Әлем чемпионатында бес рет жүлде алған қазақ балуаны жеңіске жетудің сырымен бөлісті

11 Ақпан, 16:11 871

Отандық грек-рим күресіндегі ең тұрақты балуан - Алмат Кебіспаев. Қай жарысқа қатысса да жүлдесіз қалмайды, кем дегенде кілемде қайсарлығымен танылып, сол біріншіліктің ең жарқын сәттеріне де себепкер болып жүр. Ол бес рет әлем чемпионатында жүлде салған Кебіспаев былтыр да дүниежүзілік додаға қатысып келді, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі Sport Plus Qazaqstan-ға сілтеме жасап.

2024 жылғы Қазақстан чемпионатына келуі көпшілікке күтпеген жағдай болғандай. 

Жарысқа келуімнің қарапайым себебі бар. Күресті жақсы көремін, өзімді кілемде керемет сезінем. Көпшілік айтқандай жасым үлкен екен деп өзімді күш-қуаты сарқылған спортшы санамаймын. Боз кілемде күрескенге не жетсін? Оған қоса бұл - грек-рим күресіне қосқан үлесім деп білемін. Өйткені бізге қарап талай бала бой түзейді. Көптеген мықты балуандар “жасым келген болар” деп 27-28 жаста күреспен қош айтысқанына куә болдым. Маған қарап біреулер үлгі алар деген үміт бар. Жасыңа емес, дайындығың мен талпынысыңа сен. Әр белдесуге дайындалып шықтым, жеребе былтыр да, биыл да оңай түспеді. Тәжірибесі мен титулы бар балуандар түгел біздің топқа тап болды. Әр қиындықтың артында жеңілдік бар, мықты қарсылас түсті екен деп бет қайтаруға болмайды. Керісінше бұл - мен үшін мотивация, демек бұл да бір шыңдалуға себеп. Төрешілерге не қандай да бір ағаларға қарап үміттенбеу керек. Өз басыңмен әуре болып, мүмкіндікті жібермеген ғана ұтады, - деді Кебіспаев. 

Атақты балуан өзінің спортқа деген көзқарасы да есейе келе қалай өзгергенін айтып өтті. 

Бұрын “келесі жарыста дұрыстап күресем” деген оймен жүретінмін. 2016 жылдан бері әр жарысқа соңғы жарысымдай қараймын. Өйткені бәрінің аузында: “Оның уақыты келді, күресті қояды” деген сөз жүргенін білемін. Біреулер сүрінгенімді күткендей сезімде болатыным жасырын емес. Ал мен себеп бермеуім керек. Қазір әлем бойынша күрес өзгеруде. Сол үшін “бұрын біз осылай күрескенбіз” деп бір қалыпта қатып қалуға болмайды. “Біздің кезімізде осылай еді” деп дайындықтың  жаңа әдістерін ысырып қою - құрдымға апаратын жол. Мінезсіз спортшы бар деп ойламаймын. Тиісті бабына келсе, осы жердегі кез келген балуанның жеңіске деген құштарлығы арта түседі. Көш жүре түзеледі, әлі талай мен деген қазақ балуандары шығады деп ойлаймын, ең бастысы дайындықты жүйелеу керек, - деді балуан.
Жансая Әділбек
Бөлісу: