Александр Жемчужников: "Қазақтың күйінде кристалды форма бар"

24 Желтоқсан 2018, 17:30 5506

Ресейлік композитор Александр Жемчужников қазақ фольклорымен қалай танысқаны жайлы әңгімелейді

"Мне снился сон, в нем Даулеткерей рассказывал о небе"... Дәулеткерейдің күйлерін іздеп отырғанда осы әуенге көзім түсті. Музыкалық шығарма авторы ресейлік композитор Александр Жемчужников екен. Іздестіре келе, бұл туынды қазақтың белгілі тұлғаларының есімі қолданылған жалғыз шығарма емесін білдім. Композициялар "Размышления старика Йозефа после дружеской беседы с Курмангазы", "Видения Абылай хана" деп жалғаса береді. Музыкалық шығармалардың өзі мен атауындағы сырды композитордың өзінен білгенді жөн көрдім.  

Фото: uralterrajazz.ru

- Александр, бір сұқбатыңызда музыкамен тек 18 жасыңызда айналыса бастағаныңызды айтыпсыз. Қызығушылық қалай пайда болды?

- Музыкаға деген махаббат бала кезден бар еді. Ал 18 жасымда гитараға қызығушылығым оянып, үйрене бастадым. Сөйтіп жүріп достарыммен бірігіп, рок-группа құрдық. Білімімді арттыру үшін музыкалық училищеге түстім. Алайда ол жерде гитара бойынша сабақ болмады, тек балалайка бар екен. Еріксіз соны таңдадым, бірақ қазір ол таңдауым үшін  еш өкінбеймін.

Ал егер нақты қазақ фольклорына келетін болсақ, оның өз тарихы бар. Консерваторияда білім алып жүргенде қолыма бір кітап түсті. Оны ұсынған ұстазым Владимир Кобекин еді. Сол үшін оған алғысым шексіз. Ал кітап А. Затаевичтің “Қазақтың 1000 әні” болатын. Әрине, кітап әуенді естігендегі әсерді жеткізе алмайды. Бірақ маған музыкадағы бір мәнерде (лад) басталып, өзгеше аяқталатын, ойлағаныңнан мүлдем басқаша түрлене түсетін оралымды мелодика ұнады.

Содан кейін үш рет Қазақстанда болдым. Домбыра сатып алып, аздап ойнап үйрендім, осылайша күйдің құрылымымен таныстым. Бұл мен үшін өте қызық болды. Қазір анда-санда Құрманғазының күйлерін ойнап тұрамын. Жалпы, қазақтың ұлттық музыкасын терең зерттедім демеймін. Ноталарға қарап, оны ойнауға тырыстым. Бір күй, екінші, үшінші... Ол (күй) мені бірден баурап алды. Маған интуициялық, эмоционалды тұрғыда да жақын. Қазақ әндерінде де өзіне тән мелодика бар. Мен үшін қазақ фольклоры екінші, жоқ тіпті, орыс фольклорымен қоса бірінші орында тұр деуге болады (күлді).

Сондай-ақ бос уақытымда татар-моңғол басқыншылығының тарихын зерттегенді ұнатамын. Түркі-моңғолдарға қатысты тарих үнемі қызықтыратын. Ал қазір біраз еңбекпен танысқаннан кейін, мектеп кезінде біз оқыған тарихтың сәл бұрмаланғанын, оны неліктен бұрмалағанын түсіне бастадым. Әрине, бірін асырып, бірін жасырып жазған әдебиеттер жетерлік, ал ақиқат үнемі орта тұста екені белгілі. Содан да болар дала мәдениетіне қызығушылығым бәсеңдемеді. Ал қазақ фольклоры болса, жүрегімнен ойып тұрып орын алды. Моңғол, қырғыз фолькорымен де жақсы таныспын. Бірақ қазақтың ұлттық музыкасының өз “фишкасы” бар, оны тіпті қалай түсіндірерімді білмеймін.

Сізбен сөйлесіп отырып, есіме түсіп кетті. Әжелерімнің бәрі “таза орыспыз” десе де, бойымда басқа ұлттың қаны бар сияқты көрінетін. Осыдан он жылдай бұрын бір туысымыз шежіремізді зерттеді. Арғы аталарымыз граф болған екен, ал графтардың тегінде қан араласу жиі болған ғой. Бәлкім алыс аталарымның бірі қазақ болған да шығар (күлді).

А.Жемчужников. "Размышления старика Йозефа после дружеской беседы с Курмангазы".

- Сіз бұрынғының композиторларымен диалог жүргізесіз бе? Бұл сұрақты қойып отырғаным, шығармаларыңыздың атауы ерекше екен.  

-  Жоқ, ешкіммен диалог жүргізбеймін, яғни елестетпеймін, тек өнеріне қызығамын. Маған ұнайтыны - күйдің формасы, оның құрылымы. Әбден кемеліне жеткен форма. Көптеген опустарымды (шығармаларымды) осы формада жазуға тырысамын. Ал әуендердің атауына келер болсам, ол жерде Дәулеткерей не болмаса Скарлаттидің есімін көрсеңіз, ол сол шығармада аталған композиторларға тән элементтердің барын білдіретін болар. Болмаса Құрманғазы мен Йозеф Гайдн. Жалпы айтқанда, классицизм өкілдері. Меніңше, қазақтың күйінде кристалды форма бар. Ал шығарма атауында үнемі сыр болуы тиіс деп ойлаймын.

Шығарма ішінде екі композитордың диалогына келер болсам, маған мысалы керемет блюзмен Джон Ли Хукердің өнері қатты ұнайды. Бір шығармамда Джон Ли мен Құрманғазыны біріктіріп көрдім. Құрманғазы дегенде оның шығармасы емес, тек жаңағы айтқан күйдің кристалды формасы бар. Нота бойынша қарайтын болсаңыз, ол әрине блюз. Бірақ екі мәдениеттің қиысуы арқылы мүлдем басқа музыка дүниеге келеді.

Айтпақшы, қазіргі қазақстандық композиторлардың да шығармаларымен таныстым. Таңданысымды жасырмаймын. Музыкалық мәдениеті осынша бай халықтың өкілі бола тұра, кез келген еуропалық музыкант жазатындай дүние жазу, меніңше, күпірлік секілді. Бұл тұрғыда мен территориялық немесе генетикалық ерекшелікті құптаймын. Жаһандану жақсы әрине, бірақ өзіңнің кім екеніңді, тарихыңды естен шығармау керек.

- Ал қазақ және орыс музыкасында ұқсастық байқадыңыз ба?

- Қазақ және орыс музыкасында айтарлықтай ұқсастық байқадым дей алмаймын. Тек домбыра балалайканың “арғы атасы” сияқты көрінетіні болмаса. Сондай-ақ халық әндерінде де (наигрыш) ортақ тұстар болған шығар деп ойлаймын. 

- "Мне снился сон, и в нём Даулеткерей рассказывал о небе" қалай туды?

- “Мне снился сон, в нем Даулеткерей рассказывал о небе” шығармасы 8 пьесадан тұратын цикл. Мұнда әуелде айтқан Дәулеткерей мен Скарлаттидің шығармашылығы араласқан. Дәулеткерейдің күйі басқалармен салыстырғанда әуезді, байсалды. Неге Дәулеткерей мен Скарлатти? Меніңше, классицизм мен қазақ фольклорында жеңіл қабылдануы, тазалығы мен ұғымды болуы жағынан ұқсас тұстары көп сияқты.

 

А.Жемчужников. "Мне снился сон, и в нём Даулеткерей рассказывал о небе". 

- Музыка композитордың философиясымен астасып жатады ғой. Сіздің шығармаларыңыз қандай ойды арқалаған?

- Шығармалардағы ортақ ой туралы сұрағанда есіме Канчелидің айтқаны түседі. Одан музыкаңыздың концепциясы қандай деп сұрағанда, “Мен жай ғана баяу музыка жазамын” деген екен. Мен де жай ғана музыка жазамын, қандай да бір концепция болмаса жаһандық мәселе туралы ойлаймын деп айта алмаймын. Музыка мен үшін - гедонизм. 

- Музыка адамдарды қандай күйге бөлеуі керек? Тек қуаныш пен шаттық әлде қайғы-қасірет? Өзіңізге олардың қайсысы жақын?

- Музыка барынша әртүрлі болуы керек. Мысалы қазақ күйлерінен алған әсерді орыс музыкасынан таппауың мүмкін, немесе керісінше. Болмаса рэп тыңдасаң, мүлдем басқаша күйге бөленесің. Жақсы тыңдарман болсаңыз, тыңдау да қызығырақ. Мен де түрлі музыканы жақсы көремін. Бірде көңілді, бірде қайғылы әуенді тыңдағым келеді. Ең жаманы - тыңдап жатқан әуенді түсіне алмау, ол музыканың ешқандай ой салмауы, зейініңді ұстап тұра алмауы. Тіпті музыка экспериментальды болса да, тыңдарманның назарын ұстап тұруы тиіс деп ойлаймын.

- Ал қазақстандық оркестрлермен бірге жұмыс жасап көру жайлы ойламадыңыз ба?

- Ол бойынша қандай да бір идеям бар деп айта алмаймын. Бірақ қазақ фольклорындағы бір сюжетке опера жазсам ба деген ой болған. Ал жалпы айтсам, қазақстандық оркестрмен, мейлі халық аспаптары оркесті болсын, қуана жұмыс жасар едім.

- Құпия болмаса, қандай сюжет?

- Ақсақ құлан.

- Керемет! Сұқбатыңызға рақмет!

Перизат Кәрімқұл
Бөлісу: