Әлемдік деңгейде жетістікке жеткен шорт-трекшілердің сыры бар

6 Қараша 2022, 13:07 2131

Иә, кез-келген жетістіктің сыры болады. Сол секілді Канаданың Монреаль қаласында шорт-тректен Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан ерлер құрамасы екінші орын иеленді. Қазақстан құрама сапында Абзал Әжғалиев, Әділ Ғалиахметов, Нұртілек Қажғали және Денис Никиша 5000 метрлік эстафетада бақ сынап, жақсы нәтиже көрсетті. Әлем кубогының барысы мен спортшыларымыздың дайындығы қалай өткенін, жеңістің сырын Нұртілек Қажғалимен сұхбаттасу барысында білдік.

Канадада өткен шорт-тректен Әлем кубогында Қазақстан құрамасы 2-ші орын иеленді. Жалпы спортшылардың дайындығы қалай өтті?

– Әлем кубогы – ең үлкен спорттық доданың бірі. Оған дүниежүзінің ең мықты спортшылары қатысып, бағын сыңайды. Мықты тренермен жаттығып, техникалық, тактикалық дайындықты шыңдайды.

Қазақстан құрамасында 4 адам болды. Әлем кубогына 6 айдан аса дайындалдық. Біз үшін бұл үлкен жауапкершілік. Сондықтан бар күшімізді, уақытымызды дайындыққа жұмсадық. Дайындық барысында түрлі эксперимент істеп, денемізді және аяғымызды шынықтырдық.  

Спортшыларға қойылатын талап жоғары. Спортшы өзінің денсаулығын бірқалыпта ұстап, жарақаттың алдын алып, уақытылы дәрумендер ішіп, дұрыс тамақтану маңызды.

Шорт тректен қанша елдің спортшысы бақ сынады? Спорттың бұл түрінен бәсеке қай елдің арасында өтеді?

– Канадада өткен Әлем кубігіне әлем елдерінен 100-ге жуық спортшы қатысты. Барлық ел өз деңгейінде жақсы көрсеткішті көрсетті. Біздің алдымызды Оңтүстік Корея құрамасы орап кетті.

Шорт трек спортымен қашаннан бастап айналысуды бастадыңыз? Бұл спорт түрінде спортшы жоғары жетістікке жету үшін қандай қабілет-қасиетке ие болуы тиіс? 

– 2008 жылы спорттың бұл түрімен айналыса бастадым. Сабақ пен спортты қатар алып жүру қиын болды. Уақытымның көбісін шорт-трекке арнадым. Мақсатым – осы спорттың үздігі атану еді. Бүгінде мақсатыма қадамдап басып келемін.

Кез-келген спортшының басты мақсаты – өз саласының үздігі атану. Әрине, үздік атану үшін көп еңбектеніп, тер төгу керек. Сонда ғана нәтиже болады.

Үлкен жүлдені иеленіп, марапат алып жатқан спортшылардың жетістігіне қарап мотивация аламын. Бұл – алға ұмтылуыма күш береді.  

Спорт саласындағы жетістеріңіз бен марапаттарыңыз туралы айтып өтсеңіз. Ең алғашқы қатысқан жарысыңыз есіңізде ме? Қандай толқу мен толғанысты басыңыздан өткердіңіз?

– Көптеген облыстық, аудандық жарыстарға қатыстым. Дегенмен алғашқы жеңісіме облыстық жарыста қол жеткіздім. Қазақстан чемпионатына үздік үштіктің қатарына кірдім. Бірнеше рет Қазақстан чемпионатында рдараландым. Қысқы Универсиада ойынында қола жүлде алып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым.

Таңдауыңыз дәл осы спортқа неге түсті? Шорт тректің ерекшелігі неде?

– Конькиге деген қызығушылығым кішкентай кезімнен болды. Бала кезімде достарыммен бірге демалыс күндері жиі мұз айдынына барып жарысатынбыз. Сол кездер әлі есімде, қанша құласам да берілмейтінмін. Қайта тұрып, түк болмағандай басынан жарысып жүретінмін. Жарысқа жаным құмар болды. Шорт-трек спортының ерекшелігі де осында. Сондай-ақ, қиын спорт түрінің қатарына жатқызар едім. Бұл спорттың ерекшелігі – қиындығы және жылдамдығы жаныма жақын болды.

Мұз айдында конькиді аяғыма киген сәтте өзімді сенімді сезініп, сырғанаудан ләззат аламын. Бойыма күш жинап, шаршау дегенді ұмытамын.  

Спорт саласында кімді үлгі тұтасыз?

– Нақты бір кумирім бар деп айта алмаймын. Негізі әр спортшының маңызды, пайдалы әдіс-тәсілдеріне, іс-әрекеттеріне қарап, жаттығуы мен дайындығына мән беріп керекті жерін өзіме аламын.  Бапкерлерімнің кеңестері мен ақылдарына құлақ асып, орындауға тырысамын. Менің ойымша әр спортшының кумирі ол – өзі. Сондықтан спортшы тек өзіне ғана сеніп, өз бойындағы күшті оятуы керек.

Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

– Ең алғашқы арманым – Қазақстанда шорт-трек спортын дамытып, әлемге таныту. Болашақта тәжірибе жинап, шәкірт тәрбиелегім келеді. Жалпы жастарды спортқа баулып, болашақ әлем чемпиондарының саны көбейткім келеді.

Миражан Махан
Бөлісу: