Алғаш рет әйел ғалымдарға арналған академик Н.Базанова атындағы марапат табысталды

7 Наурыз, 07:36 265

Алматыда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында алғаш рет отандық әйел ғалымдарға арналған академик Найля Базанова атындағы  марапат табысталды. Салтанатты іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атаулы іс-шараға 400-ге жуық отандық ғылымды дамытуға айрықша үлес қосқан жетекші әйел-ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар мен жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың басшылары қатысты.

Ұлттық ғылым академиясының мәліметінше, Қазақстанда ғылыммен айналысып жүрген зерттеуші мамандар арасындағы әйелдер саны 12 мыңға жуық. Бұл жалпы ғалымдар санының 55,6 пайызын құрайды.

Ғылыми дәреже қорғаған нәзік жандылар қатары жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, биыл әйел арасында ғылым докторлары – 848-ге жетті, ғылым кандидаттары – 2 872-ге, PhD докторлар – 1 806-ға жетті.

2024 жылы қазақстандық әйелдер Web of Science және Scopus журналдарында 3100-ден астам мақала жариялады, оның ішінде 1400-ден астамы – бірінші автор ретінде көрінді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 15% -ға артық. 2024 жылы Web of Science бірінші квартиліндегі ең беделді журналдарда қазақстандық ғалым әйелдеріміз жариялаған мақалалар саны 500-ден асты.

Тұңғыш отандық әйел-ғалымдарға арналған академик Н.Базанова атындағы  марапатпен 48 отандық ғылымның дамуына айрықша үлес қосып жүрген, ғылыми әлеуеті жоғары, ғылымның әртүрлі бағыттарында үздік нәтиже көрсеткен, жетекші әйел-ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер салтанатты түрде марапатталды. Үміткерлер университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары ұжымдарының ұсыныстары бойынша анықталған.

Айта кетейік, академик Найля Базанова (1911-1993) - Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы әйел-академик, биология ғылымының жаңа саласының - ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиясының негізін қалаушы. Ол қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымының докторы (1945), профессор (1946), Қазақ КСР ғылым академиясының академигі (1951), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері (1946).

Асқар Таудай
Бөлісу: