Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Александр Недовесов Шанхай мастерс турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
А.Недовесов эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге екінші айналымда жарыстың 2-ракеткалары, нидерландтық Уэс Колхоф – ұлыбританиялық Нил Скупскимен шеберлік байқасты.
Бірінші партия тартысты өрбіп, тай-брейкте Колхоф – Скупски сәттірек ойнады – 7:6 (7:2). Олар екінші сетте де есесін жібермеді – 6:4.
Бір жарым сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Недовесов пен Эскобар 5 эйс қана жасай алды. Қарсылас жұп 3 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды.
Осылайша, Шанхай мастерс додасында Қазақстаннан ешкім қалған жоқ. Михаил Кукушкин мен Бейбіт Жұқаев жекелей сында кеше қарсыластарына жол берді.