25 Шілде 2016, 10:22
Алаштың арманын ұлттық идеяларымен Алаш ұранды қазақтың басын біріктіргісі келген бірден-бір үкімет – Алаш Орда.
Қазіргідей жаһанданған заманда қарулы күштері ең мықты елдер ғана басқаларға өз айтқанын істетіп, оларға өз үстемдігін жүргізе алады. Екінші әлемдік тарих сахнасында ұлт тарихы тереңде жатқан мемлекеттер ғана ең мықты ұлтқа айнала алады. Әлемде мемлекеттік құрылысы нығайып, қарулы күштері мықты озық елдердің қатарына Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания корольдігі сияқты елдерді жатқызамыз. Осыдан бір ғасыр бұрын ұлт тарихында ойып тұрып орын алған, алты Алаштың арманын ұлттық идеяларымен Алаш ұранды қазақтың басын біріктіргісі келген бірден-бір үкімет – Алаш Орда. Ол қуатты мемлекеттің ұлы тарихы мен ұлттық әскері болу керектігін сол ғасырда ойластырды. Сахарадай жазық, ұлан-байтақ жерімізді сақтап қалып, ұлт ретінде династиялы өмір сүруімізге – Қазақ Ордасы жәрдемші болды десек, дербес мемлекет құрып, ұлтымыздың рухын көтеріп, саяси элита бір ортаға шоғырланып, тарих аренасына шығып, Қазақстан мемлекетінің қалыптасуына Алаш қозғалысы сүбелі үлес қосқан болар еді. Мемлекет басшысы: «Ұлттық идеяны қалыптастыру біздің өз тарихымызды жаңадан оқу негізінде ғана мүмкін болады. Сондықтан ұлттық идеяның формуласы ұлттық тарихта жатыр», – деген еді. Ендеше Ұлт тарихы, Қазақ хандығының тарихы, Алаш Орда үкіметінің тарихы бүгінгі жаңа тұрпатты Қазақстан мемлекеттінің қалыптасуына маңызды рөл атқарды. Жоғарыда айтқанымыздай мықты мемлекет болу үшін әскері қуатты, қилы заманды бастан кешкен тарихы қатпарлы, саяси элита да ұлттық партиясы мен ұлттық идеясы ұштасқан, ұлтын бір шаңырақтың астында ұлттық бірігуге ұйыстырған болуы қажет.
Алаш тарихы. Еліміз Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі ұсынысты бірер жылда ғана кәдеге жаратты. Азуын айға білеген қуатты мемлекет болу үшін тарихта сенің мемлекеттілігің болу керектігін саясат мойындатты. Алаш үкіметі бұл рухани қайнарды сол уақытта ойға сараптады. Тіпті олар құрған мемлекеттің атын «Алаш Орда» атады. Оның бұлай аталуы жөнінде тарихшы ғалым М. Қойгелді өз зерттеуінде: «Ұлы Қытай қорғанынан бастап орыс ормандарына дейінгі ұлан-байтақ далада негізінен қазақ халқының этногенезін құрайтын тайпалардан тұратын аса қуатты мемлекет Алтын Орда дәуірін аңсаудан туындағанын аңғару қиын емес. Қазақ хандығы сол қуатты мемлекеттің үзігі еді», – дейді. «Мыңдаған жылдық тарихы бар Қытай империясына шабынып, азуын айға білеген жолбарыс – Жоңғар мемлекетіне лайықты тойтарыс беріп, ата қоныстан түре қуған Қазақ хандығы сол тұстағы Орталық Азиядағы бірден-бір қуатты мемлекет болды», – дейді профессор М. Қойгелді. Сол қуатты мемлекет Ресей отарына айналып, пұшайман халге түскенде, Алаш Орда үкіметі Қазақ хандығының аңсар-арманын серпілтіп, керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетуді мақсат етті. Алаш зиялылары ұстанған ұлттық идея мен елдік мұрат ұстанымы сонау сақ, үйсін, түркі кезеңдерінен бастау алған, қазақ хандары мен батырларының, билерінің, ақын-жазушыларының елдік ұстанымынан анық көрініс тапқан жер тұтастығы, ұлттық мемлекеттілік, қауіпсіздік идеясымен сабақтастықта өрбіді.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысының негізгі мақсаттарының бірі де қазақ халқының мүддесіне сай қызмет ететін, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру жоспары да Қазақ хандығымен байланыста өрбіген. Алайда тарих үрдісі көрсеткендей ол жүзеге аспай қалды. Ал советтік негізде құрылған Қазақ АССР-ы, одан кейінгі Қазақ ССР-да қағаз жүзінде егеменді деп аталғанымен, іс жүзінде орталықтың толық бақылауында болып, ұлттық мүддеден гөрі орталықтың мүддесіне сай саясат жүргізілді. «Отар елдің тарихын отарлаушы елдің өкілі жазады» деген қағидаға сай советтік авторлар қазақ тарихын жазуды өз қолдарына алып, қазақ халқының ұрпақтарына өз мемлекеттілігінің болмағанын дәлелдеумен өтті. Қазақ қоғамындағы хандықты мемлекет емес, ру-тайпалық ұйым ретінде түсіндірді. Сөйтіп, қазақтардың санасына мемлекетсіздік, мемлекеттілікті Ресейдің әкелгендігі сияқты идеялар бірте-бірте қалыптаса бастайды. Ол тіпті Тәуелсіздік алған жылдардың алғашқы жылында да советтік сана-сезімнің идеясында болды. Былтыр ғана әлем тарихына ойып тұрып, мерейтой белгілеп, қазақ мемлекеттілігін тарихын 550 жылға артқа шегеріп, ұлы тарихқа бет-бұрыс жасадық. Кешегі советтік кезеңнің мемлекетсіздік идеясын тұншықтырып, Алаш идеясы көтерген ұлттық тарихтың бар екенін көрсеттік. Осы орайда айтарымыз Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында шектеліп қалмай, қазақтың тарихындағы Алаш Орда, Алтын Орда, Түрік қағанаттарының тойларын өткізсек. Кешегі қылышынан қан тамған советтік империяның саясатына ұлы тарихы бар мемлекет екенімізді мойындатсақ. Оған бірден-бір екі үлкен себеп бар. Алдымен 2042 жылы Батудың құрған мемлекеті Алтын Ордаға 800 жыл толады екен. Екіншісі – Түрік қағанатына 2052 жылы 1500 жыл толады. Осы мерейтойларды ұлттық тарихымыздың қайнары деп, Алаш идеясы сол ұлы тарихтың жалғасы, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құраушысы деп насихаттасақ, басы артық мәселе емес-ті. Жоғарыда сөз еткендей мықты, қуатты мемлекет екенімізді сан ғасырлық тарихымызбен дәлелдеп, ұлы Алаш идеясын дәріптеген империя екенімізді айтпай-ақ дәлелдейміз.
Алаш идеясы. Алаш қозғалысының негізгі идеясы демократиялы қоғам қалыптастырып, сөзсіз еркіндік пен дамудың алғышарты ретінде қазақтың ұлттық мемлекетін құру болатын. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті – сол идеяның жемісі. Алаш идеясы әсірешіл ұраншыл қазақтың ойы емес, жалпыадамзаттық құндылық этикасын сақтай отырып, отарлық езгінің құрсауында тұншыққан жұртын азаттыққа шақыру болатын. Тарихшы Мәмбет Қойгелді «Тарих - күрес алаңы» кітабында Алаш идеясы жайында: «Қазақ ұлтшылдығының өзекті жібі, діңгекті ойы «менің ұлтым өзгеден ерекше, артық» сияқты мазмұндағы ұран болған жоқ. Ол елім деген қазақтың оқыған азаматының надандық пен отарлық езгінің құрсауында тұншыққан жұртын азаттыққа шығару, өзгемен тең ету жолындағы қызметке әзірлігін білдіретін шешімі және осы мақсат үшін күреске шақырған үндеуі болатын», – дейді. Және сондай-ақ «Қазақ ұлтшылдығының концептуалдық деңгейде және жалпыадамзаттық құндылықтар арнасында қалыптасып, оны ұлт зиялыларының сенім және күрес қаруы дәрежесіне жеткізу ісінде Әлихан Бөкейхан жетекші рөл атқарды» дегенді де М. Қойгелді зерттеулерінде жиі келтіріп отырады. «Әлихан Бөкейхан жай қатардағы ұлт азаттық қозғалысысының белсенді тұлғасы емес. Ол – жаңа мазмұн, сипаттағы қазақ азаттық қозғалысының негізін қалаушы көш бастаушысы, лидері. Оның азаттық қозғалысын жаңа интеллектуалдық деңгейге көтеру ісіндегі еңбегін кезінде бүкіл ел-жұрты, патшалық және советтік биліктер мойындаған», –деп жазды алаштанушы ғалым М.Қойгелді. Алаш үкіметі үшін жетекші рөл атқарған Әлихан Бөкейханның қызметін тіптен қарсыластары да мойындады. Сондай оппенттердің бірі Бақытжан Қаратаев Бөкейханға жолдаған хатында: «Меніңше жалғыз сен ғана халықтың ықыласына лайықсың. Жалғыз сен ғана халқым үшін қызмет жасадым деп айтуға хақылысың», – деп жазды.
Алаш идеясы ұлттық бірігу концепциясына алып келді. Ол тұста қазақтың оқыған, саяси орталықтарда білім алған, мемлекет құрылысын қалыптастыру жөн-жосығын білетін ұлт зиялыларының басын біріктірді. Соның арқасында Алаш идеясын аясында мыңдаған қазақтың басы бірікті. Мұхтар Құл-Мұхаммед «Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы» атты еңбегінде: «Қазақстанның Ресейге бодан болғаннан бергі тарихындғы жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегін «саяси күрестер мен рухани жаңғыру кезеңі» деп айтуға әбден болады. Бұл кезеңде саяси күрес сахнасына Ресейдің аса үлкен ғылыми, саяси орталықтарында білім алған, сол кезеңдегі Еуропадағы саяси күрестің бет алыс бағдарларынан әбден хабардар, экономика, құқық тарихы мен теориясын терең меңгерген қазақ зиялыларының үркердей озық ойлы тобы шықты. Олардың басым көпшілігі ғылымға емес – утопияға, демократияға емес – авторитаризмге негізделген большевизм идеясын қабылдамай, баррикаданың арғы бетіне шығып, өз елінде, өз жерінде отырып азап шеккен қазақ халқының мұң-мұқтажын қорғауды мақсат еткен «Алаш» партиясын ұйымдастырды. Ел алдындағы ұлы мақсаттарды жүзеге асыратын атқарушы билік органы – «Алаш Орда» үкіметін құрып, ұлттық-аумақтық негіздегі «Алаш автономиясы» мемлекеттігін жариялауға талпыныс жасады». Бұл идея сол уақыттағы советтік-тоталитарлық жүйеге ұнамады. XX ғасырдың басында қалыптасқан Ұлттық идеяны советтік билік өз қолымен тұншықтырып, саяси көшбасшылар мен ұлт зиялыларына қуғын-сүргін ұшыратты. «Қазақ халқының ұлттық, саяси санасын қалыптастырудағы ең биік белес болған XX ғасыр басындағы осы бір қазақ зиялылары алдыңғы қатарлы тобының саяси қызметі де, құқықтық көзқарастары да, тіпті ғылыми, әдеби мұралары да ұзақ жылдар бойы жабық тақырып саналып, зерделі зерттеулерге обьект бола алмады», – дейді алаш қайраткерлері тақырыбында сүбелі үлес қосқан ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммед. Әлихан Бөкейхан Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру идеясы қазақтың ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, халықтың сана-сезімін оята жүріп, бодандық құрсауын бұзып шығуға болатынын көрсетті. Жемісін Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті көрді. Бүгінгі билік сол идеяны мойындамаса да, Әлиханды ұлт көсемі ретінде тани алмаса да, Алаш көсемінің құрған мемлекетінде өмір сүріп отыр. Ұлы «Орыс идеясы» іспетті ұлттың саналық рухани болмысын анықтайтын «Алаш идеясы» қазақ топырағында қалыптасты. Өркенін жайды. Ұлттық идея негізінен XX ғасырдың басында әлемдегі, Ресейдегі геосаяси жағдайдың өзгеруімен жүзеге асқанымен, оның әлеуметтік, саяси, рухани тамыры ғасырлар тереңінен бастау алғанын ұмытпаған абзал.
Алаш бірлігі. «Елге ел қосылса құт» деген халық даналығы бар. Кезінде тағдырдың талайымен атамекеннен жырақ, сыртта қалған қандастарымыздың мәселесі кімді де болса толғандырары анық. Бұл мәселе – Алаш зиялыларын да толғандырған мәселердің бірі. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның: «Түбі телім болған қазақтар басын қоспай қазақ қазақ болмайды», – деген сөзінен-ақ Алаштың арманын бөліп-жармай, Алаш ұранды Қазақтың басын біріктіргісі келгенін ұғамыз. Алаш қайраткері Халел Досмұхамбеұлы: «Біздің мақсатымыз барлық Қазақтың басын қосу болатын. Сондықтан Қытайдағы қазақтарды да қосып алуды қарастырдық. Әрине, ондағы қазақтар өздері мекендеп отырған территориясымен Алаш Орда құрамына кіру керек деп есептедік. Бұл жоспар сол қиял күйінде қалды, іс жүзінде ешнәрсе де атқарылған жоқ. Бұған қазақстандық қазақтардың қалай қарайтыны маған белгісіз. Жат жердегілердің жағдайы өте ауыр күйде, өмір сүру дәрежесі төмен, сондықтан бірігуге қарсы бола қоймас деп ойладық», – деп атап көрсетті. Бұл Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның да түпкі мақсаты еді. Осы идеяның жемісі Қазақ газетінің санында да көрініс тапты. Онда алашордашылар саяси эмиграция туралы: «Қазақтың Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс. Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз», – деген. Бұл – Алаш идеясы мен оның көсемі Әлихан Бөкейханның ұлттық бірігудің басты пәлсафасы. Қазақ ұлтының толықтай бірігу саясатындағы ұстанған идеологиясының бір тарамы. Сондай-ақ Алаш зиялыларының Қытайдағы қазақтар жөніндегі тұжырымды пікірлері Шыңжан қоғамдық ғылымдар институты журналының 2004 жылғы №3 санында Қалиолла Нұртазаұлының «Әнші Әсет» атты мақаласында талданып көрсетіледі. Онда Алаш Орда үкіметінің жетекшісі Әлихан Бөкейханның Қытай қазақтарына үндеу хат жазып, оны Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсеков қатарлы күрескерлерге Шыңжан қазақтарына жеткізуді тапсырғандығы айтылады. Бірақ, мақалада бұл хаттың мазмұны хақында нақты ештеңе айтылмаған. Дегенмен, жоғарыдағы азаматтардың Шәуешек қаласында Құлжа мен Тарбағатай өңірінің игі жақсыларымен жиын өткізуі және Ахмет Байтұрсыновтың Алтай қазақтарына хат жазып, оны жеткізуді Әсетке тапсыруына қарап үндеу хаттың мазмұнынан байқаймыз.
Тек хат, үндеу жазып қоймай, алаш ардақтылары 1918 жылдың жазында Қытайдың Шығыс Түркістан аймағына сапар шегеді. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Садық Аманжолов, Райымжан Мәрсековтер бар, жұмбағы әлі де ашылмаған белгілі сапарда олар үш мақсатты көздейді: 1. «Алаш Орда» үкіметінің Шығыстағы эмиграциялық бөлімін ашу; 2. Босып барған ел мен жергілікті қазақтардың басын қосып, Алашорда Үкіметінің азаматтары ретінде Қытай үкіметіне ресми тіркету; 3. Оларды жерге қолтықтаса орналастырып, дербес автономиялық басқару жүйесін құру болатын. Ұлттық бірігу жайындағы кезекті дерек 2007 жылы Ана тілі газетінің №33 санында жарық көрген Уахап Қыдырханұлының «Міржақыптың Өр Алтайдағы іздері» атты мақаласында автор жасы сексеннің сеңгіріне шыққан Жапабай болыстың немересі Әкірамбек ақсақалдың жоғарыдағы Алаш азаматтарының Шәуешекке келуі жайында: «Олардың мұнда келуінде екі мақсат болыпты. Бірі – ақ пен қызыл арасындағы аласапыранда үркіп, үдере көшіп кеткен елдің жағдайын білу, көнсе қайта көшіру. Екіншісі – Алаш Орданың ауқымын осы жақтағы елгеде ұлғайту болыпты», – дейді. Осы жоғарыдағы Шыңжан қазақтарының тарихи деректерінен Алаш идеясының сол жиырмасыншы жылдары ұлттық бірігу идеясының сарыны жатқаны айтпаса да түсінікті. Ақ пен қызылдың тартысынан басқа отызыншы жылдардағы көтеріліс кезінде де қазақтардың Жоңғар Алатауынан асып ауа көшкені белгілі. Бұл кезде Алаш Орда үкіметі құлағанымен, қозғалысқа дем берген би-болыстардың бір сыпырасы Алаш идеясын өлтірмей Шыңжаңға ала кетті. Бұл туралы тарихшы Еркін Рахметолла: «Қазақтардың Қытайға қоныс аударуы 1928-1933 жылдар аралығында шырқау шегіне жетті. Көшті бастаған негізінен ғасырлар бойы халықтың экономикалық тірегі саналған байлар болғанымен, оларға қысылтаяң уақытта қолдау көрсеткен бұқара халық және ауылдық жерлердегі Совет үкіметі тағайындаған адамдар, коммунистер көштен бөлінген жоқ. Бұған себеп, қазақ халқының рулық, ағайындық бірлігінің әлі де ыдырамай, әр қазақтың «у ішсең руыңмен» деген аталы сөзді санасынан шығара қоймаған кезі еді. Қытайға өткен әр қазақтың бойында «Алаш қозғалысы» идеясы бірге кетті», – деп жазады. Алаш әскері. Алаш зиялылары ұлттық әскер құрып, қуатты мемлекетке айналу идеясын автономия құрудан бұрын ойластырған. Өйткені мемлекеттің негізгі тірегі, қорғаны – әскер. Өткен ғасырдың басындағы Алаш Орда қайраткерлерінің ұлттық тәуелсіздікке ұмтылыста халық сарбаздарын құру ісі бүгінгі қазақ әскерінің қалыптасуының алғышарты. «Қазақ газетінің 1917 жылғы қарашаның 14 санында жарияланған үндеуде «Өзімізді өзіміз қорғау үшін, бізге жалпықазақ милициясын құру керек... Егер өзімізді-өзіміз қорғай алмасақ, бүлікшілдік зорайып, қиыншылық айналғанда, қазақ халқы құрбан болады», – делінген. Бұл туралы Алаш әскерін зерттеген ғалым К. Нүрпейісовтің «Алаш және Алашорда» кітабында көрсетілген. Тарихшылар сілтеме жасайтын мұрағат деректеріне сүйенер болсақ, Алаш Орда әскерінің құрылуы мен оның қызметі 1918 жылдың басынан бастап 1919 жылдың аяғына дейінгі аралықты толық қамтыған. Ал тарихшы Сейітқали Дүйсеновтің айтуынша: «Алаш әскерінің атқаратын басты міндеті: ақтар мен қызылдардың арасындағы соғысқа бару емес, елінің тыныштығын сақтау, сырттан келген жауға қарсы тұрып, еліне қорған болу». Әуелде осындай қағидатқа сүйенген Алаш қайраткерлері ұлттық әскердің түрін – атты һәм тұрақты әскер принципімен құрады. Міржақып Дулатов тоқетерін де тарқатады: «Жауап біреу-ақ: әскеріміз болса ғана жұрт боламыз!»
Жалпы, Алаш тарихына үңілсек, ұлттық әскерді ең алдымен халық милициясы ретінде құруға талпыныс болғаны байқалады. Мәселен, 1917 жылғы І жалпықазақ съезінде «…Анархия болу қаупі бар, сол себепті осы күнгі әскер орнына халық милициясы құрылсын» делінген болса, ІІ жалпықазақ съезінде елге қорған болатын «халық әскерін жасау керектігі қайта жаңғырып, милиция құрудың мақсаты анықталды, қазақ милициясын құру жоспары жасалып, бекітілген». Алаш әскері жайында тарихшы Күлпаш Ілиясова Алаш немесе Алашорда әскері бастапқыда «халық милициясы», «халық әскері», «Алаш әскері», «қазақ полкі» сияқты әр түрлі атаулармен аталғанын алға тартады. Алашорда әскерін жасақтауда ұлт қайраткерлерінің еңбегі зор екендігін айтып өткеніміз жөн. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ РһD докторанты, тарихшы Еркін Рахметуллин: «Алашорда әскерін жасақтауда Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Әбікей Сәтбаев, Ахметжан Қозыбағаров, Биахмет Сәрсеновтар белсенді атсалысты», – деп жазады. Тіпті Алаш Орда үкіметінің әскери жүйесі біршама жолға қойылып, әскери кеңес құрған. Бұл жайында Е. Рахметуллиннің «Алаш қайраткерлерінің ұлттық әскер құрудағы қызметі» атты мақаласында: «Алаш Орда үкіметінің заңнамалық құжаттарындағы Алаш Орда әскери кеңесін құру туралы 11-24 маусымдағы үкімет төрағасы Ә. Бөкейхан, мүшелері М. Тынышпаев пен Х. Ғаббасов қол қойған қаулыда: «Алаш Орда жанынан үш адамнан тұратын әскери кеңес құрылсын, оларға әскери министрліктің қызметі кіреді. Алаш Орданың уездік және облыстық бөлімшелерінің жанынан әскери кеңестер ашылсын. Әскери кеңес большевиктерге қарсы күресте әскер қатарына жігіттерді шақыруға міндеттеледі». Алаш үкіметі мықты, қуатты елге айналу үшін ұлттық әскері қалыптасу керек идеясы осыдан бір ғасыр бұрын қалыптасты дей аламыз. Мемлекеттік құрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлттық әскер құру ісі басты фактор екендігін айтып кетті. Бүгінгі жас Қазақстанның негізгі қуатты мемлекетке айналдырып, қорғаныс жүйесі мен мемлекеттілік мәртебесін сақтап қалуда ұлттық әскер реформасын Алаш әскері негізінде құруды ойластырған жөн.
Түйін. Сөз соңында айтарымыз, Алаш арыстарының алдында бүгінгі ұрпақ қарыздар. Туған халқының алдында Алаш зиялылары Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін аянбай еңбек қылды. Қоғамның әділетсіз саясаты мен идеологиясының құрбаны болған ұлт зиялыларының мақсат-мүддесі, арман-тілегі, ұлттық идеясы Қазақ елінің рухын асқақтатып, жаңа қоғамымыздың бүгінгі мен келешек өскелең ұрпағының рухани өсіп-өнуіне, дамуына игі ықпал еткен идея ұлт тарихында мәңгілік қызмет ете береді. «Оларсыз қазақ тарихы тұл, алтын дегені күл еді. «Алаш» партиясынсыз саяси күрес тарихын, Алаш Орда үкіметінсіз экономикалық ілімдер мен реформалар тарихын, Алаш автономиясынсыз Қазақстан мемлекеттілігінің негізін, Алаш ардагерлері өмірінсіз ұлт тарихының ұлы арқаулары – тұлғалары тарихын жасау мүмкін емес-ті», – дейді зерттеуші ғалым М. Құл-Мұхаммед.
Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ
Суреттер: Ғаламтордан алынды