26 Қараша 2014, 04:08
25 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Күніне және Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының 10 жылдық мерейтойы аясында академик Қайрат Сақтың «Алаш мұрасы» және «Алаш көсемсөзі» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Қазақ руханияты, Алаш баспасөзі тарихы мен көсемсөзі тағы бір құнды кітаптармен толықты. ҚР Мәдениет және спорт министлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша алаштанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Сақ Қайрат Өмірбайұлының «Алаш мұрасы» атты кітабы «Қазығұрт» баспасынан, сонымен қатар, Сақ Қайрат Өмірбайұлының ғыылми жетекшілігімен құрастырылған «Алаш көсемсөзі: жер мәселесі» атты көптомдықтың алғашқы томы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан жарық көрді.
Соған байланысты Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы 2014 жылдың 25-қарашасында аталған кітаптардың салтанатты таныстырылу рәсімі өтті. Бұл екі кітап та қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятып, ұлтымыздың азаттығы жолында үлкен еңбек сіңірген Алаш қайраткерлерінің өмірі мен туған елі үшін жасаған ерен еңбектерін тарата талдап, танытуға арналған. Рухани жаңғырту, елдік мәселесі, жер мәселесі, ұлттық сезім мен мемлекеттік тұтастық тақырыптары бүгінгі таңда да өзекте. Құнды мұрағат материалдары, Алаш көсемсөз шеберлерінің мерзімді баспасөзде жарияланған мұралы Қазақ елінің алдағы даму жолында да шамшырақ болатын, жастарды жетелейтін біліммен сусындататын мәдени тарихи рухани асыл қазына екендігі анық. Сонымен қатар, халқының азаттығын, ел болып дербес дамуын аңсаған Алаш Арыстарының еңбектерін талдап, саралау, ғылыми негіздеу – болашақ журналистер мен ғалымдарға ғана емес, қалың бұқараның санасын жаңғыртуға да аса қажет дүние. Бір сөзбен айтқанда, мемлекетіміздің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрген бұл екі кітап тарих толқынындағы өз еншімізді түгендеуге және бағалауға өзінің өлшеусіз үлесін қосары сөзсіз.
Қос кітаптың таныстырылуы рәсіміне қоғам қайраткерлері, алаштанушы ғалымдар, БАҚ жетекшілері мен зиялы қауым өкілдері және кітапхана оқырмандары қатысты. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, тарихшы-ғалым Қойшығара Салғараұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Оразалы, көрнекті алаштанушы ғалымдар: ф.ғ.д., профессор, «Отырар кітапханасы» ғылыми зерттеу орталығының директоры Тұрсын Жұртбай, ф.ғ.д., профессор, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Дихан Қамзабекұлы, Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ербол Тілешов, журналист-публицист Кенжеболат Жолдыбай, химия ғылымдарының докторы, ҚР журналистер одағының мүшесі, профессор Алтынбек Нұхұлы, әлихантанушы ғалым, публицист Сұлтанхан Аққұлұлы, т.б. зиялы қауым өкілдері, журналистер қос кітап туралы ойларын ортаға салды.
Кітап таныстырылымның қалған суреттерін мына сілтемеден таба аласыздар.
Ұлттық академиялық кітапхана пресс-хатшысы