Әлемдегі ең кішкентай аралдар

31 Қазан 2018, 18:17 12111

Әлемдегі ең кішкентай аралдар

Бала кезімізде әке-шешемізден сөз естіген шақтарда елсіз аралға кетіп қалу жайлы ой біразымыздың  басымызға келген шығар. Ол аралға жету үшін қыруар қаржы, одан бөлек біраз құжат керек екенін  ержеткен соң білдік қой. Бала кезіңіздегі сол арманыңызды әлі де  іске асырғыңыз келсе не болмаса бір аралды cатып алып,  иесі болғыңыз келсе біз сізге әлемдегі ең кішкентай аралдар тізімін ұсынбақшымыз.

Бишоп Рок аралы

Әлемде көлемі жағынан кішкентай аралдар жеткілікті. Атлант мұхитындағы Бишоп Рок аралы несімен танымал? Аталмыш аралда жан баласы мекен етпейді. Бұл жерде тек бағыт-бағдар айқындау мақсатында  маяк орнатылған.  Туристтерді тартатын себептің бірі де осы – маяк. Себебі, бұл мекендегі алғашқы маяктың қабырғасы 1847 жылы қаланған екен. Ол кезде қазіргідей дамыған технология болмағандықтан маяк теңіздің асау толқындарына шыдас бере алмай қирап тынған. Арада 4 жыл өткен соң құрылыс қайта басталып, 1858 жылы толығымен аяқталған. Қазіргі таңда маяктың ең биік нүктесі 49 метр. Осы жерде бір қызық мәліметті айта кеткен жөн. Аралдың ұзындығы небары 46 метр, ені 16 метр. 1992 жылы маяк қызметі толығымен автоматтандырылған. Оған дейін біздің елдегі кесенелердегі шырақшылар іспетті тұрақты жұмыс істейтін адамы да болған екен.  Бұл маякта әрі кетсе 3-4 адам ғана қона алатындай орын бар. Маяктың ұшар биігінде тікұшақ қонатын арнайы орын  қарастырылған. 

Мадленд-Айленд аралы

АҚШтың Висконсин  штатындағы бұл мекенге туристтер қысы жазы лек-легімен келіп жатады. Оның себебі де жоқ емес. Қыста шаңғы теуіп, жазда гольф ойнауды сүйетін бақуатты жандар бір соқпай кетпейтін мекен.  Бар-жоғы үш жүзден астам адам аумағы 109 км² болатын аралда тату-тәтті өмір сүруде.

Яп аралы

Тынық мұхитының оңтүстігіндегі архипелагтағы аралдың бірі. Яп аралы бертінге дейін тас теңгелерімен аты шықққан арал. Жергілікті тұрғындар саны 1200 шамасында. Жер көлемі - 101,4 км². Бұл аралға жету үшін Кариб теңізі арқылы Белиз жағалауына барасыз. Белиз ситидің су көліктерімен жолаушы тасымалдаушылар сізді 15 шақырым жердегі Яп аралына алып барады. Сіз бұл жерден диірменнің тасындай, арбаның дөңгелегіндей үлкен-үлкен тас теңгелерді өз көзіңізбен көріп, тамашалай аласыз. Біз тас теңге деп атағанымызбен жергілікті халық бұл ақшаларын «раи» деп атайды.  Бұл тас теңгелердің дәп ортасында тесігі болады. Осы тесіктерге ағаш сап тығып, қажетті жерге екі жағынан көтеріп жеткізген. Ең үлкен деген тас теңгелердің салмағы 4 тоннаға дейін жетеді екен. Бұндай теңгелер сауда барысында өз орнында қалғанымен басқа адамның атына жазылып отырған. Айтпақшы, тас теңгеңіз жоқ болса қынжылмаңыз. АҚШ долларының бұл аралға жеткеніне де біраз жылдың жүзі болды. Сіз ұсынған қағаз ақшаны қуана-қуана алатын адамдардың барлығына кепіл бола аламын.

Яп аралының табиғаты өте керемет. Барған туристтер асханасының да дәмді екенін айтуда.  Айтпақшы, бұл аралға баратын туристердің басым көпшілігі дайвингпен айналысатындар екен.

Бенгуэрра аралы

Көлемі бар-жоғы 55 км² болатын бұл аралға бара қалған адам сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді өз көзімен көрер еді. Бенгуэрра – Мозамбик ұлттық теңіз қорықтары аралдарының бірі. Су асты маржан рифтері арқылы танымал бұл арал дайвинг үшін таптырмас мекен. Сирек кездесетін балықтар мен шағын акулалардың арасында суретке түсуді армандап жүрсеңіз ойланбастан осы аралға барыңыз. Бір қызығы ТМД аймағынан барушы туристердің көбі Бенгуэрраға «Бал айын» өткізуге барады екен.

 

Бөбек Сенс-Саймондс Айленд аралы

Бөбек деген атау бұл аралдың көлеміне қатысты берілген. Джорджия архипелагының бір бөлігіне жататын аралдың көлемі 40,61 км². Демалысыңыз сәтті өтсін десеңіз көктем мезгілінде барған дұрыс. Туристер Атлант мұхиты жағаға ұрып жатқан, аппақ құмды жағажайы және алып кедр ағаштарының көлеңкесінде ләззат алу үшін баратын бұл аралда жылдың басқа мезгілінде небары 25 адам өмір сүреді. Бұл адамдар аралдың тазалығына жауап береді.

 

Оңтүстік Бас-Айленд аралы

Огайо штатының солтүстік-шығысында орналасқан. Небары 20,8 км² жер аумағын алып жатқан бұл аралда шарап әзірлеу ісі қатты дамыған. Тіпті, шағын сыра зауыты да бар деседі. Шарап пен сыраның дәмін татудан бөлек, желкенді қайықпен серуендеуді ұнатсаңыз сіздің бұл аралда жабырқамасыңыз анық. Жергілікті тұрғындарының саны 400-500 адам мұғдарында.

Теңіз арыстандары аралы

Атлант мұхитының оң бөлігінде орналасқан бұл аралға бара қалсаңыз сізді адамнан бұрын теңіз арыстандары күтіп алу мүмкіндігі өте жоғары. Мәселен, сіз ауылыңызда саршұнақты не болмаса кесірткені қандай жиілікпен көрсеңіз ол жақта теңіз арыстанын сол шамада көретініңіз анық. Әрине, ересек теңіз арыстандарын жақынна көру бойға үрей тудыратыны анық. Дегенмен, теңіз арыстанының күшіктерінің адамды шұқылап ойнауы ол жақта қалыпты жағдайға жатады. Туристік маусым қазан айынан бастау алып, сәуір айының басында жабылады. Осы маусым аралығында туристерге жеті адам ғана қызмет көрсетеді екен. Бұл бәлкім аралдың небары 15,7 км² жерді алып жатқандығынан да болар...

 

Корву аралы

Португалиядан аса қашық емес жерде  Азор архипелагы орналасқан. Жанартау салдарынан пайда болған шағын аралдардың бірі осы – Корво. Аралдың адам мекен ететін шағын бөлігінде   Вила-Нова-ду-Корву атты шағын қалашық бар. Осыдан 7 жыл бұрынғы санақ бойынша  аралда 430 адам мекен етеді екен. Бұл қаланың басты ерекшелліктерінің бірі үй құрылыстары. Тастан қаланған үйлер, ескі замандардағыдай ағаш ілгекті есіктер бұл қала тұрғындарының бейбіт өмір сүретіндігінен белгі беретіндей.

Бұл жерге барған туристер теңіз тағамдарына және дайвингке қарық боларыа анық. Балық аулаймын деген адамдар үшін барлық жағдай жасалған деседі.  Жер көлемі 15,6 км².

Саба аралы

Бұл аралға туристер мүлгіп жатқан жанартауды көру мақсатында барады екен. Бұдан бөлек қаңтар және наурыз айларында әдемі табиғатына сүйсініп,  су астында серуендеп қайтуға болады. Жер көлемінің 13,2 км² екендігіне қарамастан аралда адамдар тығыз орналасқан. Соңғы мәліметтер бойынша адам саны 1200 шамасында.  Кең далада ойнақ салып үйренген адамдар үшін бұл аралда екі күннен артық қалу іш пыстырарлық дүние секілді.

Фокс Айленд аралы

«Құласаң нардан құла» деген мақалды айтқан халықтың ұрпағы ретінде  ит балықты емес, кит балықты көруді армандасаңыз бұл арал – сіздікі. Китке қосымша ретінде теңіз арыстанын көру бақытын да осы арал ұсына алады. Көлемі - 10,4 км².

Кей-Колкер аралы

Белиз Сити қаласынан бар-жоғы 15 шақырым қашықтықта орналасқан арал. Аралда жергілікті халықтың саны мыңнан сәл ғана асады екен. Бірақ, арал тұрғындарынан туристердің саны шамамен он есе басым болады екен. Қысы-жазы +25, +27 С ° тұратын аралда туристердің көп шоғырлануы заңды құбылыс. Ауа райының жылылығына қарамастан мамыр айы мен қараша айының арасы бұл мекенде жаңбырлы маусым ретінде есептеледі. Сондықтан да дәп осы аралға желтоқсан-сәуір айларында сапар шеккен дұрыс. Жануарлардың түр-түрі мекен ететін джунглиі, теңіз жағалауындағы жартастарында үңгірлері бар бұл мекен жердегі жұмақ іспеттес.

Бұл біздің сізге саяхаттау мақсатында ұсынған аралдар болатын. Егер, сіз бұнымен қанағаттанбай өзіңізге арал сатып алғыңыз келсе біздің сізге ұсынатын тізіміміз бар.

Егер сіздің шотыңызда 674$ бар болса Висконсин штатындағы  Гил Флауэдж өзеніндегі Кидни аралының 13,7 гектар жерін сатып ала аласыз. Аралмен қоса сіздің иелігіңізге 2007-жылы қабырғасы бөренелерден қаланған екі қабатты үй де өтеді.

Алысқа бармай-ақ, өз құрлығымыздан да өзіңізге ыңғайлы арал сатып ала аласыз. Эстонияның Украинаға жақын бөлігінде орналасқан Хыралайд аралы 2014 жылдан бері сатылымда тұр. Аралдың көлемі 24 гектар. Бұл арал кезінде балықшылар ауылымен аты шыққан болатын. Қазір, балықшылықтың ізі де жоқ деседі. Аралды сатып алған адамның қолына 300 м2 жерге үй салуға рұқсат етілген қағаздың қоса тиетінін де айта кету керекпіз.  Бәрін айтқанымызбен аралдың бағасын айтуды ұмытып бара жатыр екенбіз ғой. Қалтаңызда 999 мың АҚШ доллары болса – арал сіздікі.

Біз сізге жоғарыдағы аралды сатып алуға асықпауға кеңес береміз. Қолыңыздағы соммаға шамалы ақша қосып, 1,2 млн АҚШ долларына Аляска штатындағы мынабір жұмақ мекенді сатып алуға қалай қарайсыз? Илиамна өзеніндегі Трофи аралы аңшылық пен балықшылықты сүйетін адамдар үшін  нағыз жаны жай табатын мекен. Аралды алған адам барлық жағдайы жасалған екі қабатты котеджді де қоса алады. Бұл аз десеңіз қайық пен қарда жүретін техникасы және бар. Егер, тіршілігі қайнаған ортаны сағынғар болсаңыз қала небары моторлы қайықпен 15 минут уақытта жетіп баратын жерде орналасқан.  

Бөлісу: