Алаяқ-шоу

24 Шілде 2018, 17:34 6196

Интеллектуал алаяқтар

«Бір сом берсең - он аласың, кемпір берсең - қыз аласың!». Бұл тоқсаныншы жылдардағы,  базарда оймаққа шар жасырып ойнататын алаяқтардың  «жарнама» сөзі.

Алаяқтардың түр-түрі бар. Жоғарыда аталғандай, базар мен көше аралайтын қарабайыр алаяқтар бар. Олармен бірге -  ұсталуы қиын, интеллектуал алаяқтар бар. Біз осыларды әңгімелеп берсек.

 

***


Химиялық кестенің 1999-жылғы күйі ©utk.edu

 

1999 жылы Беркли зертханасының ғалымдары химиялық кестедегі 116-ншы және 118-інші элементті алдық  деді. Зерттеу жұмыстарының жетекшісі Виктор Ниновтың айтуынша, олар қорғасынды криптонның иондарымен атқылаған.

Алайда тәжірибені қайталаған  басқа зертханалар әлгі элементтерді синтездей алмады. Кейін белгілі болғандай, Виктор Ниновтың өзі де ол элементтерді ала алмаған болып шықты. Сөйтіп физик жұмысымен және беделімен біржола қош айтысты.

 

Ал 116-элемент – ливерморий 2006 жылы, 188-элемент – оганессон 2016 жылы ашылды.

 

***


Ян Хендрик Шон ©badische-zeitung.de

1999 жылы неміс физигі Ян Шон бір ғана молекуладан тұратын транзистор жасағанын мәлімдеді. Бұл микроэлектроника саласы үшін сұмдық жаңалық еді. Адамзат алақанға сыйып кететін компьютерлер туралы айта бастағаны да сондықтан. Ғылыми қауымдастық тарапынан мойындалған ол, «зерттеулерін» үдетті. Ақыры тәжірибе көрсеткіштері мен мәліметтерді...  қолдан жазып, өз тұжырымдарының растығын бекіте түсті.

Ян Шон 2002 жылы әшкере болды. Ешқандай да транзистор жасамағаны белгілі болды. «Еңбектерінде» өзіне қажет боп тұрған параметрлерді ойдан жаза салғаны анықталды. Дегенмен соның арасында Ян Шон халықаралық және АҚШ-тық беделді сыйлықтарға ие болып үлгерді.

 

***


Шинитси Фуджимура (оң жақта) баспасөз мәслихатында кешірім сұрап жатыр ©AFP

 

Шинитси Фуджимура археолог болатын. Оның қазба жұмыстарындағы табысы жұртты таң қалдырды: әр тапқан жәдігері бұрынғы тапқандарынан ескілеу, ендеше құндылау болып шығатын. Ал бір күні жасы 600 мың жыл болатын, яғни адам мәдениетінің әлемдегі ең көне жәдігерін таптым деп, айды аспанға бір шығарды.

Амал не, ол өзін журналистер аңдып жүргенін білмеген еді. Сөйтіп, болашақта «тауып алатын» жәдігерін алдын ала көміп қойып жатқан жерінен қолға түсіп, әшкереленді.

 

***


Чарльз Доусон ©ilikehistorycom

 

XX ғасырдың басы. Адамзат ғылымның жемісін көріп жатыр. Жаппай өндіріс тұрмысты айнымастай етіп өзгертті. Ғылымның барлық дерлік саласында дүмпулер жүруде. Әнеки, немістер Неандер өзенінен алғашқы адамның бір нұсқасын тапты. Енді «адамзат немістен тараған» дей алады. Француздар да сол. Кроманьон мекенінде алғашқы адамның нұсқасын тапты. «Адамзат француздан тараған» деп мақтанса да болады.

Әттеген-ай, сондай алғашқы адам неге британ жерінен табылмайды! Неміс пен француздар «бізден тарадыңдар!» десе, ағылшын не айта алады?!

Бұл жәйт ағылшындарды, әсіресе аристократияны кәдімгідей күйзелтіп, намысын өртеп жүр еді. Бір күні ағылшын жерінен де ежелгі адамның қаңқасы табылғаны туралы қуанышты хабар келді! «Бәсе!» десті аристократия қуанып. Және жаңалық иесі Чарльз Доусоннан марапат пен даңқты аямады. Ал қаңқа табылған жердің атымен «Пилтдаун адамы» деп аталып, тарихқа енді.

Осылайша, 1912 жыл ағылшын геологиялық қауымдастығы үшін қуанышты жыл болды. Жаңалық шартарапқа тарап кетті.

Ал әуесқой археолог Чарльз Доусон табысын үстеулей түсті. 1913 жылы ол әлгі қаңқаға тиесілі ит тістерді тапты. 1915 жылы - төменгі жақ сүйек пен азк тістерді тапты. Чарльз әрі қарай да таба берер ме еді, не шара - 1916 жылы қайтыс болды.

Чарльз Доусонның еңбегі еленіп, 1938 жылы қаңқа табылған Пилтдаун мекеніне ескерткіш тақта орнатылды.

Пилтдаун адамын ғылыми қауымдастық бірауыздан мойындап кетті деуге болмайды. Мысалы, 1915 жылы Америка ғалымы Милер, Пилтдаун адамының көшірмелерін зерттеп, оның адамға емес, маймылға тиесілі екенін айтқан. Кейін француз, неміс ғалымдары да күмән білдірді. Алайда оларды естір құлақ болмаған еді.

Тек 1953 жылы ғана Пилтдаун адамының барып тұрған өтірік екені айқын әшкереленді. Ал сол «адамды» тапқан Чарльз Доусон келесідей сорақылыққа барған:

- қаңқаның төбе жағына кәдімгі адамның, ал жақ сүйегін орангутангтан алған;

- кейінірек табылған тістерді жаққа келтіру үшін егеумен егеген;

-  Сүйектер мен тістер ескі көрінуі үшін химикаттармен сарғайтқан.

Бұл әрине, ағылшын ғылымына абырой әкелген жоқ. Ал Чарльз Доусон мен жақтастары  ғылымдағы алаяқтықтың символы болып қалды.

 

***

 


Scientific American журнлының мұқабасы ©magazineart.org

 

XX ғасырдың басы адамзатқа ғылымның бар жемісін сыйлағанымен, ел ішінде түрлі экстрасенстер мен медиумдардың дәурені бәрібір жүріп тұр еді. Олар өздеріне адам айтқысыз қабілет пен қасиетті таңып, аңқау елді «емдеп», «жолын ашып», қайтыс болған туысқандарының рухымен «сөйлестіріп», қарық болып жүрді.

Осы тұстарда Scientific American журналы 1925 жылы конкурс жариялады. Ақшалай екі сыйлық тағайындап, бірін - «рухтың фотосы» үшін, бірін - «экстрасенсорлық қабілетін дәлелдегендерге» берілетінін айтты.

Сол жылы алғашқы медиум сынақтан өтті. Ол комиссияға - рухтармен тас қараңғы бөлмеде сөйлесе алатынын айтты. Комиссия медиумның шартын орындады. Тек отырғышының орнына - адам орнынан тұрып кеткенде шам арқылы сигнал беретін басқа отырғыш берді.

Тас қараңғы бөлмеде ешкім көрмейтін болғасын, медиум бөлмені әрі-бері кезіп жүріп, біресе өз атынан сұрақ қойып, біресе әруақтың атынан жауап беріп, алдап соғам деп ойласа керек. Алайда отырғышының сигнал беретінін білмеген еді. Ендеше медиум алғашқы сынақта-ақ масқара болып, әшкереленді.

 

***


Алдама, Джеймс Рэнди бәрібір әшкерелейді! ©wp.com

 

Тылсым құбылыстарды көрсетіп немесе ерекше қабілетін дәлелдей алған адамға берілетін Джеймс Рэнди қоры тағайындаған 1 млн долларлық сыйақысы да мұрты бұзылмастан тұр. Сыйлық тағайындалған 1996 жылдан бері бұл сыйлықты шабуылдаушылар көп болды.

Бірде Ури Геллер деген экстрасенс миллион долларды алуға ниет білдірді. Оның айтуынша, үстелге орналастырылған банкалардың ішінен су толтырылғанын тауып бере алады екен. Джеймс Рэнди болса, банкалардың барлығын үстелге желіммен жапсырып қойды. Экстрасенс үстелді сәл ғана дір еткізіп, міз бақпай тұрған банканы нұсқай саламын деп ойласа керек. Қулығы іске аспады. Желімделген банкалардың барлығы қақшиған күйі тұра берді. Ури Геллер ақыры «бүгін күшім болмай тұр» деген сияқты сылтауын айтып құтылды.

 

Ал бірде миллион долларды алмаққа... су іздеушілер өтініш білдірді. Өздерінің айтуынша, су бар жерді жазбай табатын тіміскі көрінеді. Олар үшін арнайы алаңқай жасалып, астынан су жүргізілді. Дегенмен, су іздеушілер ештеңе таба алмады.

 

***


Михаил Гельфанд ©newizv.ru

Ал мына бір оқиға посткеңестік аймақта ғылымның қандай халде екеніне тамаша иллюстрация. Ашкөздік, әпербақандық - барлығы, барлығы осы оқиғаның ішінде.

Массачуссетс институтының студенттері өз бетінше «ғылыми» мақала жазатын компьютерлік программа жасаған болатын. Сосын сол программа арқылы  «Отағыш: қосылу нүктелері мен толыққандылықты бірегейлендіру алгоритмі» ( «Rooter: A Methodology for the Typical Unification of Access Points and Redundancy») деген «ғылыми» мақала жазды. Атауынан көріп отырғаныңыздай - түк мағынасы жоқ қойыртпақ еңбек. Бірақ олай емес екен.

Сол мақала ресейлік ғалым, биология ғылымдарының докторы Михаил Гельфандтың қолына түседі. Ол америкалық студенттердің мақаласының мәтінін «Этап-3» деп аталатын программаның көмегімен орысшаға аударады («Корчеватель: Алгоритм типичной унификации точек доступа и избыточности»). Сөйтіп, атауынан бастап, мәтініне дейін шым-шытырық, қиямпұрыс мақала дүниеге келеді.

Доктор Гельфанд бұдан әрі қарай қызық үшін - осы мақаланы ресейлік ғылыми «Журнал научных публикаций аспирантов и докторантов» басылымына 4 500 рубль жарнасын төлеп, салып жібереді. Және... ол «ғылыми мақаланың» басылымда жарық көргенде таң-тамаша қалады! Жарық көрмек түгілі, мақалаға ғылыми рецензия да жазылған екен! Мінеки, мағынасы жоқ мақалаға рецензиядан үзінді (Ресейде рецензенттің есімі көрсетілмей, құпия сақталады):

«Мақаланың қолжазбасынан екіұдай сезімдер қалды. Бір жағынан, материалдың әдістемелік тұрғыдан сауатты жиналғанын, жаңашылдық пен жаңалық барын мойындау керек. Екінші жағынан, мақала авторы ғылыми мақаланы басылымға беру ережелерімен онша таныс емес сияқты. Қолжазба мәтінінен мен стилистикалық және редакциялық олқылықтарды байқадым, сондықтан бұл еңбек аяқтамай қалған сияқты көрінеді».

Доктор Гельфанд бұл арқылы ғылыми басылымдардың ақша табудың жолына біржола түскенін, жіберілген еңбектер ақшасы төленсе - тіпті оқылмай-ақ жариялана беретінін әшкереледі. Бұл оқиға Ресейде үлкен жанжал туғызды. Көптеген ғылыми мекемелер ғылыми зерттеулерді жүргізу мен жариялау ретін түбегейлі қайта қарауына тура келді. Шыны керек, мұны посткеңестік аймақтың бәріне тән кесел деуге болады.

Осылайша, біз ғылымдағы алаяқтықтың ең бір айқын да көрінеу көріністерін бір шолып өттік. Сізге бұларға алданбаудың бір ғана жолы бар: тек оқи беруіңіз керек.

Ерлан Оспан
Бөлісу: