Қазіргі алаяқтар – талантты актерлер мен нәзік психологтар. Олар сіздің сақтығыңызды әлсірету және алдау үшін түрлі айла-шарғыларды меңгереді. Олар жүздеген бетперде киіп, танылмас тұлғаға айналады. Бірақ, бақытымызға орай, олардың әрекеттері көбіне бірсарынды сценарийлер бойынша жүзеге асады. Бұл туралы Fingramota.kz-ке сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері»
Алаяқтар арасындағы ең танымал «рөл»: қаскөйлер адамдарға қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде қоңырау шалып, «күдікті транзакция орын алғанын» хабарлайды және оны болдырмау үшін SMS-тен келген кодты айтуды сұрайды. Шын мәнінде, бұл – жәбірленушінің шотынан ақша аударуды растауға арналған код. Қазақстанда мұндай алаяқтар жыл сайын миллиондаған теңге жымқыруда.
Кейбір жағдайларда, алаяқтар өздерін полиция, ІІМ, ҰҚК қызметкерлері ретінде таныстырып, жеке мәліметтерді қолға түсіруге тырысады.
Кеңес: SMS-тен келген кодтарды ешқашан ешкімге айтпаңыз. Банктер мен құқық қорғау органдары жеке мәліметтерді сұрап қоңырау шалмайды –сіз туралы қажетті ақпарат олардың өздерінде бар.
«Мемлекеттік қызметкерлер»
Бұл да кең таралған «рөл»: алаяқтар салық қызметі немесе eGov.kz жүйесінің «1414» қызметінің қызметкері ретінде хабарласып, шоттарыңыз бұғатталатынын айтып, шұғыл түрде «қарызды төлеуді» талап етеді. Олар жалған төлем парақшаларына сілтемелер жібереді, онда пайдаланушы өзінің картасының мәліметтерін енгізіп, ақшасынан айырылады.
Бұл схема туралы 2024 жылғы қазан айында Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарға ескертті. Алаяқтар қазақстандықтарға қоңырау шалып, оларда салық органының хаты бар екенін немесе шотының бұғатталғанын хабарлайды. Мәселені шешу үшін бетпе-бет кездесуге жазылу мақсатында азаматтарға онлайн кезекке тапсырыс беру ұсынылады. Содан кейін олардан «броньдау» процесін аяқтау үшін 1414 нөмірінің кодын жазуды сұрайды.
Кеңес: Қарыздарыңызды тек eGov.kz немесе салық кабинеті арқылы тексеріңіз.
«Курьерлер»
Бұл алаяқтық схемасы өте тапқырлықпен ойластырылған. Алдымен «гүл жеткізу қызметінің курьері» болып келген алаяқ жәбірленушіге белгісіз жіберушіден гүл ұсынып кетеді. Бірнеше күннен кейін «жеткізу қызметінің» өкілі қоңырау шалып, «есептілік үшін» SMS-тен келген кодты айтуды сұрайды. Егер жәбірленуші осы нұсқауларды орындаса, қаскөйлер оның шотынан ақша аударуы немесе кредит рәсімдеуі мүмкін.
Ұқсас схеманы жалған курьерлер тауар түріндегі сәлемдемелерді жеткізу кезінде пайдаланады. Алаяқтар сәлемдемені қабылдау немесе одан бас тарту үшін SMS-тен кодты хабарлауды сұрайды.
Кеңес: егер сіз сәлемдемелерге тапсырыс бермесеңіз, оларды қабылдамауыңыз керек. Гүл жеткізу жағдайында да абай болу керек. Жеке деректеріңізді, оның ішінде SMS-кодтарды ешкімге бермеңіз.
«Жақын туыстар»
Алаяқтар мессенджердегі аккаунтты бұзып, оның иесінің туыстарына «емдеуге» немесе «айыппұл төлеуге» шұғыл түрде ақша аударуды сұрайды. Кейде мұндай алаяқтар зардап шегушіге тікелей қоңырау шалып, оның туыстарының атын жамылып, өздерінің апатқа ұшырағанын айтып, көп ақша керек деп алдайды. Ал дауысты олар жасанды интеллект арқылы өзгерте алады немесе қысыл-таяң кезде адам әрқашан сақ бола бермейтінін пайдаланады.
Биылғы жылы Астананың 86 жастағы тұрғыны алаяқтарға ақша бере жаздады: оған «жалған» қызы қоңырау шалып, апатқа ұшырағандықтан шұғыл көмек қажет екенін айтқан. Алаяқ 700 мың теңге сұраған, бірақ оны ала алмады, өйткені елордалық полицейлер қылмыстық схеманы анықтап, зейнеткерден алынған соманы алаяқтарға бергенге дейін дропперді ұстады.
Кеңес: ақша аудармас бұрын әрқашан туыстарыңызға қайта қоңырау шалыңыз.
«Жұмыс берушілер»
Вакансия сайттарында алаяқтар жоғары жалақыны уәде етіп, хабарландырулар жариялайды. «Сұхбаттасудан» кейін олар «оқыту», «сақтандыру» немесе құжаттарды рәсімдеу үшін төлем жасауды сұрап, бұл ақшаны алғашқы жалақыға қосып береміз деп сендіреді.
Қазнетте бірінен кейін бірі ұқсас хабарландырулар пайда болып тұрады, онда шын мәнінде жұмыс істемейтін «Қазақстан кітапханасы» күніне 9 мың теңгеден басталатын жоғары жалақыны, сондай-ақ икемді жұмыс кестесін уәде ете отырып, мәтін терушілерді жұмысқа шақырады. Іс жүзінде «кітапхана» алаяқтық схема болып шықты, онда шағын сұхбаттан кейін сенгіш азаматтардан сақтандыру сомасын төлеуді сұрайды, ал ақша түскеннен кейін өтініш берушілер бұғатталады.
Кеңес: Жұмысқа орналастыру немесе оқыту үшін жұмыс берушінің ақы төлеуді талап етуге құқығы жоқ. Егер осындай талапты естісеңіз, әңгімені тоқтатып, болған оқиға туралы полицияға хабарлаңыз.