АЛЕКСАНДР ТАРАКОВ: ҚХА ТЫҢ СТАРТАП ЖОБАЛАРҒА ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕДІ

11 Желтоқсан 2018, 03:10 1869

Бүгін ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ жастар стартаптарын қолдауды қамтамасыз ету бойынша кеңес өткізді.

Бірқатар министрліктер мен ведомстволар, «Атамекен» ҰКП, «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесті «Қоғамдық келісім» РММ директоры Александр Тараков кіріспе сөзімен ашып, жаңадан бастаған жас таланттарды, өнертапқыштарды қолдау жөнінде Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өз уақытында тапсырма бергенін алға тартты.

«Біз үнемі барлық жаңалықты қалт жібермей, өңірлердегі өкілдерімізге жүгінген жас стартапшылардың жобаларын бақылап, ілесіп жүреміз. Бұл үдеріске одан да үлкен салмақ қосып, мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету үшін де бүгінгі кеңесті өткізіп отырмыз», – деді А. Тараков.

Кеңес барысында ҚХА бақылауындағы стартап-жобалар қаралды.  Қатысушылар қандай да бір стартаптарды ілгерілетуде орын алып отырған проблемалармен бөлісті. Мысалы, стартап авторларының бизнес-жоспарлары немесе кепіл мүлкі жоқ. Көптеген адамдар жастар стартаптары үшін де орны бар шағын және орта бизнесті қолдаудың басқа бағдарламаларының бар екендігі туралы білмейді. Кейбір жобалар қазірдің өзінде жаңа болып табылмайды және қандай да бір дәрежеде өндіріске енгізілу үстінде болып шыға келеді.

Кеңесте жоба авторларымен кездесу, олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, оларды кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларымен таныстыру, жан-жақты көмек көрсету маңызды екендігі атап өтілді.

"2019 жыл Қазақстанда Жастар жылы болып жариялануына байланысты осындай қолдаудың маңыздылығы артады. Жастар стартаптарының барлық жобаларына мұқият назар аударуыңызды, оларға әкімшілік кедергілер қоймауын сұраймыз. Өз тарапынан ҚХА жаңа стартаптарға жан - жақты қолдау көрсету үшін қолда бар барлық ақпараттық ресурстарды пайдалануға дайын", - деп сөзін қорытты Александр Тараков.

Бөлісу: