Әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру: Жұманғарин тапсырма берді

17 Ақпан, 17:23 1003

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру мәселесі бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы қаңтар айында Қазақстандағы жылдық инфляция деңгейі 8,9%-ды құрады. Баға динамикасына азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер әсер етті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың жылдық өсімі 8,4%-ға, ал қызмет көрсету бағасы 13,8%-ға көтерілді.

Бағаны реттеу мақсатында аймақтардағы тұрақтандыру қорларынан өнімдерді саудаға шығару жалғастып жатыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, жалпы қалыптасқан 156,9 мың тонна қордан тек 45,4 мың тонна көкөніс сатылды. Кейбір облыстарда көкөністі сату қарқыны белгіленген көлемнен төмен, бұл бағаның өсуіне әкелуде. Мәселен, Абай облысында 2,8 мың тонна картоптың тек 486 тоннасы ғана сатылып, нәтижесінде баға 24,2%-ға қымбаттаған. Кейбір өңірлерде сәбіз, қырыққабат және пияз бағасына қатысты осындай жағдай байқалады.

Серік Жұманғарин кеңеске қатысушылардың назарын азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған шараларды жеделдету қажеттігіне аударды. Негізгі мақсат – тұрақтандыру қорларынан өнімдерді жедел шығару және өңірлер мен мегаполистерде апта сайынғы жәрмеңкелерді өткізу.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: