Әлихан Смайылов: Бизнес ашу мен оны жүргізуге тиімді жағдай жасау керек

6 Мамыр 2023, 22:40 1046

Үкіметте шағын және орта бизнесті дамыту шаралары қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Кеңес Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өтті. Республикалық штабта 2029 жылға қарай шағын және орта бизнесте (ШОБ) жұмыспен қамтылғандар санын 4,7 млн адамға дейін жеткізу шаралары қаралды.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың баяндауынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша отандық бизнес барлық негізгі көрсеткіш бойынша оң өсу серпінін көрсетті: экономикадағы ШОБ үлесі 36%-ға (+2,5%), жұмыс істеп тұрған нысандар саны 1,8 млн-ға (+ 22%), ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны 4,1 млн адамға (+16%) жетті.

Облыстар бойынша 2022 жылдың 4 тоқсанының қорытындысына сәйкес ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны Алматы (26%), Астана (15%) қалаларында, Түркістан облысында және Шымкентте (16%), Қызылорда облысында (14%) ең жоғары өсім көрсеткен. Ал ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар санының өсуі бойынша ең төменгі көрсеткіш Павлодар (0,3%), Солтүстік Қазақстан (1%) және Қостанай (2,6%) облыстарында тіркелді.

Бизнесті мемлекеттік қаржылай қолдау құралдары аясында өткен жылы жалпы сомасы 990 млрд теңгеден асатын несиеге 24,5 мың жоба субсидияланды, ал төленген субсидиялар сомасы 181 млрд теңгеден асты. Бұдан басқа шағын және микрокәсіпкерлік нысандарына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 3 млрд теңгеден астам сомаға 834 грант берілді. 41 жобаны іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымды жүргізуге 18,3 млрд теңге бөлінді.

Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Мемлекет басшысының қалалар мен аудандарда тұратын әрбір 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырманың орындалуы туралы айтып берді. Мәселен, жыл басынан бері 86 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылған. Республика бойынша көрсеткіштің орындалуы 25%-дан асады. Ең жоғары көрсеткіштер республикалық маңызы бар қалаларда, Түркістан және Алматы облыстарында тіркеліп отыр. Қалған өңірлерде жұмыс жоспар бойынша жүріп жатыр.

Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының осы бастамасы аясында 363 мың адам жеке кәсіпкерлік нысандарында жұмыспен қамтылды. Осылайша, барлық өңірде көрсеткіш асыра орындалды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің желісі бойынша қолдаудың тағы бір шарасы – жастарға жылдық 2,5% мөлшерлемемен өтеусіз мемлекеттік грант пен шағын несие беру. Бұл мақсаттарға 41 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған, бұл 14,8 мың кәсіпкерлік нысанына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді, олардың көбі өз бизнес-идеясын жүзеге асыруға алғаш рет мүмкіндік алады.

Сонымен қатар отырыста «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков сөз сөйледі. Өңірлерде қабылданып жатқан шаралар туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов және Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндады.

Премьер-Министр Үкіметтің алдында 2025 жылға қарай экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 40%-ға дейін жеткізу міндеті тұрғанын атап өтті.

Бұл экономика дамуын тұрақты етуге және халықтың табысын арттыруға елеулі үлес қосады. Бүгінгі таңда өсу қарқыны республика бойынша 16% болса, кейбір аймақтарда көрсеткіш – тек 1-3% деңгейінде. Бұл мәселеге баса назар аудару керек. Жалпы көптеген дамыған мемлекетте экономикаға негізгі үлес қосушы шағын және орта бизнес болып келеді. Біз осыған ұмтылып, бұл орайда тиісті шараларды қабылдауымыз керек, — деді Әлихан Смайылов.

Атап айтқанда, азаматтардың өз ісін ашу және дамыту жөніндегі бастамаларын белсенді түрде қолдау қажет. Бұл ретте барлық аудан мен қала әкімдері жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу туралы нысаналы индикаторларға қол жеткізуі керек.

Ол үшін бизнес ашу және оны жүргізуге тиімді жағдай жасап, кәсіпкерлердің проблемаларын жедел шешу аса маңызды. Мәселен, жол, электр энергиясы, су, жылумен жабдықтау сияқты бизнеске қажет инфрақұрылым мәселелерін уақытылы шешу керек. Бизнесті кеңейту жұмыс орындарының санын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді, — деді Премьер-Министр.

Тағы бір стратегиялық міндет – экономика қажеттіліктерін өтеу үшін кадрлар даярлау. Осыған байланысты жалпы экономиканың, атап айтқанда бизнестің нақты қажеттілігіне бағытталған білім беру жүйесін жетілдіру қажет.

Қорытындылай келе, Үкімет басшысы «артта қалған» өңірлердің әкімдеріне ШОБ-та жұмыспен қамтылғандардың санын арттыру жөніндегі жұмысты жандандыруды, сондай-ақ салалық министрліктермен және «Атамекен» ҰКП-мен өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды. Оған қоса «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын іске асыру тиімділігін арттыру, сондай-ақ бизнесті «көлеңкеден» шығару жөнінде пәрменді шаралар қабылдау талап етіледі.

Шағын бизнеске салық жүктемесін азайту және қызметкерлерге еңбекақы төлеу қорынан салық төлеуді жеңілдету үшін биылғы 1 қаңтардан бастап бірыңғай төлем және бөлшек салық режимдері енгізілді. Бұл салық режимдері де шағын және орта бизнес нысандарында жұмыспен қамтылғандар санын арттыруға ықпал ететін болады, — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Берік Арманов
Бөлісу: