Алаш Арысының күндерегі жарық көрді

9 Желтоқсан 2014, 05:02

Таразда есімі күллі Түркі жұртына мәшһүр ардақты Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметінің күндерегінің 1 томы жарық көрді.

Таразда есімі күллі Түркі жұртына мәшһүр ардақты Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметінің күндерегінің 1 томы жарық көрді. Биохроникалық зерттеу еңбектің авторы – белгілі тарихшы Ордалы Қоңыратбаев.

Кітапта ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы, азаматтық тұлғасын әлем мойындаған саясаткер, ірі қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым-публицист Тұрар Рысқұловтың 1894-1919 жылдардағы өмірі мен қызметінің күндерек мәліметтері қамтылған. Кітап Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан ашылған Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығының жоспары бойынша шығып отыр. Бұл туралы аталмыш институттың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақ халқының даңқты перзенті туралы кітап «Түркістан тұлғалары» атты серия бойынша шығып отыр. Бұл серия Түркістан өлкесінің тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін зерттеуге арналмақ. Бағзы замандағы Қорқыттан бері, кешегі репрессияға ұшыраған Түркістан тұлғаларына дейін қарастыру көзделген.

Осы орайда айта кетейік, орталық тарихшылары жеті бағыт бойынша жұмыс істейді. Бүгінге дейін аталмыш орталықта биылға жоспарланған 6 томның 2-ін баспадан шығарды. Сонымен қатар, Алаш қозғалысы мен Жетісу өлкесінің отарлану тарихына қатысты екі кітап та қалың оқырманға жол тартты.

Үстіміздегі жылдың қазан айында ашылған ғылыми зерттеу орталығының мақсаты – Түркістан өлкесінің тарихына қатысты кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу, Тараз өңірі мен Әулиеата уезінің тарихы бойынша бұрын жарық көрмеген архив құжаттарын жинастыру, қордаланған материалдардың негізінде көптомдық құжаттар жинағы мен монографиялық еңбектер даярлау. Орталыққа есімі берілген Жүсіп Баласағұн қазіргі Қазақстанның Шу аймағындағы көне Баласағұн қаласында туған. Ғұламаның басты шығармасы – «Құтты білік» – ізгі мемлекетті қалай құру және оны қалай басқару туралы энциклопедиялық туынды болып табылады. «Құтты білік» – ізгі мемлекетте өмір сүретін ізгі адамды қалай тәрбиелеу керек деген мәңгілік сұраққа жауап іздеген түркі тіліндегі алғашқы философиялық-педагогикалық шығарма екенін де атап өткен жөн.

Бөлісу: