Әлем чемпионатында әскер спортшылары үш алтын және төрт қола олжалады

Бүгiн, 16:22 114

Арменияда грек-рим және еркін күрестен өткен 37-ші әлем чемпионатында әскерилердің қоржыны жеті медальмен толықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Халықаралық әскери спорт кеңесі (CISM) ұйымдастырған біріншілік Карен Демирчян атындағы спорттық-концерттік кешенде өтті. Оған әлемнің 24 елінен 400 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы атынан еркін және грек-рим күресі бойынша 17 балуан мықтылығын сынға салды.

Бұған дейінде қазақстандық құраманың Еревандағы сайыстарын мәлімдеген болатынбыз. Еркін күрестен ең жоғары чемпиондық марапатты ефрейтор Мейіржан Әшіров (70 келі) жеңіп алды. Қола медальдарды грек-рим күресінен кіші сержант Айдос Сұлтанғали – 60 келі салмақта және ҚР Қарулы күштерінің қызметкері Светлана Анкичева – әйелдер күресінен (50 келі) еншіледі.

Келесі күндері ел қоржыны тағы екі алтынмен және қола медальдармен толықты. 

ҚР Қарулы күштерінің қызметкері Камиль Куруглиев 97 келі салмақ дәрежесінде Үндістан мен Моңғолиядан келген спортшыларды жеңді. Шешуші белдесуде ол Ираннан келген қарсыласынан басым түсті. 

Грек-рим күресінен ефрейтор Әлімхан Сыздықов ирандық балуанмен соңғы белдесуде өзінің артықшылығын дәлелдеп, әлем чемпионы атанды.

Қазақстан Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубы құрамасының 86 келі салмағында еркін күрестен сынға түскен Рүстем Мырзағалиев пен әйелдер күресінен (55 келі) Марина Седняя Қазақстан құрамасының қоржынын қола жүлделермен толықтыра түсті.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: