Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қазақстан азаматшасын аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қырғыз Республикасынан экстрадициялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бас прокуратура мәліметінше, аталған тұлға 2023 жылдың маусымында адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша Алматы қаласындағы банктердің біріне клиенттердің атынан олардың банктік шоттарына тіркелген абоненттік нөмірлерін өзгерту туралы хабарламалар жіберіп, осылайша банк шоттарына қол жеткізген.
Осыдан кейін күдікті қашықтан қол жеткізу арқылы 5 жәбірленушінің шотынан «дропперлердің» банктік шоттарына ақша аударып, олардың қаражатын иемденген. Оның қылмыстық әрекеттерінің салдарынан жәбірленушілерге 230 миллион теңгеден астам шығын келтірілген, - делінген мәліметте.
Биылғы қаңтарда ол Бішкек әуежайында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Отанына экстрадицияланды.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.