыстыруды қамтамасыз ете отырып, өнімсіз шығындарды қысқарту үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржылық тәртібін күшейту керек.

Осы орайда, Үкімет басшысының айтуынша, министрліктер мен әкімдіктердің бірінші басшыларына дербестік беріп, барынша әлеуметтік-экономикалық нәтиже алу мақсатында олардың жауапкершілігін арттыру керек.

«Негізгі міндет – “бюджет қаражатын басқарудан” “нәтижелерді басқаруға” көшу. Бюджет шығыстарының тиімділігі мен экономикалық пайдасын, оның ішінде автоматтандыру және цифрландыру есебінен арттыру қажет. Мұның бәрін жаңа Бюджет кодексі аясында қарастыру қажет», —  деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-Министр бюджет процесінің маңызды құрамдас бөлігі шығындарды оңтайландыру екенін атап өтті. Мәселен, 2019-2022 жылдары республикалық бюджет шығыстарын 4 трлн теңгеден астам сомаға айтарлықтай оңтайландыру және қайта бағдарлау жүргізілді.

«Өнімсіз шығындарды азайтуға ерекше назар аудару керек. Бұл  – семинарлар, конференциялар, форумдар, зерттеулер жүргізу, автокөлік құралдарын, кеңсе жиһаздары мен тауарларын сатып алуға жұмасалатын шығындар», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың маңызды екенін атап өтті. Бұл бағытта жалпыға бірдей декларация тапсыруды кезең-кезеңімен және уақытылы енгізу қажет, бұл сыбайлас жемқорлықты азайтуға және бюджетке қосымша түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, қаражатты елден заңсыз шығаруға қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылдау – маңызды міндет. Әлихан Смайылов қазіргі уақытта Үкімет тиісті заң жобасын әзірлеп жатқанын атап өтті.

«Барлық рәсімдерді регламенттеу және заңсыз шығарылған капиталды қайтаруды ынталандыру бойынша нақты тетіктерді әзірлеп, оған ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою қажет. Заң наурызда ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізілуге тиіс», — деді Үкімет басшысы.

Қорытындылай келе, Премьер-Министр бюджет ақшасын экономиканың нақты секторына жеткізуді жеделдету, мемлекеттік сатып алу процесін жетілдіру, экономикадағы жеке сектордың үлесін ұлғайту және оны демонополизациялау жөніндегі жұмысты жалғастыру, сондай-ақ белгіленген мерзімде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы институтты енгізуге ұйымдастырушылық-техникалық дайындықты аяқтау қажеттігін атап өтті.

EL.KZ
Бөлісу: