Алдағы үш жылда сүт өндіру көлемі екі есеге артады – Сапаров

5 Шілде, 04:20 556

«PRO Milk.’24» сүт фермасы және өңдеу бойынша үшінші халықаралық форумда 12 елден 500-ден астам сүт өндірушілер мен қайта өңдеушілер, сарапшылар бас қосты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

АШМ мәліметінше, іс-шараға қатысушылар екі күн бойы сүт өнеркәсібінің Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де даму перспективаларын талқылайды.

Форумға қатысушыларды құттықтаған ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мемлекет пен бизнестің өзара белсенді іс-қимылынсыз саланың табысты дамуы мүмкін еместігін атап өтті.

Осы өзара іс-қимыл шеңберінде Қазақстан сүт секторын қолдау бойынша маңызды шаралар қабылдады.

Осы шаралардың бірі саланы дамытуға қомақты қаржы бөлу.

Мәселен, 2023 жылы сүт өндіру, жасанды ұрықтандыру кезіндегі ұрық және асыл тұқымды мал сатып алу құнын арзандатуды субсидиялауға 35 миллиард теңге бөлінді.

Министр мамандандырылған сүт-тауарлы фермалар өнім көлемінің прогрессивті өсуін көрсетіп отырғанын атап өтті. Соңғы 3 жылда МТФ-да сүт өндіру 20 пайызға дерлік артып, 600 мың тоннадан асты.

Жалпы, өткен жылы сүт зауыттары 2,1 млн тонна сүтті өңдеген. Кәсіпорындарды сапалы шикізатпен қамтамасыз ету үшін 2023 жылдан бастап 65 заманауи сүт-тауар фермасын салу үшін жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы іске қосылды.

Бұл мақсатқа 100 млрд. теңге бағытталды. Салада мұндай жеңілдікті қаржыландыру көлемі бұрын-соңды болмаған. Алдағы 3 жылда осы бағдарлама бойынша 118 жоба іске асырылатын болады, бұл сүт өндірісінің көлемін екі есеге ұлғайтуға және бұл көлемді 1,2 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, - деді Айдарбек Сапаров.

Министр сондай-ақ сүттің өзіндік құнын төмендету бойынша ведомство қабылдап жатқан шаралар туралы айтты.

Өңдеуге кететін шикізат құнының 70 пайызына дейін жем шығыны құрайтыны белгілі. Олардың құнын төмендету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі өнімділікті арттыру, егіс алқаптарын әртараптандыру және суаруды дамыту бағытында жұмыстар жүргізуде.

«Биыл алғаш рет егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікті несиелендіру көлемі 3 есеге ұлғайып, 580 млрд теңгені құрады. Бұл 9 млн гектарды немесе егіс алқабының 38 пайызын қамтиды. Мал азықтық дақылдардың егіс көлемі 3,2 миллион гектарға дейін ұлғайтылды. Тек тауар өндірушілерге ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарға да мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде.

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспары әзірленіп, қабылданды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі 5 жыл ішінде өңдеуді дамытуға бөлінетін 372 млрд теңгені бюджеттік комиссия алдында қорғады. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыруға 222 миллиард теңге қарастырылған. Қабылданған шаралардың барлығы өңделген өнім өндірісін арттыруға мүмкіндік береді, - деді министр.

Сондай-ақ форум аясында «QAZMILK INDUSTRY INVEST'24» сүт бизнесіне қатысушылардың «Ферма экономикасы», «Фермер қожалықтарының құрылысы және модернизациясы» инвестициялық кездесуі, «Өңдеу кәсіпорындарының зауыттары мен зертханаларына қойылатын талаптар», «Жаңа сүт өңдеудегі технологиялар мен мүмкіндіктер» және т.б. тақырыптық сессиялары өтеді.

Қатысушылар тәжірибе алмасып, даму стратегияларын әзірлеп, ынтымақтастықтың жаңа жолдарын таба алады.

Айта кетейік, шараны QazaqSut Сүт және құрама тұқымды мал палатасы Қазақстанның Сүт одағымен және Ет-сүт одағы Агро Индустрия KZ серіктестігімен бірлесіп ұйымдастыруда.

Зарина Арман
Бөлісу: