Алғыс айту күнін әлемде қалай атап өтеді

1 Наурыз, 11:00 825

Соңғы 8 жылда тұрақты түрде 1 наурыз Алғыс айту күні ретінде тойланып жүр. Мұндай мереке әлемнің басқа елдерінде бар ма? El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі саралап көрген болатын.

Алғыс айту Америкадан бастау алды

Ең алғаш Алғыс айту күнін тойлауды америкалықтар бастаған. Америкада Алғыс айту күні елдегі ең маңызды мерекелердің бірі. Себебі, атаулы күн олардың тарихымен тығыз байланысты.

1620 жылы 21 қарашада әлі зерттелмеген Америка құрлығына алғаш болып үлкен апаттан аман қалған «Mayflower» кемесімен ағылшындар келіп тоқтайды. 100-ден астам ағылшын беймәлім құрлықта өмірі үшін күресіп, қыстың суығы мен қолайсыз жағдайларға төтеп береді. Күннің көзі шығып, көктем келгенде Плимут колониясын құрып, Солтүстік Америкада еуропалықтардың қоныстануына жол ашады. Алайда, жергілікті халық болмағанда еуропалықтар бұл құрлықта ұзақ өмір сүре алмас еді. Америкалық үндістер еуропалықтарға аң аулауды, егін егуді үйретеді.

Сол уақытта бірінші ағылшын губернаторы Уильям Брэдфордқа алапат апаттан аман қалғандары үшін Құдайға алғыс айту керек деген ой туады. Сөйтіп, 1621 жылдың қараша айында американдықтар бас қосып, оларды құтқарып қалған үндістермен бірге аман қалғандарын атап өтеді. Осылайша, әлемдегі ең алғашқы Алғыс айту күні тойланады.

Қазіргі уақытта америкалықтар Алғыс айту күнін отбасымен, жақындарымен және достарымен бірге тойлайды. Бұл күні көшедегі шеруге қатысып, түрлі шоуларды тамашалайды.

Канадалықтар бір-біріне қалай алғыс айтады?

Канадалықтар Алғыс айту күнін 1957 жылдан бері қазан айының екінші дүйсенбісінде тойлайды. Бастапқыда Алғыс айту діни мереке болып саналды. Кейін ол мемлекеттік маңызы бар мейрам ретінде тойланды.

Канадада бұл мереке АҚШ секілді Құдайға алғыс айтатын күн ретінде қалыптасқан. Оның шығу тарихы да америкалықтардың мерекесіне ұқсас. Канадада алғыс мерекесі ағылшын штурманы Мартин Фробишердің бастамасымен алғаш тойланды.

Қазіргі уақытта Эдвард аралы, Ньюфаундленд, Лабрадор және Жаңа Шотландия провинцияларын қоспағанда, Канаданың басым бөлігінде Алғыс айту күні ресми түрде тойланады. Бұл күнді канадалықтар отбасымен бірге, дәстүрлі тағамдарын дайындап, кешкі ас үстінде атап өтеді. Әдетте, канадалықтар мерекеге асқабақ бәліші мен кұркетауықтан тағам әзірлейді. Мерекені қазанның екенші дүйсенбісіне жетпей тұрып демалыс күндері де тойлауға рұқсат. Алғыс айту күні Kitchener-Waterloo сыра фестивалі кезіндегі шерумен сәйкес келеді. Бұл шеруді ұлттық телеарналардан да көрсетеді.

Оңтүстік Кореядағы Чусок мерекесі

Алғыс айту күні немесе кәрісше Чусок – ай күнтізбесі бойынша тойланатын корейлердің ең негізгі үш мерекесінің бірі. Биыл кәрістер Алғыс күнін 16 қыркүйекте атап өтеді. Мереке үш күнге созылады, сондықтан үш күн демалыс беріледі. Чусок – кәрістер үшін егін жинау, Құдайға алғыс айту және ата-бабаларды еске алу күні. Елдегі барлық ойын-сауық орталықтары мен көңіл көтеретін орындар жұмыс істемейді.  Барлық әулет мүшелері жиналып, ата-бабаларының аруағына табыну рәсімімен бастайды. Сонымен қатар, ұлттық киімдері ханбокпен жүреді.

Әдетте кәрістер Чусок мерекесінде отбасына, достарына, туыстарына, тіпті әріптестері мен көршілеріне сыйлық жасайды. Чусок – мол жайылған дастарқан дегенді білдіреді. Сондықтан кәрістер бір-біріне өз қолымен тағам дайындап, сыйлық ретінде ұсынып жатады. Сонымен қатар, Кореяда сиыр еті бағалы сыйлықтардың қатарына жатады.

Чусок мерекесінде көшеде цирк қызметкерлері өнер көрсетеді. Алаңда ханбок киген, талхум маскаларын таққан, соқпалы аспаптарда ойнайтын өнерпаздар ән айтып, би билейді.  Бұл күні кәрістер құм үстінде күрес өткізеді. Оны жергілікті телеарналардан да көрсетеді.

Жапониядағы «Еңбекті бағалау» күні

Жапониядағы алғыс айту күні Kinro kansha no hi яғни, «Еңбекті бағалау» күні деп аталады. Атаулы мереке жыл сайын 23 қарашада тойланады. Бұрын бұл жақсы өнім үшін алғыс айту мерекесі болса, бүгінде жапондықтардың еңбектің барлық түріне, қоғамның дамуына қосқан көмегі үшін бір-біріне алғыс айту мерекесі.

Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Жапонияда алғыс айту күні басқаша аталды. Бұл – Нинамисай мерекесі. Ол кезде миператордың өзі Аспан мен Жер Құдайларына күріштен тағам әзірлеп, тарту жасап, арнайы рәсім өткізген.

1948 жылы Жапонияның жаңа Конституциясындағы адам мен жұмысшылардың негізгі құқықтарына кепілдік беретін өзгерістерді атап өту үшін Нинамасай мерекесі «Еңбекті бағалау» күні деп ауыстырылды.

Жапондар алғыс айту күнін қоғамдық маңызы бар шараларға арнайды. Атап айтқанда, жергілікті еңбек ұйымдары халықты бейбітшілік, адам құқықтары, қоршаған ортаны, қорғауға, аялауға шақырады. Мектеп оқушылары полиция қызметкерлеріне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі күнделікті күш-жігерлері үшін алғыс ретінде қолдан жасалған суреттер мен қолөнер бұйымдарын береді.

Жапонияда «Еңбек» күнімен ауыл шаруашылығ қызметкерлерінің күні бірге аталып өтіледі. Ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-техникалық жетістіктерге арналған жаңа әдебиеттердің көрмелері де өткізіледі. Көрмелердің жеңімпаздары Императорлық сыйлықпен, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы министрлерінің сыйлықтарымен марапатталады.

Қытайдағы – «Күз ортасындағы» фестиваль»

Қытайда алғыс айту күні Tet Trung Thu деп аталады. Дегенмен бұл күнді қытайлықтардың барлығы бірдей атап өтпейді. Бұл мереке қытайлық христиандардың арасында танымал. Себебі, мұндағы діни қызметкерлерінің көбісі Батыс елдерінен келген. Оларда тамақ ішер алдында дұға етіп, ішкен асына алғыс айту ырымы да бар.

Грегориан күнтізбесіне сәйкес, қытайлықтар алғыс айту күнін қыркүйектің аяғы мен қазанның басында атап өтеді. Tet Trung Thu – «Күз ортасындағы фестиваль» деген мағынаға ие атаулы күнді жергілікті халық асыға күтеді. Себебі бұл күні жерге жауын жіберетін, мол астық алуға себеп болатын айдаһарға алғыстарын білдіреді. Ауыл-аймақ болып тойланатын мерекенің өткізілуі де ерекше. Түнде айға қадала қарап, елдің болашағына болжам жасайды. Балаларына түрлі-түсті киім кигізіп, шеруге шығады. Бұл олардың аңызға сәйкес балалар айдан туылатындығына сенетіндігімен байланысты. 

Үндістандағы алғыс айту рәсімдері

Үндістанда арнайы алғыс күні белгіленбеген. Үндістандықтар әр мереке сайын дұға оқып, Құдайға алғыс айтуды әдетке айналдырған. Хинди тілінде «крипая», «крипа карке» қазақшаға аударғанда «өтінемін», сондай-ақ, «дханеваад» яғни, «рақмет»  деген сөз бар. Дегенмен жергілікті халық ол сөздерді қолдана бермейді. Себебі, үнділер арасында бір-біріне алғыс айту деген түсінік жоқ, әсіресе отбасындағы адамдарға. Мысалы, қарапайым үнді отбасында анасы тағам дайындап бергені үшін оған алғыс айтпайды, себебі бұл оның міндеті ретінде қалыптасып кеткен. Достар көмек сұрағанда ешқашан өтініш жасамайды. Өйткені, дос әрқашан өтінішсіз көмек көрсетуі тиіс деген түсінік бар.

Дегенмен Үндістанда жан-жануарларға, тағамға, Құдайға алғыс айту рәсімдері бар.

Миражан Махан
Бөлісу: