Әлемдегі ең бай адамдардың басым бөлігі қай елде тұрады

17 Сәуір, 15:57 963

2023 жылы әлемде ең бай адамдар қатары 42 пайызға артып, 626,6 мыңға жетті. Knight Frank тәуелсіз консалтингтік компаниясының болжамынша, 2028 жылға қарай олардың саны тағы 28,1 пайызға артып, 802,9 мыңға жетеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Knight Frank есебінше, жинағы 30 миллион доллардан асатын адамдардың басым бөлігі Солтүстік Америкада тұрады: 253,1 мың адам – бұл  бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 7,2 пайызға көп. Сонымен қатар Азия мен Еуропада да қалталылар саны артқан: тиісінше 165,4 мың және 155,2 мың адам. Сонан соң Таяу Шығыс (18,8 мың адам), Австралия (17,9 мың адам), Оңтүстік Америка (13,2 мың адам) және Африка (3 мың адам) тұр.

Елдер арасында ең бай адамдардың үштен бірі АҚШ-та өмір сүреді: 225,1 мың адам. Одан кейін тізімде Қытай орналасқан: 98,6 мың адам. Осы екі елде әлемдегі ең бай адамдардың жартысынан астамы тұрады.

Байлар саны жағынан үздік бестікке Германия (29 мың адам), Канада (27,9 мың адам) және Франция (24,9 мың адам) кіреді.

Knight Frank тізіміне Қазақстан енбеген, бірақ Forbes World's Billionaires-тің 2024 жылы жаңартылған рейтингінен алты қазақстандық миллиардерді көруге болады. Көш басына 5,8 миллиард доллары бар Вячеслав Ким орналасса, одан кейін Тимур мен Динара Құлыбаевтар (5 миллиард доллардан) келеді, сондай-ақ Владимир Ким (3,6 миллиард доллар), Тимур Турлов (3,3 миллиард доллар) және Болат Өтемұратов (2,7 миллиард доллар) бар.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: