Әлемдегі қисынсыз заңдар

30 Тамыз 2023, 10:39 8436

Қоғамда әділет пен тәртіпті қамтамасыз ететін заңдардың ішінде «біртүрлілері» де бар. Алпауыт елдердің адамға күлкі туғызатын заңдары да болады. Өзге мемлекетке бара қалсаңыз, сол елдің кейбір оғаш заңдарын да біліп алғаныңыз жөн. El.kz ақпараттық агенттігі сондай заңдарды жинақтап көрді.

Тарихи орындарда әйелдерге биік өкшелі аяқ киім киюге болмайды

Грекияда осындай заң бар. Ежелгі Эллада елінде биік өкшелі аяқ киім тарихи нысандарды бүлдірмеуі үшін қабылданған.  


©Pixabay.com

Аталмыш заң 2009 жылы қабылданды. Мұндай тыйымды қабылдауға біздің заманымызға дейінгі классикалық көне дәуірлердегі тарихи ескерткіштер ұйымының директоры Хелен Корканың мәлімдемесі себеп болған. Ол әйелдердің биік өкшелі аяқ киімдермен тарихи орындарға келуі ескерткіштерге залал тигізіп жатқанын айтқан.

Монако азаматтары әлемдегі ең танымал казинолардың бірі – Монте Карлоға кіре алмайды

Монаколықтарға Карло казиносында құмар ойын ойнауға тыйым салынған. Каролина ханшайым казиноны ашқан кезде табыс тек шетелдіктерден түссін деп осындай шешімге келген. Монако тұрғындарының кіру құқығы шектелгені үшін олар кіріс салығынан босатылған.


©Pixabay.com

Данияда бетті толық жауып тұратын бетперде киюге тыйым салынады

2018 жылы Дания Парламенті бетті толық жауып тұратын бетперде киюге тыйым салатын заңды қабылдады. Бұл бетпердемен жүзін тұмшалап алатын мұсылман әйелдерінің көбейіп кетуіне байланысты жасалып отыр. Саясаткерлердің сөзінше, әйелдердің никаб немесе паранджа киюі әйел құқықтары мен гендерлік теңдікке сәйкес емес. Бірақ даниялық мұсылман әйелдер бұл тыйым нәзік жандылардың құқығын қорғамайды, керісінше, олардың таңдауын шектеу екенін айтып, наразылық білдірген.


©Pixabay.com

Флоренцияда қоғамдық орында тамақ жеуге, сондай-ақ су ішуге болмайды

Ережені сақтамаған жағдайда айыппұл салынады. Айыппұл көлемі – 500 евро, теңгеге шаққанда, 250 мың.  Бұл әлемнің әр түкпірінен келетін қонақтар тарихи жәдігерлердің маңын қоқысқа айналдырмауы үшін жасалып отыр.


©Pixabay.com

Сингапурде сағыз сатылмайды

Бұл заңмен шектелген. 1992 жылы Сингапурда сағызға тыйым салынды, бірақ қазіргі уақытта оны шайнауға тыйым салынбаған, тек импорттауға және сатуға рұқсат етілмейді. 2004 жылы тыйым қайта қаралды, содан бері емдік, стоматологиялық және никотинді сағызды дәрігерден немесе тіркелген фармацевттен ғана сатып алуға болады.


©Pixabay.com

Тыйым пойыздарының есігіне көп мөлшерде сағыз жапсырып, бұл есіктердің дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіруіне байланысты жасалған. Өйткені осының әсерінен пойыздардың жұмысы бұзылды. Бұл қызық көрінгенімен, мұндай жабайылықты тоқтатудың заң қабылдаудан басқа жолы қалмаған.  

Сондай-ақ қоғамдық орындардағы баспалдақтар мен тротуарларда жерде қалдырылған сағызды алып тастау қиындық тудырған. Сондықтан тазалауға көп шығындалған.

Аризона штатында есектер ваннада ұйықтаса, заңмен қудаланады

Аризона штатында әлі күнге дейін есектің ваннада ұйықтауына болмайды. Бұл заң қалай шықты? 1924 жылы есек қараусыз қалған ваннада ұйықтап қалған. Ол ұйықтап жатқанда, бөгет құлап, су тасқыны болып, ұйықтап жатқан есек суға ағып кеткен. Қала тұрғындары оны құтқармақ болды. Құтқарушылардың өміріне қауіп төнгеніне және көп шығын келгеніне байланысты есектерге ваннада ұйықтауға тыйым салынды.  


©Pixabay.com

Оңтүстік Африкада аюға шабуыл жасауға тыйым салынады


©Pixabay.com

Бір қызығы аталмыш елді аюлар мекендемейді. Мұндай заңды не үшін қабылдағаны түсініксіз.

Австралияда үйлену тойын бұзғандар 2 жылға бас бостандығынан айырылады


©Pixabay.com

Оңтүстік Австралияда үйлену тойына, жерлеуге әдейі кедергі жасаса, 10 000 доллар айыппұл салады немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады. Бұл елдің 1953 жылы шыққан «Жалпы қылмыстар туралы» заңында көрсетілген.

Британ Парламентіне сауытпен кіруге болмайды

Парламентке қару-жарақ алып жүруге немесе қару-жарақ әкелуге тыйым салатын заң 1313 жылы Эдвард II кезінде қабылданды. Қазіргі уақытта бұл үшін ешкім жауапқа тартылмаса да, заң әлі де күшінде. Онда «Англия корольдігінде өткізілетін барлық парламенттерге, трактаттарға және басқа жиналыстарға келушілер қару немесе сауыт алып келмеуі керек» делінген.


©Pixabay.com

Боливияның Ла-Пас қаласында тұрмыстағы әйелдер барда немесе мейрамханада бір ғана стақан шарап іше алады

Боливияның Ла-Пас қаласында тұрмыстағы әйелдерге қоғамдық орындарда бір стақан ғана шарап ішуге рұқсат етіледі. Заң олардың мас күйінде күйеуінен басқа ер адамдарға қырындамауы үшін қабылданған. Сондай-ақ ер адамдар әйелдерінің көпшілік алдында ішіп жатқанын көрсе, ажырасуына болады.


©Pixabay.com

Испаниядағы кейбір жағажайларда құмнан қамал жасауға тыйым салынады

Жағажайда құмнан қамал жасау тек балалар арасында ғана емес, ересектерде арасында да жиі кездеседі. Алайда кейде ересектер үлкен қамалдар салып,  шектен шығып кетіп жатады.

 


©Pixabay.com

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: