"Еңбекшіл қазақ" газеті латын графикасы туралы: Əбдірахман Байділда

12 Қыркүйек 2017, 13:59 6163

"Еңбекші қазақ" газетінде жарияланған мақалалар

Біздің жобамыз

Соңғы кезде көптің көңілін аударатын ірі мәселенің бірі – қаріп түзету мәселесі болып отыр. Бұл мәселе бір елде ғана емес, бүгінге шейін оқу, жазу һәм баспа істерінде араб қаріптерін қолданып келген барлық күншығыс елдерінің бәрінде де сөз болып отыр. Қарап отырсақ, Әзірбайжан, Дағстан, Гүрстан, Жақұтстан, Татарстан, Башқұртстан, Түркістан, Қазақстан һәм Стамбул түріктері – бәрі де осы мәселені ауызға алып, талқыға салып жатқанын көреміз. Мәскеуде қызметте һәм оқуда жүрген күншығыс елдерінің бірсыпыра азаматтары бұ күнге шейін араб қарпін қолданып келген күншығыс елдері бұдан былай латын қарпін қолданудың жолына түсу керек деп тауып, латыншылар ұйымын ашып отыр. Июнь ішінде Орынборда болатын қазақ білімпаздарының сиезінде де осы мәселе қаралатын көрінеді. Сонымен бұл мәселенің толғағы жетіп, дұрыс шешуді күтіп тұрғандығын көріп отырмыз.

   Неліктен бұл былай болып отыр?

Барлық күншығыс елдерінде қаріп түзету мәселесінің қозғалуына себеп не?

Бұған себептер көп. Бірақ сол көп себептің ең зоры – қолданып отырған қаріптеріміздің жұрттың мәдени тілектерін өркендетуге қолайсыз, жарамсыздығы.

Хат тануға, тез жазуға һәм баспа істеріне осы күнгі қаріптеріміздің келтіретін кемшіліктері көп. Мысал үшін бірнешеуін көрсетейік:

  1. Қазақ-қырғыз тілінде дыбыс саны 24-28 шамасында ғана болса да, басуға, жазуға келгенде 100-ден асып кетеді. Мұның баспа ісіне, хат тануға келтіретін зияны санап бітіргісіз.
  2. Қаріптердің асты-үстіндегі шым-шытырық толып жатқан нүктелер баспаның, жазудың шырайын бұзады һәм тез жазуға бөгет болады.
  3. Біздің қаріптеріміз басқанда, жазғанда оңынан солға қарай тізіледі де, цифрларымыз солдан оңға қарай тізіледі. Мұның да баспада, жазуда келтіретін бөгеттігі мол.
  4. Қаріптерімізде жазу машинасына, тез жазу (стенографияға), телеграф істеріне, білім кітаптарындағы (алгебра, геометрия, химия, физика) пән белгілеріне жарарлық таңбалар жоқ. Бұлармен пайдалана білмеген жұрт оңбайды, кер кетеді.

Айта берсек, қаріптеріміздің бұлардан басқа да кемшіліктерден көрсетуге болады.

Қаріп түзету әңгімесінің мұндай қызу көтеріліп отырғандығы қаріптеріміздің осындай кемшіліктерінің молдығынан.

Осы кемшіліктерді жою туралы түрлі жобалар шығып отыр. Олардың белгілі болып отырғандары – Әзірбайжан түріктерінікі, А. Байтұрсынұлыныкі, Алпазовтікі, М. Мырзаұлыныкі, Ж. Аймауытұлыныкі, Х. Досмұхамметұлыныкі һәм Мәскеудегі күншығыс азаматтарынан құралған латыншалар ұйымыныкі. Бұл жобалар негізінде екіге бөлінеді. Бір жағы бұрынғы ескі қаріптерімізді жамап-жасқап, түзетеміз дейді де, екінші жағы ескі, тозған арбаны сыналағанмен алысқа бара алмаймыз, мәдениетті жұрттар қолданып отырған латын қарпін негіз қыламыз дейді. Алғашқы пікірді А. Байтұрсынұлы, Әлпаров һәм Аймауытұлы қуаттайды да, кейінгіні Әзірбайжан түріктері, Мәскеудегі күншығыс азаматтарынан құралған ұйым, М.Мырзаұлы һәм Досмұхамметұлы (бұл кісінікі айналасындағы желіктің салқынына шалыққандықтан болса керек) қуаттайды.

Біз де соңғы пікірдегілердің ішіндеміз.

Біздің оқушылардың сынына ұсынып отырғанымыз Мәскеудегі «латыншылар ұйымының» жобасы.

Ол жоба мынау:

Aa – Аа  Bb – Бб Pp  – Пп Tt – Тт Dd – Дд Rr – Рр Ss –  Сс
Cc – Чч Çç – Шш Zz – Зз Jj – Жж Qq – Ққ Kk – Кк Ğğ – Гг
Gg –  Ғғ Ll –  Лл Mm –  Мм Nn –  Нн Ц – Ңң Oo –  Оо Uu – Ұұ
Wwu – Уу Iiy –  Ии Ee –  Ее Әә –  Ыы Хх –  Хх Ff –  Фф Hh –  Һһ

Жоғарғы таңбалардың жазылуы:

Aa   Bb   Pp   Tt   Dd   Rr   Ss   Cc   Çç  Zz   Jj   Qq   Kk   Gg   Ğğ  Ll   Mm   Nn Ц   Oo   Uu  Wwu   Iіy    Ee   Әә   Хх   Ff    Hh.

V= қысқа у:   ау – av;   сау=sav;   тау=tav;    жау=jav;   у=қысқа и:    ай=ay;   сай=cay; тай=tay;   жай=jay.

Бұл жоба қазақ-қырғыз жұртына лайықталған жоба.

Қазақ тілінде жоқ бірер қаріптер қырғыз тілі үшін кіргізілген.

Бұл жобаны дұрыс тауып, қазақ-қырғыздың жастары, еңбекшілері осы бастан үйренуге кіріссе, жоғарыдағы көрсетілген қаріптеріміздің кемшіліктерінен біраз жылдың ішінде оңай-ақ құтылар едік. Бұл қаріптердің оқу, жазу һәм баспа істеріне келтіретін жеңілдігімен бірге күнбатыс жұрттарының үлгілі мәдениетімен пайдалануға келтіретін жеңілдігі де аз емес. Өйткені, күнбатыс жұрттарының қолданып отырған қаріптерінің негізі де осы латын қарпі.

Ескі қаріптерді түзеп, жеңілдетеміз дейтіндердікі болашағы жоқ, босқа әурешілік. Ол жолмен қазақ-қырғыз еңбекшілі мұратына жете алмайды. Қазақ-қырғыз еңбекшілі жауыр атпен шиқылдаған ескі арбаны қойып, өзі жүйрік, өзі берік автомобиль мен отарбаға мінуден тайынбауға тиіс. Болашағы зор, көптің құралы латын қаріптерін үйреніп, мәдениетті жұрттармен жақындасудың жолына түсуі тиіс. Бұл жол – адастырмай азаттыққа апаратын төте, дұрыс жол!

Оқушым ұқпай- Oqwcәm, uqbay,

Осқырып шықбай- Osqәrәb cәqbay,

Сабырмен байқа сөзімді!- Sabәrmen bayqa sozәmdә!

Ахмет- Aхmet.

Еңбек етсең ерінбей- Eцbek etseц erәnbey.

Тояды қарның тіленбей- toyadә qarneц tәlenbey.

Мақал- maqal.

Байділдаұлы А.- Baydәlda ulә А.

Мәскеу-Maskeu.

Бөлісу: