Алаяқтар сіздің атыңызға несие рәсімдеген жағдайда не істеу керек

15 Қаңтар, 21:35 3302

Алаяқтар сіздің атыңызға несие рәсімдеген жағдайда не істеу керек? Ол несиені төлемеуге бола ма? Мұндай алаяқтықтың қалай алдын алуға болады? Бүгін осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.

Интернет алаяқтар қолданушылардың жеке мәліметтерін ұрлап алып, теріс пиғылда пайдалану үшін түрлі жолдар қарастырады. Соның ішінде сіздің атыңызға несие рәсімдеуі де мүмкін. Мұндайда не істеу керек, осыған тоқталсақ.

№1. Сіздің атыңызға несие рәсімделгенін қалай білуге болады

Сіздің атыңызға заңсыз түрде несие рәсімделгенін несие тарихынан көре аласыз. Өз несие тарихыңызды бақылап отыру – алаяқтардан қорғанудың бірден-бір жолы. Кредиттік бюролардың дерекқорында Қазақстан бойынша әрбір банктің және кредиттік ұйымның барлық қарыз алушылары туралы мәліметтер бар. Егер сіз кем дегенде бір рет несие алған болсаңыз, онда несие туралы ақпарат, кешіктіру секілді мәліметтер толықтай осы дерекқорда көрсетілген.

Fingramota.kz мамандары ара-тұра несиелік бюродан жеке несиелік есеп алып отыруды ұсынады. Бұл қазір несиесі жоқ адамдарға да, ешқашан несие алмаған адамдарға да қатысты.

№2. Несиелік есеп туралы нені білу керек

Жеке несиелік есепті несиелік бюродан алуға болады. Олардың саны екеу: Мемлекеттік несиелік бюро және Бірінші несиелік бюро, сондай-ақ электронды үкіметтің онлайн-сайтында да қолжетімді.

Жеке несиелік есепті тоқсанына бір рет қана сұратумен шектеліңіз, одан жиі алудың қажеті жоқ. Несие есебін жылына бір рет алу тегін.

Несие беру кезінде банк сізден несиелік бюродан несиелік есебіңізді сұрату үшін жазбаша рұқсат алуы керек.

Әрбір несиелік ұйым несиені беру немесе одан бас тарту туралы шешімді өзі қабылдайды. Несиелік бюролар шешім қабылдауға қатыспайды және оған әсер ете алмайды. Бұл ретте кредиттік ұйым қарыз алушыға сенуге болатыны не болмайтыны туралы шешімді қабылдар кезде кредиттік бюродан алынған деректерді ескереді.

Несиелік бюролар несие тарихын несие туралы соңғы мәлімет алынған сәттен бастап кем дегенде 10 жыл бойы сақтайды.

Жеке несие есебіндегі ақпарат құпия болып табылады, сондықтан оны өзгелерге көрсетпеңіз.

№3. Несиелік ұйым сізге қандай ақпарат беруі керек

Алаяқтар сіздің атыңызға қандай несиелік ұйымда несие рәсімдегенін анықтағаннан кейін, сіз осы ұйымға барлық ақпаратты егжей-тегжейлі көрсете отырып өтініш жаза аласыз. Төлем картасын немесе жеке басын куәландыратын құжатты жоғалтқан жағдайда, оны растайтын анықтаманы қоса ұсыну қажет.

Міндетті түрде ішкі қызметтік тергеу жүргізуді талап етіңіз. Сіздің өтінішіңіз тіркелуі керек, өтініш қабылдаған күн көрсетілген тіркеу нөмірі сізге берілген өтініштің көшірмелеріне де қойылуы керек, осыны жіті қадағалаңыз.

Сонымен қатар несиелік ұйым сізге шарттың, оған қосымшалардың және жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін, сондай-ақ ақша аударылған шоттың деректемелерін ұсынуы керек. Сіздің несиеңізді рәсімдеген және келісімшарт жасаған қызметкердің мәліметтерін де нақтылап сұрап алыңыз.

Кредиттік ұйым құжаттарды ұсынудан бас тартқан жағдайда сіз Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсіре аласыз.

№4. Неліктен полицияға арыз жазу керек

Сондай-ақ құқық қорғау органдарына өтінішпен жүгіну қажет. Қарыз алу шартында алушының қолы жоқ екенін анықтайтын қолжазба сараптамасы тағайындалады.

Егер бұл онлайн-қарыз болса, онда полиция қаскүнемді IP арқылы анықтай алады.

№5. Несие ұйымы несиені алаяқтардың рәсімдегенін мойындамаған жағдайда не істеу керек

Егер несие беруші ұйым сіздің куәлігіңіз бойынша ақшаны алаяқтар алғаны туралы дәлел таппаса, мәмілені жарамсыз деп тану туралы өтінішпен тұрғылықты жеріңіз бойынша сотқа жүгініңіз.

Сот сіздің пайдаңызға шешім шығарған жағдайда, несиелік ұйым:

№6. Өзіңізді қаржылық алаяқтардан қалай қорғауға болады

Жеке басын куәландыратын құжаттарды немесе олардың көшірмелерін, жеке деректеріңізді ешқашан және ешбір жағдайда бейтаныс адамдарға бермеңіз және жібермеңіз.

Төлем картасының деректемелерін ешқашан әлеуметтік желілер арқылы жібермеңіз және жарияламаңыз.

Телефон қоңырауына жауап берген кезде «Иә» деген сөзді жиі қолданасыз ба? Бұл әдеттен арылыңыз. Себебі телефон алаяқтары алдап-арбау арқылы алынған сіздің аты-жөніңіз бен өзге де жеке деректеріңізді пайдалана отырып сіздің дауысыңыз арқылы несиені оп-оңай рәсімдей алады.

Тіркелу арқылы құпия мәлімет енгізілетін сайттардың мынадай мекенжайы көрсетілген бе, соған назар аударыңыз: https://. Егер сайт http:// деп басталса, онда парақшаның ресми екендігіне күмән келтіру керек.

Егер сіз сайттың немесе ұйымдар парақшасының шынайы екендігіне күмәндансаңыз, онда міндетті түрде осы ұйымға хабарласыңыз және ақпаратты нақтылаңыз.

Өзін қаржы ұйымдарының қызметкерлері болып таныстыратын бейтаныс адамдардың қоңырауларына сенбеңіз, оларға жеке деректеріңізді айтпаңыз. Егер әңгімелесу барысында қандай да бір күмән туындаса, бірден телефон тұтқасын қоя салыңыз.  

Құжаттарға қол қоятын кезде барлығын мұқият оқып шығыңыз, көрсетілген мәліметтердің дұрыстығына көз жеткізіңіз.

Перизат Саденова
Бөлісу: