Әлемдегі мемлекет басшылары мен саясаткерлерге жасалған қастандықтар

16 Шілде, 17:06 642

Егер кез келген мемлекетте заң үстемдік құрмаса, демократия дамымаса ол елде түрлі заңсыздықтар мен жемқорлық жайлайтыны белгілі. Қараша халық пен билік арасында ымыра болмаса да қарсылықтар көбейеді. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде маңызды саяси реформалар жасады. Ол саяси реформалардың алғашқы пакетін 2019 жылдың 20 желтоқсанында НСОД отырысында ұсынды. Парламенттік оппозиция институты да енгізілді. Митингтер туралы заң қабылданды. Ал 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Тоқаев саяси реформалардың екінші пакетін ұсынды, онда адам құқықтарына ерекше назар аударды. Президент алға қойған саяси реформалары – елді демократияландырудың ең басты алғышарты деуге толық негіз бар.

Қазір Жаңа Қазақстан сөзі жиі айтылатыны жасырын емес. Сол Жаңа Қазақстандағы басты өзгерістерді Мемлекет басшысының өзінен байқауға болады. Себебі ол президенттік өкілеттілікке шамадан тыс үстемдік беруден бас тарту туралы бірқатар өзгеріс енгізілді. Жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік сектор басшысы болуына тыйым салынды. Президенттің  саяси партияға мүше болуы тоқтатылды.

Осылайша еліміздегі саяси жүйе дұрыс бағытта құрылғанына күн санап көз жетіп келеді. Егер саяси жүйеге немесе саяси тұлғаға ел арасында қарсылықтар болса және ол өз уақытында шешімін таппаса қарсылықтар күйшейіп, қастандыққа айналады. Бұл әлемдік саясатта бірнеше мірте қайталанған шынайы көріністер.

Дональд Трамп бір ажалдан қалды

АҚШ тың бұрынғы президенті әрі болашақ президенттігіне үміткер Дональд Трампқа өткен сенбіде қастандық жасалды.  Пенсильвания штатының Батлер қаласындағы митинг кезінде оған белгісіз кісі бірнеше мәрте оқ атқан. Атыс кезінде бір кісі қаза тауып, тағы екеуі ауыр жарақат алды. Ал Дональд Трампқа көзделген оқ оның құлағының ұшын тіліп өтті.

Gene J. Puskar/AP

АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трампқа жасалған қастандық әлемдік деңгейде талқыланып жатыр. Себебі бұл оқиға мемлекетте қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттілігін көрсетіп берді.

ФБР оқ атқан адамның кім екенін жексенбі күні таңертең-ақ анықтады. Ол Пенсильвания штатындағы Бетел-паркте тұратын 20 жастағы Томас Мэттью Крукс екенін айтылды.

Сондай-ақ Құпия қызмет оқ атқан күдіктіні өлтіргенін жариялады. Шабуылшы "шеру өтетін орынның сыртындағы биік позициядан" бірнеше рет оқ жаудырған. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, полицейлер оқиға орнынан AR үлгісіндегі винтовканы тапқан.

АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамп өзіне жасалған қастандықтан кейін бірнеше күн өткенде республикалықтардың ұлттық съезінің өкілдері алдында қайта шықты. Ол Милуокиде өткен басқосуда құлағын орап алған. Себебі қастандық жасалғанда оқ оның құлағына тиген болатын.

Andrew Kelly / Reuters

Бұл жолы Дональд Трампты көпшілік алдына Республика партиясының атынан АҚШ президенттігіне үміткер деп шақырды. Сол жерде отырғандар оның атыс кезінде айтқан сөзін қайталап, «күрес» деп айқайлады.

Трампқа жасалған бұл қастандыққа қатысты ақпарат құралдары ғана емес әлемдік деңгейдегі саясаткерлер де өз пікірлерін білдіріп жатыр. Заң үстемдік құрған, демократиясы дамыған, әлемге үлгі болып отырған мемлекетте осындай оқиғаның орын алуы расында да әлем елдерін ойлантатын дүние.

Мұндай ақпарат тараған бойда  Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа жеделхат жолдағаны туралы мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа жасалған қастандықты қатаң айыптайтынын мәлімдеді және оның тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

АҚШ-тың бұрынғы президенттері кіші Джордж Буш пен Барак Обама да бұл оқыс оқиғаға қатысты өз ойларын айтты.

Біздің демократияда саяси көзқарас бойынша зорлық-зомбылық көрсетуге орын жоқ. Бірақ әзірге не болғанын білмейміз. Бұрынғы президент Трамптың аса қатты зардап шекпегеніне шүкір дейміз, — деді Барак Обама.

Ақ үйдің қазіргі басшысы Джо Байден республикалықтар атынан АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамптқа жасалған қастандық әрекетіне байланысты Америка халқына үндеу жасады.

Біз саясатымызда температураны төмендетуіміз керек. Мұндай зорлық-зомбылықтың нормаға айналуына жол берілмеуі тиіс. Еліміздегі саяси риторика өте қыза түсті. Оны салқындататын уақыт келді. Мұны істеу – бәріміздің жауапкершілігіміз, - деді Байден.

Жалпы әлемде мемлекет басшылары мен билік өкілдеріне жасалған қастандық жалғыз бұл емес. Өткен жылдар беттерін парақтай бастасаңыз біразына көз жүгіртуге болады.

Әңгімені әріден айтатын болсақ АҚШ-ты билеген бірнеше басшыға қастандық жасалған. Сонау  1865 жылдың өзінде АҚШ президенті Авраам Линкольн Джон Уилкс Бут деген актердің қолынан қаза тапқаны мәлім. Линкольн азаматтық соғыстан кейін елді біріктіруге тырысып жатқан кезде өлтірілген еді. Бұл оқиға Америка тарихындағы ең трагедиялық және маңызды сәттердің бірі. Одан кейін 1881 жылы Чарльз Гито есімді кісі Вашингтонда АҚШ президенті Джеймс Абрам Гарфилдке оқ атқан. Президент сол жарақатынан көп ұзамай көз жұмды.  Ал 1963 жылы АҚШ-тың 35-ші президенті Джон Фицджеральд Кеннеди Техас штатының Даллас қаласында кісі қолынан қаза тапты. Бұл оқиға АҚШ тарихындағы ең әйгілі қастандықтардың бірі саналады.

Осылайша тарихтың тереңіне сүңгитін болсақ Осман империясында да, Қазақ хандығында да, Рим империясында да тақ таластық пен бақ таластық кезінде лауазымды тұлғаларға жасалған қастандық аз болған жоқ. Сондықтан әріні қоя тұрып, беріде жасалған ХХІ ғасырды, өзіміз өмір сүріп жатқан кезеңде жасалған қылмыстардың бірсыпырасына көз жүгіртіп көрейік.

АҚШ

АҚШ президенті Джордж Бушқа бірнеше рет қастандық жасалды. 2005 жылы 10 мамырда Буштың Тбилисидегі Бостандық алаңында АҚШ пен Грузия президенттері тұрған мінберге граната лақтырды. Абырой болғанда граната жарылмай қалды. Одан кейін де  Иорданияда, Болгарияда Америка президентіне қастандық жасау туралы жоспарлар болғаны анықталған.

Түркия

Ақорда

2016 жылдың 15-16 шілдесіне қараған түні, Түркияда төңкеріс әрекеті болған кезде, бүлікші әскерилер Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған демалған мармаристегі қонақүйге шабуыл жасады. Бірақ шабуыл Ердоған қонақ үйден шыққаннан кейін бірнеше минут өткенде жасалған.

Жапония

Getty Images/The Asahi Shimbun

Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэ 2022 кісі қолынан қаза тапты. Ол Жапонияның Нара қаласында парламенттің жоғарғы палатасына сайлау қарсаңында өз партиясының кандидатын қолдау үшін сөз сөйлеп жатқанда, оның артынан жергілікті тұрғын келіп, екі рет атқан.

Саясаткер жергілікті ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілгендіктен дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Салдарынан экс-премьер 67 жасында қайтыс болды.

Оқ атқан адам оқиға орнында ұсталды. Ол бұрын Жапонияның теңіздегі өзін-өзі қорғау күштерінде қызмет еткен 41 жастағы Ямагами Тецуя екені анықталды. Оның Синдзо Абэге көңілі толмайтынын, сондықтан саясаткерді өлтіргісі келген. Тағы бір ақпарат көздеріне сәйкес, Ямагами полицияға экс-премьерді шын мәнінде атқысы келген секта басшысымен шатастырып алғанын айтқан.

Абэ министрлер кабинетін 2013 жылдан 2020 жылға дейін басқарды, бұл Жапонияның соғыстан кейінгі тарихындағы ең ұзақ уақыт болды.

Сирия

2013 жылдың 29 сәуірінде Дамаск орталығында Сирия Премьер-Министрі Ваил Аль-Халкиге қастандық жасалды. Сирия Премьер-Министрі Ваил аль-Халки кортежінің өтуі кезінде жарылыс салдарынан он адам қаза тауып, 13 адам жарақат алды. Қаза тапқандардың арасында әл-Халкидің жеке күзетшісі бар, премьер-министрдің өзі зардап шеккен жоқ.

Венесуэла

ZURIMAR CAMPOS / Venezuelan Presidency / AFP

Мәселен, 2018 жылдың 4 тамызында Венесуэла президенті Николас Мадуроға қастандық жасалды. Оқиға ұлттық Боливар гвардиясының құрылуының кезекті күніне арналған шеру кезінде болды. Қастандық бірнеше жарылғыш ұшақтармен жасалды. Нәтижесінде жеті әскери қызметші жарақат алды. Алайда бұл шабуылдан мемлекет басшысы зардап шеккен жоқ.

Зимбабве

Дәл сол жылдың 23 маусымында Зимбабве президенті Эммерсон Мнангагваның сайлауалды митингі кезінде де жарылыс болды. Булавайо қаласындағы White city Stadium-да болған жарылыстан мемлекет басшысын оққоғарларын қорғап қалды. Дегенмен бірнеше енеунік пен полиция қызметкерлері жарақат алып, елуге жуық адам зардап шекті.

Мальдив аралдары

2015 жылдың 28 қыркүйегінде Мальдив аралдарының президенті Абдулла Яминге қажылық жасағаннан кейін Сауд Арабиясынан оралу кезінде қастандық жасалды. Оның қайығында мемлекет астанасы Мале қаласына жеткенде жарылыс болды. Президенттің жұбайы мен оның көмекшісі жеңіл жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.

Ливия

2015 жылдың 26 мамырында белгісіз қарулы адамдар Ливия премьер-министрі Абдалла ат-Таниге қастандық жасады. Ливия премьер-министрі Парламент отырысынан шыққаннан кейін қарулы адамдар оның көлігіне оқ жаудырды. Премьер-министр зардап шеккен жоқ, оның күзетшілерінің бірі жарақат алды.

Абхазия

2012 жылдың 22 ақпанында Абхазия президенті Александр Анквабқа Гудаута қаласының маңында қастандық жасалды. Белгісіз кісі жарылғыш жарып, кейін президенттің автоматты қару-жарақ кортежіне оқ жаудырған. Бұл шабуылда да Александр Анкваб зардап шеккен жоқ. Бірақ, сол жерде күзетшілердің бірі қайтыс болды.

Йемен

2011 жылдың 3 маусымында Йемен президенті Али Абдалла Салехке қастандық жасалды. Қарулы адамдар  президент сарайына жақын орналасқан мешітке оқ жаудырған. Йемен президенті кеуде тұсынан жарақат алып, бетін екінші дәрежелі күйікт шалғаны . Сондай-ақ, премьер-министр, вице-премьер, парламент төрағасы және дәстүрлі жұма намазына келген бірнеше саясаткер жарақат алып, президент гвардиясының төрт әскери қызметкері қаза тапты.

Иран

2010 жылдың 4 тамызында Иран президенті Махмуд Ахмадинежадқа қастандық жасалды. Ливанның "Әл-Арабия" телеарнасы хабарлағандай, белгісіз адам президенттік кортежге бомба тастаған. Қастандық Хамадан қаласында жасалды. "Әл-Арабия" мәліметінше, бір бомба журналистермен мінген көлікке тиген. Бірақ бұл қастандықтан Ахмадинежад зардап шеккен жоқ.

2004 жылы Ауғанстан президенті Хамид Карзайға да бірнеше мәрте қастандық жасалған.

Осылайша тізе берсек әлі біраз жерді шарлап қайтуға болады. Тіпті осы қарқынмен кісі қолынан қаза тапқан көшбасшылар тізімін де жасап шығуға болады.

Жалпы әлемде жалдамалы кісі өлтірушілердің, фанатиктердің қолынан, қастандықтардың, төңкерістердің және лаңкестік әрекеттердің нәтижесінде қаза тапқан көшбасшылар аз емес. Солардың арасында  Махатма Ганди, Патрис Лумумба, Джон Кеннеди, Сальвадор Альенде, Индира және Раджив Ганди, Анвар Садат, Ицхак Рабин секілді тұлғаларды айтуға болады.

Наурызбек Сарша
Бөлісу: