Алаштың «Ұраны»

17 Қараша 2014, 07:33

2013 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері шыға бастағанына 95 жыл толғанын атап өтті.

 2013 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері шыға бастағанына 95 жыл толғанын атап өтті. «Известия областного исполнительного комитета Совета крестьянских, рабочих, киргизских, красноармейских и ловецских депутатов» – «Ішкі Ордалықты басқарушы областной кіндік комитеттің Хабары» аталып, Орда қаласында қазақ және орыс тілдерінде шыққан басылымның туған күні 1918 жылғы 17 қараша болатын.

Мерейтойға дайындық барысында Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінен «Известия»-«Хабар» газетінің тігіндісін тауып, көшірмесін алып келген едік. Осы газеттің алғашқы санын қарап отырып, қазақ тілінде (араб әрпімен) басылған мынадай хабарға көзіміз түсті:

«Протокол №112. Баспасөз тарату ісінің ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін облыстық кіндік комитет қаулы жасады: Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасын бірге қосып, қызмет еттіруге һәм ол баспахананы басқару ісін жолдас Выгдорщикке тапсыруға. Областной кіндік комитет».

«Известия»-«Хабар»-дың алғашқы санында басылған бұл құжат жаңа басылымның Хан ордасында бұрыннан қызмет еткен «Ұран» газетінің негізінде ашылғанын мәлімдеп тұрған еді.

Әрине, осы кезге дейін де Батыс Қазақстан облыстық газетінің тарихын зерттеушілер болды. 1950 жылдарға дейін облыстық газеттің бастауы ретінде Орал қаласында шыққан «Қызыл ту» газетінің туған күні – 1920 жылдың 7-желтоқсаны аталатын. Бұл датаның әріге жылжуы басылымды ардагер журналист, қоғам қайраткері Бисен Жұмағалиев басқарған кезбен (1952-1955, «Екпінді құрылыс») сәйкес келеді.

«Біздің облыстық газеттер 1920 жылдан шығып келеді деп жазылып жүрген. Бірде оңтүстіктегі шипа мекендердің бірінде демалып қайтқан қарт журналист Ғұбаш Жөндібаев Мәскеудегі бос уақытын пайдаланып, революция музейіне барып, Бөкей губерниясында екі тілде 1918 жылдың 17 қарашасынан шыға бастаған газеттерді тауып алады да, екеуінің фотокөшірмесін әкелмесі бар ма?! Бұл оқиға бізді бір сілкіндіріп тастады» – деп еске алады қарт журналист.

Осы деректің негізінде газеттің жаңа «туған күні» бекітіліп, облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттері 1968 жылы елу жылдық мерейтойына байланысты «Құрмет белгісі» орденімен наградталған.

Бір қызығы, «Известия»-«Хабар» газетінің алғашқы сандарын тауып, әкелген азаматтар оның бірінші бетіндегі «хаттаманы» - «Ұран» газеті туралы деректі де көргені анық. Ендеше ол ағалар басылым тарихын бұдан да әрі жылжытып, 1917 жылдан шыққан «Ұран» газетінен неге бастамады екен?

 

*   *   *

Бұл сұрақтың жауабы – «Ұран» газетінің мән-мазмұны мен оны шығарушылардың саяси көзқарасында болып шықты. КСРО-ның күркіреп тұрған 1950 жылдары «Ұран» газетінің неге «ұмыт қалғанын» түсіндік. Бар мәселе – «Ұранды» ұйымдастырған азаматтардың 1917-1918 жылдары большевиктік идеяға емес, қазақтың қанына жақын Алаш қозғалысына бүйрек бұрғанында екен.

Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» атты кітабында сол кезеңдегі қазақ баспасөзі туралы мынадай құнды дерек келтіреді:

«...Әр жерде-ақ газет шығара бастады. Семейде «Сарыарқа» газетi, Ташкентте «Алаш» газетi, соңынан «Бiрлiк туы». Бөкейлiкте, Астрахан қаласында «Ұран» газетi. Ақмолада «Тiршiлiк» газетi, Орынборда бұрынғы белгiлi «Қазақ» газетi.

«Сарыарқаны» басқарған Қалел Қаппасұлы, жазушылары: Ермекұлы, Бөкейханұлы, Тұрғанбайұлы және басқалар.

«Алашты» басқарған Көлбай Тоғысұлы.

«Бiрлiк туын» басқарған Мұстапа Шоқайұлы, жазушылары: Болғанбайұлы, Төреқұлұлы, Қожанұлы және басқалар.

«Ұранды» басқарған А.Мұсаұлы. «Тiршiлiктi» басқарған – Рақымжан Дүйсенбайұлы, жазушылары: Сәдуақас Сейфуллин (мен), Асылбекұлы, Өмiрбай Дөнентайұлы және басқалар. «Қазақты» басқарған А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы. Жазушылары: Бөкейханұлы, тағы солар. Бұл газеттер, «Тiршiлiктен» басқасының бәрi, бiр бетте болды. Бәрi Орынбордағы «Қазақ» газетiнiң ықпалымен жүрдi. Бәрінің құлақ күйін «Қазақ» газеті бұрап беріп, нұсқау беріп отыратын болды. «Қазақтың» басындағылар Қазақстанның әр жеріндегі ниеттес адамдарына нұсқа беріп, хат жазып жатты. Газеттердің бәрі көзжұмбай ұлтшыл болды. Ұлтшыл болған соң еріксіз байшыл газет болды. Бәрінің ортақ туы «Қазақ» газеті болды. (57-58-бет).

«...1917-18 жылдарда ...қазақ большевиктері саяси күресті «Алашпен» айқасып бастаған еді. ...Семейде шыққан «Сарыарқа» мен «Абай» «Алаштың» ордасы болды.

Ақмола губерниясында – Ақмолада шыққан «Тіршілік» газеті «Алашты» мінеп, жазып жатты...

Торғайдың оқығандары, Қостанайдың, Оралдың «алдыңғы қатардағы» оқығандары қосылып, Орынбор қаласындағы «Қазақ» газетінің шылауында болды. Бұлар көп жерге – барлық Қазақстанға жөн-жобасын беріп тұрды. «Қазақ» газеті «Алаштың» ұйым ордасы болып тұрды.

Түркістан оқығандары Ташкенде «Бірлік туы» деген газет шығарып, «Алашты» ұран қылып тұрды.

Бөкей ордасының біраз оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды... Қарашұлы Омар «Алаш» ұранын жыр қылып, кітапша жазып шығарды. Ұмытпасам, кітапшасының аты «Терме» (дұрысы «Тұрымтай» - Қ.Қ.) еді. Кітапшасында Әлекеңді мақтайды».

Көріп отырғанымыздай, жоғарыдағы үзінділерде Сәкен Сейфуллин «Ұран» газетінің саяси бағыт-бағдарына нақты баға беріп, анық «алашордашылардың» қатарына қосқан еді. Міне, Совет үкіметі кезінде бұл газеттің аты аталмауы, зерттеушілердің назарына ілікпеуі түсінікті.

 

*   *   *

Жоғарыдағы деректен кейін «Ұран» газеті туралы кеңірек білгіміз келіп, іздестіре бастадық Алайда, қазақ баспасөзінің қалыптасу тарихына арналған еңбектерде «Ұран» туралы жалпы тізімде айтып кеткенімен, жеке тоқталмайды. Ғалымдар Сағымбай Қозыбаев, Айгүл Рамазанова, Қырықбай Аллаберген шығарған «Әлем баспасөзі тарихынан» атты оқу құралында (Алматы, «Санат», 1998) ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзінің тарихы туралы арнайы бөлім берілген. Алайда 1917-1918 жылдары жарық көрген «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат», «Алаш» газеттері мен «Абай» журналы толығырақ тоқталған авторлар «Ұран» туралы ештеңе жазбаған.

«Ұран» газетіне қатысты деректер жанама болса да Ғұмар Қараш пен Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің өміріне қатысты еңбектерде қамтылған. «Алаш» қозғалысы» атты (Алматы, 2008) жинақта берілген Ғ.Мұсағалиевтің «1917 жылы Ордада «Ұран» аталатын жартылай ресми газет шығарғанын» айтады. «XX ғасырдың басындағы ұлттық демократиялық ағымдағы қазақ зиялыларының бірі Ғабдулғазиз Мұсағалиевтің қызметі» атты мақаласында («ҚазҰУ хабаршысы», Заң сериясы, N2 (54). 2010) ғалым Т.Муттайрова былай деп жазады:

«1917 жылдың ақпан айында патша тақтан түсіп, Уақытша үкімет құрылғанда, Ғабдулғазиз Мұсағалиев шілде айынан бастап, Орал қаласында өзінің əріптестерімен қосыла отырып, «Ұран» деп аталатын жартылай ресми газетті шығарады. Ұлт істері комиссариатының қазақ бөлімшесінің Бөкей облысына көшуіне байланысты «Ұран» газеті Қазан революциясының мұраттарын насихаттайды».

Белгілі тарихшы Исатай Кенжәлиевтің «Ғұмар Қараш» кітабында (Исатай Нәсекенұлы, Орал қаласы, 2004) «Ұран» газетінің маңында болған тұлғалар туралы мәлімет бар:

«Ғ.Қараш баспа жұмысына да араласады. Әуелі Ғ.Мұсағалиевпен Ордада шығып тұрған «Ұран» газетінің ісіне қатысады. 1918 жылы күзде РСФСР Ұлт істері халық комиссариаты (ҰІХК) Қазақ бөлімінің басшылығымен қазақша-орысша газет-журнал шығару ісі қолға алынады. Мұғалімдер үшін «Мұғалім» журналын дайындауға кіріседі. Әр жерден араб әріптерін, баспахана станогін т.б. жабдығын тауып әкелу, полиграфия маманын табуда Ғ.Қараш тәжірибесі пайдаланылды. ҰІХК-нің қазақ бөлімі үгіт-насихат жұмысын жүргізу үшін көрнекі қайраткерлердің еңбектерін қазақ тілінде шығаруға аудармашылар комиссиясын құрады. Оған С.Меңдешев, Ғ.Қараш, Х.Есенбаев, Т.Сафиев, Ғ.Мұсағалиев т.б. кіреді. Қазақта болмаған аударма жұмысы басталады. Бұл кезде Ғұмар жұмысбасты хәлде болады. «Алашқа» деген өлеңі Семейдегі «Сарыарқа» газетінде 1918 жылғы 22 қаңтарда жарияланады. «Алаш азаматтарына» деген өлеңі Ордадағы «Ұран» газетіне шығады. Бұны зерттеген Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми қызметкері Мұстафа Исмағұловтың ең болмаса бір тарихи мақала жазбағаны өкінішті. Әрине, кезең тарихы ауыр, зерттеушіге қатерлі де еді...»

Исатай Кенжәлиев ағамыздың «зерттеушіге қатерлі» деген диагнозы сол заманның көп шындығы дер кезінде не себепті айтылмағандығын дәл түсіндіреді. Әрине, ол үшін ешкімді сынап, кінәлаудың қажеті де жоқ.

 

*   *   *

«Ұран» газетінің түпнұсқасын Қазақстан мен Ресей архивтерінен іздеген ізденісіміз әзірге нәтиже бермей тұр. 1917-1918 жылдары, ақ пен қызыл алмасқан аласапыран заманда қазақ даласының бір түкпірінде шыққан газеттің сақталуы да «өрт ішінде мақтаның аман қалғанындай» Алла тағаланың хикметімен тең жағдай екенін түсінеміз. Дегенмен, ізденіс нәтижесіз болмады. Алматы қаласындағы Республикалық кітап музейінен «Ұран» газетінің бірнеше саны, түпнұсқасы сақтаулы болып шықты. Ғалым Мақсат Тәжімұрат ағамыздың көмегімен табылған газет көшірмесін (барлығы 42 бет) алдырдық. Оны Орал облысы Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылының тұрғыны, 1889-1954 жылдар аралығында өмір сүрген халық ақыны Андаш Нәдірәлиев тапсырған екен.

Бір қызығы, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында да «Ұран» газетінің 9 санының фотокөшірмесі сақтаулы болып шықты. Оны белгілі зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов ағамыз жинапты. Кітап палатасындағы газет сандарын қайталағанымен, бұл жердегі көшірме толығырақ, барлығы 49 бет болды. Фотокөшірмеде бұл газеттердің «Қостанай уезі, Виконтиевск поселкесіндегі Павлов пошта бөліміне, Ташбаев Асылбекке» жолданғаны туралы бұрыштама соғылғаны көрініп тұр.

Бұдан бөлек, Мұстафа Ысмағұлов ағамыз 1967 жылы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің өмірбаяны жөнінде мақала жазған екен. Онда мынадай жолдар бар:

«Ғабдұлғазиз Мұсағалиев 1917 жылы февраль революциясынан кейін июль айында осы күнгі Орда қаласында «Ұран» атты газет шығарады. Бұл газетке өзінің бүркеніш есімі ретінде «Ғ. Муси» деп ат қояды. Бұл «Ұран» газетінің шыға бастаған күнінен бастап барлық номерлерін үзбей өзінің сүйікті шәкірті ақын Ілияс Жансүгіровке жіберіп тұрады. Ілияс Жансүгіров сақтаған «Ұран» газетінің сандары Қазақ мемлекеттік архивындағы Ілияс Жансүгіровтің фондысында сақталған». (БҚОМ, ф. 9083/1, №46 іс)

Біз осы деректің ізімен «Ұран» газетін іздеп Алматы қаласына, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатына арнайы бардық. Мұрағаттағы Ілияс Жансүгіровтің жеке қоры «жабық қорға» жатады екен. Ақынның қызы Ильфа Жансүгірова апамызға хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, рұқсатын алған соң жеке қордағы деректерді барынша сүзіп шықтық. Өкінішке қарай, іздегеніміз табылмады...

 

*   *   *

«Ұран» газеті туралы осы кезге дейін жарияланған там-тұм деректерде газеттің алғашқы саны бір деректе Оралда, бір деректе Астраханда, енді бір жерде Орданың өзінде басылғаны айтылады. Газеттің шыға бастаған мезгілі туралы да түрлі пікір бар.

Тарихшы, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы «Ұран» газеті жөнінде: «Ішкі Ордада (Бөкейлікте, Астрахан қаласында) 1917 жылы 14 мамырдан бастап шыға бастаған қоғамдық-саяси бағыттағы басылым... «Ұран» газетінің №2 саны 1917 жылы 28 шілдеде шыққан. Соған қарағанда, басылым тұрақты жариялана алмаған» деп жазады (Әнес Ғ. «Алаш, Алашорда» энциклопедия, А. «Арыс», 2009).

Осы кітапта беріліп отырған, біз аударған «Ұран» газеті сандарының алғашқы бетінде газеттің «1917 жылғы 28-шілдеден бастап шыға бастағаны» анық жазылып тұр. Бірақ, жалпы Ордада газет шығару туралы шешім ертерек, яғни 1917 жылдың сәуір айында өткен Ішкі ордалықтың зиялылар сиезінде қабылданғаны байқалады. Өйткені, газеттің бастырушысы (қазіргі тілмен айтқанда құрылтайшысы) – Ордалық мұсылман бұйросы да 1917 жылғы 21 сәуірде өткен Ішкі Орда қазақтарының жалпы сиезінен соң құрылғандай («Ұран» газеті, №8, 26 қыркүйек, 1917 жыл).

Жалпы, Ордада «Ұран» газетінің баспаханасы қалай құралғаны, қашан ашылғаны әзірге бізге беймәлім. «Қазақстанда ең алғашқы советтік баспахана 1918 жылы Ордада ашылғанын» (Орда ауылында сақталған ғимараттағы жазу) зерттеушілер бұл баспахананың түп-негізіне бойлауға бата алмаған.

Осы орайда Бөкейлікте Совет өкіметінің орнауы туралы деректерді бүгінгі күн тұрғысынан, советтік идеологияның тар қалыбынан тыс тәуелсіз көзқараспен қайта қараудың өзектілігін айтқымыз келеді. Өйткені, бұл кезең ақ пен қара деп екіге бөліп тастауға келмейтін, өте күрделі, шым-шытырық уақыт. Бұл кезеңдегі қазақ зиялыларының ең басты көздегені – дүниені шарпыған алапат өрттен қазақ баласын қалай аман сақтап қалу болғаны осы «Ұран» газетінде жарияланған мақалалардан да көрінеді.

Газет әу баста қазақтың өз автономиясын жариялауды мақсат тұтқан алаш қайраткерлерімен бір көзқараста, бір ниетте болғандығы анық байқалады. Сонымен бірге, Бөкейліктің тағы бір үлкен проблемасы – Астрахань губерниясынан, орыс қолтығынан құтылып, қазақ облыстарының қатарына қосылу мәселесі болған. Осы кезеңдегі жер дауы, орыс тарапынан (ақ болсын, қызыл болсын) қазақ ауылдарына жасалған түрлі зорлық, шапқындар «Ұран» газетінің бетінде ашық жазылған. Сондай-ақ қазақ ұлтты қайраткерлердің де өз ішінде ауызбіршілік болмағаны байқалады. Газеттегі «Қазақ большевиктері қалай пайда болды», «Қазақ өз жерінен қалай айырылды» деген тақырыптағы сараптамалық мақалалар сол заманның шындығынан хабар береді.

Алайда газеттің бұл алашшыл бағыт-бағдары күн өткен сайын өзгеруге мәжбүр болғандай. Мысалы, «Ұранның» біздің қолымызға тиген соңғы сандарының бірінде (№30, 28 наурыз, 1918 жыл) «Тағы да өзгеріс» атты мақала жарияланып, «земствоны жақтаушы, автономияны сүюші» тарапқа қарсы топтың Астраханға арқа сүйеп, Ішкі ордалықта өз билігін орнатып жатқаны баяндалған. Ал №38 санда (16 мамыр, 1918 жыл): «жаңа тәртіп бойынша Хан ордасында Ішкі ордалық кіндік (орталық – Қ.Қ.) совет ашылғаны, ...оның төрағалығына Астрахань губерниялық советінің мүшесі Милютин сайланғаны» хабарланған. Айта кетейік, «Ұранның» орнына 1918 жылы 17 қарашада жарық көрген «Хабар»-«Известия», одан кейінгі «Қазақ дұрыстығы»-«Киргизская правда» газеттеріне редактор ретінде қол қойған да дәл осы большевик Степан Милютин болатын...

Дәл осы Ішкі ордалық кіндік комитет бір қаулысында: «Жаңа тәртіп, жаңа бағытты халыққа айтып, түсіндіріп тұру үшін «Ұран» газетасының көлемін зорайтыңқырап шығару керек. Бұның (үшін) Астраханнан мұсылманша-орысша қарпі толық бір баспахана жіберілсін» деген шешім қабылдаған. Бірақ бұл жаңа баспахана келген кезінде газет атауы «Хабар»-«Известия» болып өзгеріп кеткені жоғарыда айтылды.

Қазіргі белгілі деректер бойынша, «Ұран» газеті 1918 жылдың ортасына дейін шығып тұрғандай. Біздің қолымызға түскен соңғы нөмір – 1918 жылғы 16 мамырда шыққан №38 саны. Бұл газеттің жалпы қанша саны шыққаны, тарихи тағдыры, басқа да мәліметтері зерттеуді қажет етеді. Біздің ойымызша, бұл бағыттағы жұмыс сол Ордада 1918-1925 жылдар аралығында шығып тұрған кейінгі басылымдарды зерттеумен бірге жүргізілсе нәтижелі болмақ.

 

*   *   *

«Ұран» газетінің редакторы – халқымыздың талантты ұлдарының бірі, ағартушы, ғалым, заңгер, полиглот Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Ғабдолғазизді зерттеушілер қазақ тарихы жөнінде тұңғыш терең зерттеу жүргізіп, мақала жариялаған ғалым ретінде бағалайды. Расында да «Айқап» журналында жарияланған бұл мақалалар автордың терең білімін көрсеткендей. Әліпби реформасына сәйкес ұсыныстары да өте бағалы. Өкініштісі, кейбір жекелеген магистрлік жұмыстар болмаса, Ғ.Мұсағалиевтің өмірі мен қызметін толық зерттеген еңбек әлі жоқ. Бұл «еңбектердің» өзі Совет өкіметі жылдары зерттеуші Мұстафа Ысмағұловтың жинақтаған, жазып кеткен деректерін қайталау ғана.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында Мұстафа Ысмағұлов жинақтаған бірталай дүние бар. Бұл құжаттар, құнды естеліктер, көне суреттер негізінен Ішкі орданың – Бөкейліктің тарихына тікелей қатысты. Аталмыш музей директоры Әбіл Жоламановтың, музей қызметкерлерінің көмегімен біз бұл құнды деректерді осы жинақта молынан пайдаландық. М.Ысмағұлов қаламынан туған Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің толық өмірбаяны, кейбір құжаттардың көшірмесі, «Гүлжиһан» дастаны туралы мақала тұңғыш рет жарияланып отыр. Біз осы кітапты құрастыруда көрсеткен үлкен көмегі үшін Әбіл Тауфиқұлына, музей қызметкерлеріне көп-көп алғыс айтамыз.

Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің өміріне қатысты күңгірт тұстар өте көп. Кейінгі зерттеушілер алаштың осы бір аяулы тұлғасына назар аударып, зерттеу нысанына айналдырар деген үміт бар. Өз заманында «Айқап», «Қазақ», т.б. татар тіліндегі басылымдарға да жиі жарияланған Ғ.Мұсағалиевтің мақалаларын да бір жерге жинақтау алда тұрған үлкен жұмыс. Осы жинақта біз Ғабдолғазиздің «Айқап» журналында жарияланған біраз мақаласын қоса беріп отырмыз. Бұл мақалалардың бірқатарын Мұстафа Ысмағұлов ағамыз аударып, дайындап кетсе, енді бір бөлігін әдебиет тарихын зерттеуші жерлесіміз, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Фольклор және қолжазба бөлімінің ғылыми қызметкері Қалиолла Орынғали ағамыз дайындады. Біз Қалиолла Садырұлына ерекше алғысымызды айтамыз.

Ғ.Мұсағалиев 1933 жылы Алматы қаласында қайтыс болды делінеді. Ғабдолғазиз бен Ілияс Жансүгіровтың ара-қатынасы да бүгінге дейін көп айтылмаған мәселе. Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1937-1938 жылдардың қанды топалаңына іліккенде сау қалмайтыны анық еді. Біз осы жинақта аяулы арыс туралы күні бүгінге дейін белгілі болған деректерді жинақтап ұсынып отырмыз.

«Ұран» газетін атағанда есімі ауызға оралатын тағы бір тұлға – Нұғман Манаев. Уфадағы «Ғалия» медресесінде Бейімбет Майлинмен бірге оқыған («Ұранда» Бейімбет Майлиннің шығармасы да жарияланған), қолжазба «Садақ» журналын шығарудан бастаған журналистік қызметі Қазақ АССР-інің оқу-ағарту комиссары секілді биік мансапқа да жеткізген, отызыншы жылдары саяси репрессия құрбаны болған тұлғаның өмір жолы туралы атыраулық зерттеуші Өтепберген Әлімгереевтің еңбегін де осы жинақта жариялап отырмыз.

«Ұран» газетінде есімі аталатын, мақалалары жиі жарияланған тұлғалар көп. Солардың бірқатары Бақыткерей Құлманов, Ғали Бегалиев, Ғабит Сарыбаев, Жиенғали Тілеубергенов секілді азаматтардың өмірбаяны мен суреттерін осы жинақта жариялау жөн деп есептедік. Мұның ішінде Бөкей ордасы музей-кешені ұсынған, 1923 жылы Мәскеуде түсірілген, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ахмет Мәметов, күйші Сейтек секілді арыстардың асыл жүзі бейнеленген көне сурет те осы жинақта жарияланып отыр.

 

*   *   *

Жоғарыда Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романынан келтірілген үзіндіде «Ұран» газеті көбіне Ғұмар Қараш есімімен байланыстыра айтылады. Алайда, «Ұран» газетінің біз көрген сандарында басылымның күнделікті жұмысына Ғұмардың белсене араласқаны байқалмайды.

Ғұмар Қараштың өмір жолы туралы деректерде ақынның 1917 жылдың қысында Орынборда болып, 1918 жылғы көктемде ғана елге келгені туралы айтылады. Ғалым Исатай Нәсекенұлы (Кенжәлиев) «Ғұмар Қараш» (Орал, 2004) кітабында «1918 жылдың қысында Алаш Орда өкіметі қандай жұмыс атқарғаны беймәлім. Біз Ғұмар Қараштың сол қыста қайда болғанын анықтай алмадық. Ол Алаш өкіметінде қазы, яки төреші болды» (100 бет) деп жазады. Осы кітаптың тағы бір жерінде: «Цвилинг, Ә.Жангелдин бастаған қызылдар 1918 жылғы қаңтарда Орынбор қаласын алып, Алаш Орда Үпі қаласына барды. Ғұмар да сонда болса керек, «Тұрымтай» жинағын шығарады. Жинақтың аяғына өз адресін жазып, «ахунд Г.Карашеву» депті (101 бет)» деп жазған.

Ғалым Қабиболла Сыдиықұлы да Ғұмар Қараштың «Замана» жинағына (Алматы, «Ғылым», 1994) жазған алғысөзінде: «1918 жылдың басында Ғұмар өзі туып-өскен Жәнібекке келді» деп жазады. Біздің айтпағымыз, расында да Ғұмар Қараш «Ұран» газеті ашылған алғашқы кезде Бөкейлікте болмағандай. Ақынның «Ұран» газеті туралы» өлеңі де газеттің алғашқы санына емес, 1917 жылғы 1 қыркүйектегі №6 нөмірде жарияланыпты. Ал желтоқсанның 31-інде жарық көрген №20 санда «Айырым муфтилік» атты хабарда «Қазақ баласы ...автономия алғандықтан, енді Ішкі ордалықтың рухани істері ...қазақ бөлімінде қаралатын болды» делініп, астына «қазы Ғұмар Қараш баласы» деп қол қойылған. Соған қарағанда, бұл тұста шынында да Ғұмар Ордадан тыс жерде жүргендей.

«Ұран» газетінің алашшыл бағыты шынында да Ғұмар Қараштың осы басылымда жарияланған мақалалары мен өлеңдерінен анық байқалады. «Ішкі Орданың атқа мінген адамдарына» мақаласы «Алаш деп ұран салып, Аллалап іс басталық, бөлініп жарылмалық, қашан да бөлінгенді бөрі жейтін» деген сөздермен аяқталып, әйгілі «Күн туды» өлеңінің бірнеше шумағымен қорытындыланған. («Ұран», №24, 16 ақпан, 1918). №28 санда «Алаш азаматтарына» атты өлең «Ғ.Қ.» деген қолмен жарияланған. Осы газеттің №30 санында «Иғлан» (Хабарландыру – Қ.Қ.) деген тақырыппен «Тұрымтай» жинағы басылып жатқаны хабарланады. «15 марттан «Сарыарқа», «Қазақ», «Ұран» басқармаларында һәм шығарушының (яғни автор – Ғұмар Қараштың – Қ.Қ.) өзінде сатыла бастайды» деп ескертуіне қарағанда бұл тұста Ғұмар Қараш «Ұран» редакциясында болмаған секілді.

Айтпақшы, Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуде» алашшыл және большевиктік топтардың арасындағы тартысты айта келіп: «Семейдегі «Сарыарқа» газеті, Ташкендегі «Бірлік туы» деген газет, Астрахандағы «Ұран» деген газет, Орынбордағы «Қазақ» газеті – бәрі де Омбыдағы «Үш жүздің» бастықтарын сөгіп бақты» деп жазады.

Бұл пікірді белгілі ғалым Светлана Смағұлова да қостаған: «...Әрине, бұл әрекетке «Алаш» партиясы да бей-жай қарап қалмады. «Қазақ» газетінен бастап, Астрахандағы «Ұран», Семейдегі «Сарыарқа», Ташкенттегі «Бірлік туы» газеттерінде «Үш жүз» партиясының іс-әрекеттерін сынға алған мақалалар бастырды» («Көлбай Төгісов. Шығармалар жинағы» Алматы, «Алаш», 2003. 31 бет, Светлана Смағұлова «Әділдік күн туса» атты кіріспе мақала).

Бір қызығы, «Үш жүз» партиясы мен осы аттас газеттің басшысы Көлбай Төгісов Ғабдолғазиз Мұсағалиевпен жақсы таныс болған. К.Төгісовтің 1912 жылы Жетісу өңіріне, Қапалға жер аударылған кезінде Қарағаштағы «Мамания» медресесінде қызмет етіп жүрген Ғабдолғазизбен жақын араласқан.

Көлбай Төгісов «Айқап» журналында жарияланған «Қазақ даласынан» атты мақаласында: «Балалары (Тұрысбек қажы Мамановтың) Құдайберген, Тәңірберген әпенділер һәм інілері қажы Сейітбатталменен Есенғұл әпенді марқұмның көрсеткен жолынан айырылмай, 25-30 мың сом ақша шығарып, «Мамания» есімінде мектеп салдырып, ол мектепке алты мұғалім алдырып, қараңғы тұманда қалған қазақ бауырларының қайғысын ойлаған сабаздардан болып тұр екен. Алты мұғалім байлардан жылына екі мың бес жүз сом жалование алады, пәтер һәм байлардан. Бас мұғалім Ғабдолғазиз әпенді менен Мұхамедәли әпендені бұл жақта адасып жұртта қалған халықтың бақытына қарай кез болған адамдар деп білдім...» ((«Көлбай Төгісов. Шығармалар жинағы» Алматы, «Алаш», 2003. 133 бет) деп, Ғабдолғазиз туралы жылы пікір білдіреді.

Айтпақшы, Ғабдолғазиздің Жетісуға қалай тап болғаны оқырман қауымға да қызықтырақ шығар. Бұл жөнінде зерттеуші Мақсат Тәжімұратов былай деп жазған: «...Ғабдолғазиз Қапалға сол 1911 жылдың көктемінде келіп жетті. Қарағашта Маман ұрпағы салдырған атақты «Мамания» медресесіне мүдәристікке жарияланған бәйгеге қатысып, Ғабдрахман Жиһандаров, Ахметгерей Ғабитов, Сабыржан Ғаббасовтармен бірге сыннан сүрінбей өтеді». («Шәңгерей жасампаздық өмірі», «Өлке», 1998 жыл, 272-273 беттер)

Біз «Ұран» газетінің қолымызға тиген сандарынан жоғарыда айтылған «Үш жүзге» қатысты сын мақала кездестіре алмадық. Ал Ғұмар Қараштың «Тұрымтай» жинағында мұндай шығарманың бары рас. Сәкен Сейфуллиннің: «Қарашұлы Омар «Алаш» ұранын жыр қылып, кітапша жазып шығарды. Ұмытпасам, кітапшасының аты «Терме» (дұрысы «Тұрымтай» – Қ.Қ.) еді. Кітапшасында Әлекеңді мақтайды... «Ту ұстаған топтың Әлекең жүр басында. Сұр кепкісі басында; Гимназистер, студенттер қасында...» – дейді. Қазақтың барлық газеттерін мақтайды. Жалғыз «Үш жүз» газетін боқтайды. «Тіршілік» туралы ептеп, жұмбақтап, ноқат қойып жазады (241-242)» деуі тұп-тура рас.

Оқырманға түсінікті болу үшін «Түс» атты ұзақ өлеңнен үзінді келтірейік. Өлең мазмұны бірінші жақтан баяндалады. Автор «өткен жұма түнінде бір ғажап түс көргенін, сансыз көп адамның бір жерге жиналғанын, бұл қиямет күні – машқар майданы екендігін, әркімнің ісі шеккіге (таразыға) тартылып, күнәлілердің соры қайнап жатқанын айта келіп:

«Біз бұл жерге келгенде

Аттар мінген қанатты

Айбары зор, санатты,

Қарсы келді көп кісі.

Пормы киген баршасы

Зиялыдай көрінді

Алдарында біреу жүр

Басында бар кепкесі.

 

Тани кетті ділмәрым,

«Әлекем* (Әлихан Бөкейханов – Қ.Қ.) ғой анау!» деп.

«Әулет сүйген ерлердің

Дәрежесі сол-ау!» деп.

Пәлсапасын соғады,

«Ақиқаттың жолында

Жан қинаған ерлерге

Не болса да жол-ау» деп.

 

Ойыма алдым бұл қалай?

Әлі мұны қаралап,

Жүрмеп пе еді молдалар

Түрліше айтып жаралап:

«Дін білмейді, пақыр!» деп,

«Дияннықа* тақыр» деп,

Аяушы еді кейбірі

Айтпаса да саралап.

 

Маңдай алған бағыты

Ұжмақтың жолында.

«Алаш» сөзі жазулы

Ұстаған ту бар қолында.

Алғы сүндет, гимназист,

Оңы менен солында.

Жарқылдатып кеткенін

Қарай қалдық соңында.

 

Тап болдың мұнан шығып аз сабазға,

Артпаған бес-алтыдан саны азға.

Үркердей топтанысып, сауық құрып

Келеді құлақ салып тартқан сазға.

Ұстаған қолдарында жарлығы бар,

Жазылған алтын потал ақ қағазға.

Тігілген киіз үйдің рәсімі тұр* («Қазақ» газетінің логотипі меңзелсе керек – Қ.Қ.)

Көз салсам алдындағы бір қағазға.

 

Жолдасым жөн сілтейді маған енді:

«Сөз жалған жазушылар бұлар» дейді.

«Сарыарқа», «Ұран», «Қазақ», «Бірліктерден»

Шығарып, жол көрсеткен солар дейді.

Көрсетіп қолыменен анау рәсім

Киіз үй мағынасын кім ұғар дейді.

«Халқының көзін ашқан сарбаздардың,

Әлбетте орны ұжмақ шығар» дейді.

 

Мен айттым тағы газет болушы еді.

«...» дым-ақ тәуір көруші еді.

«...», я, «үш мың» ба екен мұның аты,

Әйтеуір соған ұйқас келуші еді.

«Жоқ, шырақ, оның орны басқа» дейді.

«Мәсліксіз жазушысы қасқа!» дейді.

«Оны айтып бұл арада не қыласың,

Шығарып ойыңыздан таста» дейді...» (1918 жыл, 14 ақпан, «Ғұмар Қараш. Замана», Алматы, «Ғылым», 1994, 138-142).

Сәкен Сейфуллиннің айтуынша, соңғы шумақтағы көп нүктемен Ғұмар Қараш Алашқа қарсы «Тіршілік» пен «Үш жүз» газеттерін сынаған.

Жалпы, 1917-1918 жылдары шығып, Алашорданы қолдаған «Сарыарқа», «Ұран», «Қазақ», «Бірлік» газеттерінің өзара ниеттес болғаны, бірін бірі қолдағаны, бір бірінің мақалаларын көшіріп басқандығы байқалады. Бұған «Қазақ» газетінің «Ұранда» жариялаған «Тағы да өзгеріс» атты мақаланы көшіріп басуын, Ғұмар Қараштың «Тұрымтай» кітабы бірден үш жерде – Орынборда «Қазақ» редакциясында, Семейде «Сарыарқа» редакциясында, Ордада «Ұран» редакциясында сатыла бастауын айтсақ та жеткілікті.

 

*   *   *

Совет өкіметі жылдарында «Ұран» газеті туралы айтылды ма?

«...Бізде бұрын «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Ұран» газеталары шықты. Олардың бәрі де әдеби газеталар болғандықтан, саясатпен шұғылданбады. Көбірек қазақ әдебиетінің ілгерілеуіне, қазақ арасында өнер-білімнің таралуына қызмет етті. Олар һәр нәрсеге ұлтшылдық, қазақшылдық көзімен қарады. Сол бағыт бойынша һәр нәрсені тексерді» деп жазады Ордадан шыққан «Дұрыстық жолы» газетінің алғашқы санындағы «Баспасөз» атты басмақалада («Дұрыстық жолы» газеті, 1919 жыл, 20 хұт (ақпан), бейсенбі №1). Бұл мақаланың авторы Ғұмар Қараш болса керек. Бұл кезде Алаш автономиясы таратылып, ол туралы жақсы сөз айтуға тиым салынғанымен, сол кезеңде шыққан алашшыл басылымдарды ақтап алу мақсаты жоғарыдағы үзіндіден анық байқалғандай. Бірақ Совет үкіметінің қырағы цензурасы ұлты үшін шырылдап өткен «Ұран» туралы ақпараттың айтылмауын қатаң қадағалаған еді.

Дегенмен, 80 жылға таяу үстемдік құрған Совет кезеңінің өзінде «Ұран» туралы там-тұм естелік айтылып қалатын. Соның бірі 1957 жылы Орал облысы, Жәнібек аудандық «Коммунист» газетінде жарияланыпты. Қарт полиграфист, «Ұран» газетінің баспаханасында әріп теруші болып қызмет еткен Ибрагим Мулякаев «Ұран» газетінің қоғамдық ұйымның органы болғаны туралы, редакция мен баспахана қызметкерлері тек газет сатудан түскен қаржыға күнелткені жайлы құнды ақпарат берген: «Ұлы революцияның қарсаңында Ордада «Ұран» газеті шыға бастады. Бұл кездегі алғашқы газеттің өз алдына ерекшелігі болды. Бұл редакция мемлекет тарапынан қаржыландырылмайтын еді, редактордың өзі көпшілік арасында газет таратып, одан түскен қаржыны редакция мен типография қызметкерлерінің еңбек ақысына төлеп отыратыны әлі есімде. «Ұран» газеті 1918 жылға дейін шығып тұрды. 1918 жылы Астраханнан бір типография мен 15 әріп теруші келуіне байланысты, бұрынғы «Ұран» газетінің орнына қазақ тілінде «Хабар», «Дұрыстық жолы» газеттері және айына бір рет «Мұғалім» журналы шығарылып тұрды» делінген «Біздің аудандағы алғашқы газет» атты мақалада (Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек аудандық «Коммунист» газеті, №65 (1648) 1957 жыл, 16 тамыз).

Бұл естелікте де «Ұран» газеті қызметкерлерінің нағыз халықшыл бағытын, жанкештілік еңбегі көрсетіліп, Бөкейлікте шыққан басылымдардың басында «Ұран» газетінің тұрғандығы, өңірлік баспасөз тарихының осы «Ұраннан» бастау алуы әділеттілік болатыны ишарат етіледі.

Жалпы, Батыс Қазақстан облыстық басылымының бастауында «Ұран» газеті тұрғандығы жалпыға жария айтылмаса да, мамандар арасында бұл мәселе әу бастан күмән туғызбаған болса керек. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Ғылыми кітапханада (Алматы қаласы) 1920-1932 жылдар аралығында Орал қаласында шығып тұрған «Қызыл ту» газетінің тігіндісі сақтаулы тұр. Кітапхананың картотека бөліміндегі деректе басылымның тарихы 1917 жылы шыққан «Ұран» газетінен басталатыны анық көрсетілген.

Тағы бір айта кететін мәселе, Ордада сан түрлі атаумен шығып тұрған басылымдардың соңы «Кедей туы» газеті қызметкерлері 1925 жылдың соңында Оралдағы «Қызыл ту» редакциясына қосылып, типография құралы Оралға әкелінеді. Нұғман Манаев, Ғали Бегалиев, т.б. азаматтардың «Қызыл ту» газетінде қызмет атқаратыны осы тұс. Көріп отырғанымыздай, «Ұран» газеті мен «Қызыл тудың», яғни қазіргі Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің арасында тарихи сабақтастық айқын көрініп тұр.

Соңғы жылдары елімізде ұлттық баспасөз тарихына ерекше назар аударылып келеді. 1995 жылы алғаш рет зерттеушілер Ү.Субханбердина мен С.Дәуітов «Айқап» журналының таңдаулы мақалаларын кітап етіп шығарса, ол бастама бүгінде кең қарқын алды. «Арыс» баспасы «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын қазіргі әліпбиге аударып, көптомдық жинақ етіп шығара бастады. Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры Ханбибі Есенқарақызының бастамасымен Орынборда шыққан «Ақжол» газеті мен «Таңшолпан» журналы да бірнеше том кітап болып басылды. 2012 жылы оралдық азаматтар 1911-1913 жылдар аралығында Оралда шыққан «Қазақстан» газетін Ресей архивтерінен әкеліп, аударып, кітап қылып басты. Бүгін, міне, «Ұран» газеті туралы жинақ та оқырман қауымға жол тартқалы отыр. Осының бәрі ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының еңбегін тануға, сол заманның тынысын білуге үлкен көмек, кәсіби тарихшыларға әжептәуір қолғабыс деп ойлаймыз.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі» газетінің қызметкері,

«Ұран» газетінің мәтінін қазіргі әліпбиге аударушы

«Ұран» газеті. 1917-1918» кітабынан. «Жайық Пресс», 2014, Орал қаласы

Бөлісу: