Әлем чемпионатынан соң жеңіске әлі де аш екенімді түсіндім – Нұрқожа Қайпанов

Кеше, 23:47 172

2024 жылдың соңғы еліміздің еркін күресі үшін сәтті болды деп айта аламыз. Париж төрінде кеткен есемізді Ризабек Айтмұхан мен Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионаттарында қайтарды. Ризабек қатарынан екі әлем біріншілігінде үздік шықса, Нұрқожа Қайпанов Тиранада олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша өткен біріншілікте 70 келіде топ жарды. Осылайша, Нұрқожа бірнеше жылға созылған сәтсіздікке нүкте қойғандай болды. Бұл жеңіс қалай келді, балуан 74 келіге қашан ауысады және орыс қызына үйленгенін ата-анасы қалай қабылдады? Осы және өзге де сауалдарға Нұрқожа AqyrysSeitqazy YouTube арнасына берген сұхбатында жауап берген, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.

– 74 келіде Олимпиада ойындарына бара алмаған соң 70 келіде бағымызды сынап көрейік дедік. Аллаға шүкір, жеңісіміз арқылы ел спортына аз да болсын үлес қосқаныма қуаныштымын. Олимпиадаға бара алмауымның орнын осы жеңіс толтырып кетті. Шыны керек, 2,5-3 жылдай сәтсіздіктер болды, күресім жүрмей қойды. Бірақ жетістікке жеткенде бәрі ұмытылып кетеді екен.

– Осы чемпионатқа даярлық қалай жүріп еді?

– Үйге келген соң көңіл күй болмайды, келіншегім екеуміз ақылдасамыз, сөйлесеміз. Қай жерден қателіктер кеткені бойынша кеңесеміз. Әлеуметтік желіні қарап шығамыз. Кілемде көп жұмыс істеу керек пе, әлде физикалық тұрғыда даярлықты арттыру керек пе, соны талқылаймыз.

Бір күні Дағыстанға бардық. Ол жақта күніне бес жекпе-жектен өткізіп, енді бәрі дұрыс болатын шығар десем, тағы болмады. Дархан Есенғали деген қарсыласымнан чемпионатта ұтылып қалдым. Бір айдың ішінде жүз белдесу өткізіппін, өйткені кілемде аз жұмыс істеген шығармын деген ой болды, дегенмен ол да нәтиже бермеді.

Анам жақтан туыс болып келетін Сауран дейтін ағам бар. Түркиядағы лицензиялық турнирде басым салбырап отырғанмын. Қасымда Мариям бар. Сол кісі қасымызға келіп: «Нұрқожа, еңсеңді түсірме, сен жақсы күрестің» деді. Сол сөз маған кәдімгідей қуат бергендей, арада 15 минут өткенде мүлде басқа адам болып шыға келдім. Себебі «жақсы күрестің» деген сөзді соңғы рет қашан естігенім есімде жоқ. Тіпті бапкерім Аян Бейсембаев та кемшіліктерімді айтып жатқан. Кейде бапкерлер де қателік жасайды. Ал маған Сауран ағаның сол сөздері еркіндік, сенім сыйлағандай болды.

Уақытынан бұрын жеңіске жетіп жүрдім, менен жеңілген балалардың бәрі жарыстарда маған үміт артады. Іште мен солардың үмітін ақтай алмадым деген күйініш болды. Елдегі қарсылас балалардың жолын байлап жүргендей сезіндім. Не оларды жібермейсің, не өзің жетістікке жетпейсің.

Сауран ағаның сөздерінен соң ЦСКА-дағы бапкер Камал Мәлікұлы, Сауран аға мен Аян аға төртеуміз жұмыс істедік. Әрине, сын керек, талап ету де дұрыс. Өйткені бұл біздің міндетіміз. Бірақ кейде адамға бір ауыз жылы сөз жетпей жатады. Шын ниетпен қолдай алатын, қажет кезде дұрыс сөздер таба алатын адамдарың бар кезде жеңілу де қорқынышты емес. Осы чемпионатта даярлық жақсы болды. Камал аға кілемде жұмыс істеуге мән берсе, Сауран аға психологиялық тұрғыда қолдау көрсетті. Одан қалды ата-анам да шамасы жеткенше қолдап, тілектерін білдіріп жатыр. Жан жарым да үнемі қасында. Сәтсіздіктерден шаршағанда «күресті тастаймын» десем, «сонша жылғы еңбекті еш етпексің бе, берілме, қолыңнан келеді» деп қайрап отырады. Өзі де балуан болған соң үнемі қолдап жүреді. Тіпті осы чемпионатта оқу-жаттығу жиындарына бармай, жаттығу кезінде менің қасымда тамағымды дайындап беріп отырды. Диетологтармен сөйлесіп, мамандардан кеңес алып, бәрін даярлап жүрді. Өйткені бірінші рет салмақ қудым. 74 келіге аса көп салмақ қумайтынмын, себебі өз салмағым 76 келі. Бір жаттығуда-ақ түсіріп аласың. Ал 70 келіге түсу өте қиын болды. Денеде май жоқ, тек бұлшық ет, салмақ кетіп болмады. Сондықтан қатаң диета ұстадық, күнделікті тамағымызды суретке түсіріп, мамандарға жіберіп отырдық.

– Әйеліңіз қашан да сізді қолдап жүреді. Тіпті сіздің мансабыңызды өзінікінен биік қойып тұрған секілді ғой...

– Мойындау керек, солай болып тұр. Маған көбірек үміт артып отыр. Күресін қараймын, көңіліне тиіп кетпес үшін ақырындап қана кемшіліктерін айтамын, қалай дегенмен мені жетсе екен деп жүгіріп жүргенін білемін ғой. Тамағымды дайындап, көңіл күйіме қарап, жеңсе екен деп тырысады. Мен жеңіске жеткенде де өзі жеңгендей қуанады.

Марапаттау рәсімінде ең алдымен әйеліме қоңырау шалып, үйдегілерді құттықтадым. Бәрі теледидардың алдында отыр екен. Қай жағдайда да сен ең алдымен отбасыңа керексің ғой. Сондықтан бірінші болып осы кісілермен қуанышымды бөліскім келді. Анам төменгі қабатта үйдің шаруасын істеп жүрген, қалғандары күрес қарап отыр екен. Сонда анам: «бұлар қашан қуанып айқалайды екен деп күтіп жүрдім» дейді. Өйткені уайымнан тыпыршып отыра алмапты. Әдетте анам өте сабырлы, талай жарысымды келіп көрді ғой. Бірақ эмоцияға берілмей, үнсіз отыра беретін. Бірде Әлішер Ерғалидің әкесі «балаңыз үшін уайымдамайсыз ба?» деп таңғалып сұрапты, ал бұл жолы ерекше уайымдаған. Сондықтан жақын адамдарымды қуантқаныма бақыттымын. Әйтпесе еңбегің еш кетіп, бәрі бекер секілді көрінген кездер болды. Әйтеуір бұл жеңіс соның бәрін жуып-шайғандай.

Кешегі әлем чемпионатында жапонды ұтқанда, ол еңсесін түсірудің орнына менің қолымды көтеріп, құттықтап жатыр. Ол да бір ерлік деп ойлаймын. Біз жеңілгенде, ызадан жылап қаламыз. Ал олар жеңілісті де көтере біледі. Қарсыласқа да құрмет көрсете алады. Бізге де осыны үйрену керек. Жігіттерге сенім арту керек, бірақ сенім артамыз деп олардың мойнына ауыр жүк ілінбеуі керек. Арқаларынан қағып, «бәрі жақсы болады, күресіп келіңдер» деу керек. Жауапкершілік емес, сенім сыйлау қажет деп ойлаймын. Әйтпесе онсыз да уайымдап тұрған спортшы жарыс жолына шыққанда білгенінен жаңылып жатады.

– Спортшылар шынымен де көп қысым көреді. Осындай сәттерде сіздермен жұмыс істейтін психологтар бар ма?

– Жоқ. Жақында министрмен кездесу өтті. Ол кісі спортшыларды қандай жаңашылдықтар күтіп тұрғанын айтып, өзіме ол кісінің сөздері ұнады. Психологтар, түрлі мамандар, әлеуметтік желі секілді тақырыптарды да көтерді. Керек мамандарды шақыртамыз деп отыр. Ресми кездесудегідей емес, дастархан басында емен-жарқын сөйлестік. Біраз мәселені Жәмила Бақбергенова айтты, біз тасада жүргендіктен, ойымызды көп айта да бермейміз ғой, тыңдадық.  

– 74 келіде бәсекелестік жоғары. Талай мықты осы салмақта күреседі. Сіз де талай жыл жүрдіңіз. Дегенмен сіздің бұл салмақта неліктен жолыңыз болмады деп ойлайсыз?

– Париж олимпиадасын қарап отырсам, Разамбек Жамаловтан да, жапон балуанынан да ұтылыппын. Қателіктер болған шығар, күресім жүрмей қойды. Қазір сол тактиканың бәрін өзгертіп, жаңашылдықтар енгізіп жатырмыз. Камал ағалардың арқасында күресім жаңа деңгейге өсіп жатыр деуге болады. Аян аға екеуі екі жақтан білгенін үйретіп жатыр.

Ал 70 келіге ауысу Сауран ағаның ұсынысы болды, менің ондай ойым да жоқ еді. Өзім қорықтым, үлгермей қаламын деген күдік те болды. Бірақ Сауран аға «ауысасың» деп нақты тапсырма берді. Сол кісілердің арқасында жоспарымыз жүзеге асты.  

– Сұхбатыңызда 74 келіге қайта оралатыныңызды айтыпсыз. Осы жөнінде толығырақ өз аузыңыздан естісек.

– Бұрын жаттығуды өзім істей беретінмін, сол қате болған екен. Ойыма түскен кезде залға кететінмін. Қазір ағайларға хабарласып арнайы тапсырма аламын. Сол жоспар бойынша жұмыс істеймін. Қандай жарысқа қатысатынымызға, қалай дайындалатынымызға қатысты жоспарды Камал аға құрады.

– Әлем біріншілігінен соң темір тұлпар мінгізді, құтты болсын дейік. Бірақ балуандарға берілетін сыяпат боксшылармен салыстыруға келмейтін шығар...

– Шүкір деу керек. Тым асыра сілтеп жіберу де дұрыс емес. Бұл соңғы әлем чемпионаты емес, алда талай жарыс бар, Олимпиада ойындары бар.

Әлем біріншілігінде жеңіске жеткенде, ерекше қуанатын шығармын деген ой болған, қалай дегенмен ұзақ күткен нәтиже ғой. Бірақ әлі аш екенімді түсіндім. Енді 74 келіде Олимпиадаға барғандардың бәрін ұтуым керек. Бір қадам қалды ғой, бірақ сол қадамды жасау үшін де өте көп жұмыс істелуі керек. Себебі енді қарсыластар саған қарсы арнайы дайындалады. Сені әбден зерттейді, сондықтан жаңа әдістер ойлап, соларды шыңдауың қажет.

– Келіншегіңіз Мариям да балуан. Екеуіңіз қалай танысып едіңіздер?

– Бір-бірімізді оқу-жаттығу жиындарында көріп жүргенімізбен, тек амандасумен шектелетінбіз. Негізгі таныстық инстаграмда басталды. Сөйлесіп жүрдік. Үйдің үлкенімін. Сондықтан әке-шешім үйленуің керек деп міндеттеді. «Келіндерің күресіп жүр» деп қоямын.

Мариям ұлты қазақ болмаған соң, ата-анам бастапқыда қарсы болғаны рас. Анам орысша түсінгенімен, сөйлесе алмайды, ал Марина, керісінше, қазақша сөйлей алмайтын. Анам «бұл қалай болар екен» деп біраз уайымдады. Мариямға қазақ тілін үйренуге бір ай уақыт бердім.

Таңертең жаттығуға кетіп бара жатып ата-анама кешке келін алып келетінімді айттым. Кешке Мариям, ата-анам төртеуміз отырып сөйлестік. Әкем: «дінді қабылдайсың ба, ол жағы қалай болады?» деген секілді сұрақтар қойып еді, ол мүдірместен жауап берді. Ата-анам сол кезде ешқандай қиындық болмайтынын түсінсе керек, жылы қабылдады. Бірер күннен соң әкем хабарласып: «Мариямды ренжітуші болма» деп ескерту айтты. Ал Марина ислам дінін қабылдап, атын Мариям деп өзгертті. Сәлем салады. Тіпті бір жылдан соң оқу-жаттығу жиындарына барғанда, қыздардың бәрі «қазақшаны қалай үйреніп алдың» деп таңғалыпты.

Қайын жұртым Қостанайда, қонақ болып барғанда қазақы дәстүрмен күтіп алды. Ата-енемнің ұлты орыс болғанымен, қазаққа жақын кісілер, жақындарының барлығы қазақтар, дәстүрді, дінді ұстанады, өзім таңғалдым.

– Мариям күресті жалғастырады деген ортақ шешім бе?

– Мариям келін боп үйге келген соң бір жылдай күрескен жоқ. Спортты қоятынын да айтқан. Өйткені бала күтімімен отырды. Үйде он адамбыз, сондықтан маған қиын болмасын деген оймен күреске оралу туралы шешім қабылдады. Алдымен ата-анамыздан рұқсат сұрадық, ол кісілер қарсы болған жоқ.

– Балаларыңызға ата-анаңыз қарайды ғой?

– Иә, сол кісілердің баласы. Спортта жүрген соң көп нәрсені күшпен шешеміз деп ойлаймыз, бірақ өмірде біз түсінбейтін, білмейтін дүниелер көп. Осы тұрғыдан алғанда ата-анам бар білгенін үйретіп жатыр. Жаттығуда не жарыста жүреміз, тәрбиесіне де көңіл бөле алмаймыз, есесіне ата-әжесі алақанына салып отыр. Мариям босанып келген соң арада бір ай өткенде, баланы өздерінің қасына алды. «Сендер демалыңдар, өзіміз қараймыз» дейтін. Шүкір, тәп-тәуір болып өсіп келеді. Сондықтан екеумізге алаңдамай күресуге жағдай жасап отыр. Анам гимнастикамен, әкем футболмен шұғылданған, тиісінше спорттың ауыртпалығын жақсы біледі.

Отбасы деген – үлкен күш. Бұрын аса түсінбейтінмін, қазір үйге тартады да тұрады. Әкеңнің ақылын тыңдағың келеді, балаңның қасында болғың  келеді. Алтын алған соң ғана осы нәтиженің бәрі сол кісілердің арқасы екеніне көз жетті. Қай-қайсысымыз да үйден әкемнің батасын алмай шықпаймыз.

Асқар Таудай
Бөлісу: