16 Қазан 2014, 09:29
Камера қай жерді түсірсе де, Нидің таблодан көз алмай, әлденеге мазасызданып жүргенін көресіз. Бейне бір математик дерсіз. Спортшылардың күш-қуатын, әл-дәрменін арифметикаға салып есептейді. «Төрт алтын аламыз» деп алдын-ала сенімді түрде кесіп-пішуінде де бір гәп бар екен. Дегеніне жетті. Тіпті, үйде жүріп тау көтеретін, көпшілік алдында қысылып-қымтырылып қалатын Алмас Өтешовтің де қаншалықты қарулы екендігін дәлелдеді.
Зілтемірден 4 алтын алдық. Мұндай медальдар жиынтығын бүкіл Олимпиадаға аттанған ұлттық құраманың спортшылары да бағындыра алмаған болатын. Енді міне, Қазақстанды әлем дем арада танып үлгерді. Оған спортшылардың қосқан үлесі зор. Бірақ, бапркерлердің де еңбегін ұмытпайық. Илья Ильинді биікке көтерген Вилорий Пак болатын. Бірақ, Пактың талапшылдығы, еңбекқорлығы Ильяның шымбайына батып кетсе керек. Қазір Илья Тойшан Бектеміров және Ержас Болтаев сынды қазақ жігіттерінің ақылын тыңдап жүр. Қос қазақтың қарауында жүріп бір мәрте Әлем және олимпиада чемпионы атанды. Ендеше Ильяны дайындаған қос бауырымызға да қол соғып қоялық. Әсілі, Ержастың кезінде Алматыдағы Азиаданың жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқан іскер әрі тәжәрибелі жігіт екендігін де біреу білер, біреу білмес.
Біздегі зілтеміршілердің дені алтын алуға лайықты спортшылар. Бірақ, жарыста күштің мөлшері емес, моральдық, тактикалық текетірестер жиі орнайды. Мәселен, Подабедова мен илья Ильиннің орыс қарсыластары ешқандай да кем емес. Міне, осы тұста Ни бапкердің сұңғылалығы мен көрегенді үлкен рөл атқарды. Ол спортшылардан қанша көтере алатындығын сұрап жатпайды. Қажетті тапсырысын береді де, көзілдірігін тағып алып, арлы берлі басқа елдің спортшыларын таразыдан өткізіп жүреді. Кімнің сенімі, кімнің төзімі мықты екендігін тек Нидің көзімен ғана анықтауға болады.
Ни білікті бапкер ғана емес, шәкірттеріне керек кезде диктаторлық ете алады. Ол кездейсоқ жүлде мен сәттілікті құп көрмейді. Оның «асыраған» спортшылары темірдей тәртіп пен жүйелі түрде дайындықтың жемісін беруі тиіс. Сонда ғана бапкердің көңілі шат.
Чиншанло чемпион болған күннен бастап, қытайлар «Бармысың, бауырым!» деп іздеу салуда. Талантын дер кезінде танымаса, енді «қазаққа Зүлфияны жалға беріп едік» деп жыламсыраудың не қажеті бар. Міне, осы миллиардтардың арасынан көріне алмай жүрген қыздарды Қазақстанға әкеліп, жағдайын жасап, жүлдеге қарқ қылып отырған Нидің арқасы. Боз кілемде күресіп жүрген Алмас Өтешовтен де толағай жасаған осы Ни.
Алексей Ни 1961 жылдың 24-тамызында Тараз қаласында дүниеге келген. Ең бірінші мамандығы – инженер-гидротехник. Одан соң, Алматыдағы денешынықтыру институтын тәмамдап, спортқа білікті маман келді. Кеңес одағы тарап, экономикамен бірге спорттың да тігісі сөгілген сәтте қазақ ауыр атлетикасының тізгінін ұстады. Ол – қазақ тарихында Олимпиадаға бапкерлік топпен бірге бес рет барған ең тәжірибелі маман. Оның айтуынша, қазақ ауыр атлетикасынан ұлттық құрамада 30 атлет жүрсе, соның барлығын келімсектер емес, денін қазақтар құрайтынын да жасырмайды. Сондықтан, ол қазақтардың тізімін алдағы уақытта әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында көретін боламыз.
Ауыр атлетиканың қарыштап дамуы басқа салаға бет бұрған қаншама бапкерлердің бетін бері қаратты. Оған Нидің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бапкер болса, талант та табылады. Әсіресе, Ни секілді Күреңбай көзділер болса, тасада қалған таланттардың бағы ашылады. Бізде әлі күнге дейін Храпатый секілді республикамыздың әр бұрышынан таланттарды шаммен іздеу орын алып жатқан жоқ. Мүмкін, бұл олқылықтың орнын да Алексей Ни толтырар...
Жандос Байділда.