Алаш: Тұлғалар

28 Қараша 2017, 08:55 3586

Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай

«Қазақ» газетасы  №15 (23 май) 1913ж.

Қазақ ішінде алғашқы мұғалиманың алғашқы мектебі

Семей-Заречный слабодкасында бала оқып тұрған мұғалім Мұстақым мырза Малдыбаевтың жамағаты мұғалима Ғазиза ханым қарамағындағы әйел балалар мектебінде оқып, қыз-қатындар көп жиналды. Емтиханшылардың ішінде Мәрсековтің жамағаты Рахима ханым, учитель  Н. Құлжановтың жамағаты Нәзипа ханымдар болды.

Әйел балалар шамаларынша оқығандарының үстіне қолөнерлерін де үйренген екен. 35 әйел балаға оқу-жазу білдіріп, қолөнер үйреткендігі үшін жиылған ханымдар, бәйбішелер мұғалима Ғазиза ханымға көп алғыс беріп, риза болып тарқасты.

Әйел балаларымыздың оқу, жазу білулері, оның үстіне шешелері алдында емтихан берулері тоңған көңілдерімізді жібітсе керек.

Григори Потанинй.  «Уақыт» газетасы 1913 ж.

«Бір жұма болды, мен  қазақ ішіндемін. Қазақтардың баяғы қазақ қалыбында тұрған Былқылдақтамын. Қазақ даласы кісі таң қалғандай өзгерген екен. Мұнан бірнеше жыл бұрын бұл жерлерде оқу-оқыту, мектеп деген нәрселердің аты да жоқ еді. Қазірінде қазақтың өз ішінен шыққан фелдьшер, учительдер толып жатыр. Ауылдарда жаңаөспірім қазақ гимназист һәм гимназисткалары, реалисткалар кез келеді.

Қарқаралыдан 90 шақырым оңтүстікте ішкі қазақ арасындағы жабайы бір ауылда алтын көзілдірік киген, әдемі киімдер киінген бір қазақ қатынын көрдім. Бұл сондағы қазақ учителінің жамағаты екен. Екеуі де Қостанайдан келіп, мұнда бала оқытып тұр.

Жақсы тағылым, тәрбие көрген бұл бәйбіше өзін халық қызметіне арнаған, ерлі-байлы екеуі де халық ішінде тұрып, оқытудан ләззат алады. Әр жерде өзімді қазақтар құрмет һәм ілтипатыменен күтіп алады»

Бөкей Ордасының инспекторы Вознесенский:

«... Хұснижамал қазақ сұлтанының қызы... Білімді өз үйінен ағаларынан алған. Хұснижамалдың жасы 25 шамасында, көрікті де сүйкімді... орысша тым таза сөйлейді. Оның ерекшелігі өте ұстамдылығында. Қазір ол өзін орыс мектебінің ісіне арнауға ұйғарып отыр...»

Алғашқы әйел қайраткерлер

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басы қазақ өмірінде елеулі өзгерістер орын алды. Ішкі Ресейден ағылып келген мұжықтар қазақ жеріне орнығып, халықтың экономикалық тұрғыдан әл-қуатынынң кемуіне әсер етті. Қолдағы негізгі күн көріс тетігі – малы мен жерінен айырыла бастауы олардың ішкі наразылықтарын тудырып, саяси тұрғыдан қарсылық қалыптастыруға итермеледі. Дәл осындай бір-біріне кереғар екі ағыстың қатар дамуы алаш елін бұрынғыдай бұла тірлік, бұйығы тіршіліктен арылып, жаңа сапалық деңгейге көтерілуге мәжбүр етті. Саяси беталыстың өзі қажетсінген бұл үрдіс орын алмай қалған жоқ. Бұрын баламызды бұзады, діннен аздырады деп шошынған қазақ енді ұрпағын саналы түрде школдарға, училищелерге апарып оқыта бастады. Тіпті, Пертербург, Мәскеу сияқты ірі саяси мәдени орталықтарда оқуға ұмтылған қазақ жастарының қарасы көбейе бастады. Деректерден қанығуға болатын қызықты бір жайт екі ғасырдың өлара шегіндегі онжылдықтарда заң оқуын оқыған қазақтар өзге мамандықтарға қарағанда көптеп кездеседі екен. Бұл да бір жағы қазақтардың саяси-құқықтық көзқарастарының өсуі болса, екіншіден, патшалық билеу мекемелерінің қазаққа жасаған қысасының «жемісі» еді.     

 Осы сапалық өзгерісті аңдата алатын тағы бір құбылыс аталмыш кезден бастап қазақтың қыз балалары да оқуға ден қойып, қоғамдық өмірге етене араласа бастаған-ды. Төменде біз қазақ әйелдерінің алғашқы зиялы өкілдерін ұсынып отырмыз. 

ЕҢ АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗДАР...

Хұснижамал Нұралыханов белгілі сұлтан Зұлқарнайын Шөкеұлы Нұралыхановтың қызы. Қазанның Земская мектебін бітірген ол  көзі ашық әкенің (әкесі Зұлқайрнайын Шөкеұлы «Дала уалаяты газетіне» Ішкі ордадан үзбей материалдар жазып тұрған. «Бір үлкен іс», «Ішкі кіші Ордадан хат», «Ішкі кіші жүзден тұрмыс алайында болған хабарлар» қатарлы көптеген хабарлар мен материалдардың авторы) ықпалымен ой-санасының ерте оянғаны анық. Қазандағы оқуын бітіргеннен кейін 1894 жылдан бастап, Ордадағы әйелдер училищесінде бала оқыта бастайды. 1883 жылы ашылғанымен, бұл училищеде оған дейін тек орыс қыздары ғана оқытылып келген екен.

Ғазиза Малдыбаева

Ғазиза Малдыбаева мен жары Мұстақым Малдыбаев екеуінің есімі қазақ тарихында айрықша құрметпен аталатын есімдер қатарында. Ерлі-зайыпты екеуі қазақ елі әлі дерліктей ояна алмай, бұйығы жатқан сол меңіреу заманда мектеп ашып, бала оқытып, қазақ қоғамының жарыққа шығуына бар күш-жігерлерін жұмсады. Мұстақым Малдыбаев 1911 жылы «Оқулық», одан 1912 жылы «Қазақша ең жаңа әліппе» деген еңбектер жазып, бала оқытудағы  басты таршылық – кітаптың болмауын шешуге тырысса, жары Ғазиза қазақ сахарасындағы алғашқы деп айтуға боларлық қыздар мектебін ұйымдастырады. Осы үшін парта, доска сияқты қажетті жарақтармен қол ұшын созған Хұсейін қажы Бектеміров пен оның анасына және басқа да тілеулес ағайындарға арнайы «Қазақ» газеті арқылы рақмет айтып, 1913 жылы хат жолдаған екен Ғазиза Малдыбаева. «Ұлт үшін шын көңілімен қызмет етуші адамдарымыздың қарасы көбейсе екен» деген жүрекжарды сөзі де өмірлік ұстанымы мен мақсат-мұратының мәнін ашып тұрғандай...

ЕҢ АЛҒАШҚЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ

Қазақтан шыққан алғашқы әйел баспасөз қызметкерлері дегенде екі бірдей есім ойға оралады екен. Оның бірі – қазақ ұлттық басылымдарының төлбасы «Айқап» журналында корректор қызметін атқарған Мәриям Сейдалина да, енді бірі – Қазақстандағы әйелдер баспасөзінің негізін қалаушы, алғашқы оқыған қазақ қыздарының жарқын өкілі Нәзипа Құлжанова.

1887 жылы Торғайда туған Нәзипа Сегізбайқызы қазақ әйелдерінің ішіндегі ұлт жолында ұлық істер атқарған ең көрнекті өкілі. Педагогика,  журналистика, этнография, аудармашылық қатарлы салаларда елеулі нәтижелерге қол жеткізген. Оқулықтар жазған. Н.Құлжанова – қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналистердің бірі. «Айқап», «Қазақ»,  «Бірлік туы», «Алаш», «Сарыарқа» қатарлы алғашқы ұлттық-демократиялық басылымдармен қатар, кейінгі кеңестік баспасөздерге де белсене қатысқан. «Еңбекшіл қазақ» газетінің редакция алқасының мүшесі болған. 1923-1929 жылдар аралығында «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдарында жауапты қызметтер атқарған.  

ЕҢ АЛҒАШҚЫ ДӘРІГЕРЛЕР

АққағазДосжанова 1893 жылы Торғай облысының Ақтөбе үйезі Бөрте болысында дүние келген екен (қазіргі Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Бөрте ауылы). Аққағаздың өзге қазақ қыздарына қарағанда оқу-білімнен ерте  нәр алуында  ағасы Сағындық Досжановтың ықпалы аз болмаған. Орынбордағы орыс-қазақ училищесін, одан кейін мұғалімдер даярлайтын мектепті тамамдаған ағасы Сағындық Орынбор маңындағы Томарөткел, Бұрты болсында мектептер ашып, оған өзі басшылық жасайды. Сөйтіп, ағарту, елді ояту жұмыстарымен белсене айналысады. Өз қарындасын оқыту арқылы өзгені білімге үндеп, өнеге көрсетеді. Әке-шешеден айырылғанымен, өмірге құлшынысын жоғалтпаған зерделі қыз 1914 жылы Орынбордың қыздар гимназиясын үздік бітіріп, Мәскеуге аттанады. Мұнда ол медицина мамандығын игеруге  ден қойған еді. Іргелі орталықта білімнен үлес алып жатқан өжет қыздың құлшынысы өзгелерді де тәнті етті. Көп қалауымен 1917 жылы 1-8 мамырда Мәскеуде өткен мұсылмандар құрылтайына делегат ретінде қатысып, мұсылман әйелдерінің мұң-мұқтажы жайында сөз де  сөйледі. Дегенмен дансаулық жағдайына байланысты Мәскеудегі оқуын толық тамамдай алмай, 1918 жылы елге оралады.

1922 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің (САГУ) медицина факультетін толық бітіріп, қазақ әйелдерінен шыққан алғашқы дәрігер атанады. Оның тек дәрігер ғана емес, қалам тербейтін де қабілеті болғанға ұқсайды. «Абай», «Жас азамат» қатарлы басылымдарда жарияланған  жазбалары қаламгерлік те қырын паш ететіндей. Аққағаз Досжанова 1925 жылы өзімен университетте бірге оқыған, Ташкенттегі балалар интернет үйінің меңгерушісі Әлімгерей Ершин атты жігітпен отау құрады. 1926 жылы Шарбаз атты сәбиі дүниеге келеді. 

Алайда қатал тағдыр оған көп өмір жазбаған екен. 1930 жылы отбасымен Алматыға көшіп келіп, өзі №1 қалалық емхананада дәрігер ретінде қызмет атқарғанымен, ауру меңдетіп, 1932 жылы Шымкент қаласында көз жұмды.

Асфендиярова Гүлсім. Әйгілі Санжар Асфендияровтың қарындасы Гүлсім алғашқы дәрігерлік мамандығын алған қазақ қыздарының өкілі. 1899 жылы Ташкент әйелдер гимназиясын, 1908 жылы Санкт-Петербург әйелдер медициналық институтын бітірген ол Шымкент, Ферғана, Ташкент өңірлерінде дәрігерлік қызметтер атқарған. 1920 жылы жергілікті халықтың әйелдер қауымына арнап алғашқы акушерлік мектеп ұйымдастырады.  

ЛИДЕР

Алаш қозғалысының тарихында бүкілхалықтық сипат алған екі айтулы съезд өткенін білеміз. 1917 жылдың 21-26 шілде және 5-13 желтоқсан күндері Орынборда өткен бұл екі басқосудың әрқайсысының көтерген жүгі өз алдына бөлек тақырып. Алдыңғы съезде «Алаш» партиясының бағдарламасы бекітілсе, кейінгі желтоқсандағы жиылыста Алаш автономиясы құрылып, Алашорда үкіметінің мүшелері сайланған еді. Төмендегі инфографика  Алашорда үкіметіне кімдердің сайланғанынан мағлұмат береді:

  1. Бөкейханов Әлихан

Қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің бағытын айқындаушы. Көсем. Алашорда үкіметінің төрағасы. 1866 жылы 25 наурызда бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысында туған. 1886-1890 жылдарыОмбы техникалық учелищесінде, 1890- 1894 Санкт-Птеребург орман институтында оқыған. І Думаға депутат болып сайланған. 1937 жылы атылған.

  1. Ақбаев Жақып

1876 жылы бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Берікқара болысында туған. 1898-1903 жылдары Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде оқып, алтын медалмен бітіреді. 1905 жылғы наразылық петициясын ұйымдастырушылардың бірі. Қазақтан шыққан тұңғыш құқық манистрі. 1934 жылы атылған.

  1. Аманжолв Садық

1885 жылы Жетісу облысы, Верный уезі, Бақай болысында дүниеге келген. 1902 жылы Верный ерлер гимназиясын, 1907 жылы Қазан императорлық университетін бітірген. Жетісудағы алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі. 1941 жылы өмірден озған.

  1. Әлжанов Отыншы

1873 жылы бұрынғы Семей облысы, Зайсан уезі, Нарын болысында дүниеге келген. 1887-1890 жылдары Омбы қазақ-орыс гимназиясын, 1890-1894 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясын бітірген. Жетісуда жасақталған алаш әскерінің қолбасшысы болған. 1918 жылы қызылдар тарапынан өлтірілген.

  1. Бірімжанов Ахмет

1871 жылы бұрынғы Торғай облысы Торғай уезінде дүниеге келген. 1891 жылы Орынбор гимназиясын, 1899 жылы Қазан университетінің заң факультетін бітірген. І, ІІ Дума депутаты. Торғай облыстық қазақ комитетінің мүшесі, түрлі заң орындарында қызмет істеген.1927 жылы Ленинградта қайтыс болған.

  1. Досмұхамедов Халел

1883 жылы қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданында дүниеге келген. 1894-1902 Орал әскери реалдық училищесінде, 1903-1909жылдары Санкт-Петербург Императорлық әскери-медициналық академиясына оқыды. Батыс алашорда жетекшілерінің бірі. 1939 жылы атылған.

  1. Досмұхамедов Жанша

1885 жылықазіргі Сырым ауданы, Бұлдырты ауданында дүниеге келген. 1899-1904 жылдары Орал әскери реалдық училищесінде, 1904-1911 жылдары Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітіріп шығады. Батыс Қазақстандағы алаш қозғалысының жетекшісі. 1938 жылы атылған.

  1. Ғаббасов Халел

1888 жылы бұрынғы Семей облысы Семей уезі Шаған болысында туған.1910 жылы Мәскеу универсиетініңзаң факультетіне түсіп, студенттер ереуіліне қатысқаны үшін оқудан шығарылған. 1911 жылы Мәскеу университетінің физика-математика факультетіне түсіп, 1915 жылы алтын медалмен бітірген. Алаш қозғалысының негізгі қайраткерлерінің бірі. 1930 жылы тұтқындалып, 1931 жылы атылды.

  1. Әлімхан Ермеков

1891 жылы қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған.1921 жылы Томск технологиялық университетін бітірген.Қазақ жерлерін қазақ автономиясының құрамына қосуға айрықша еңбек сіңірген. Қазақ зиялыларының арасынан математика саласынан тұңғыш профессор атағын алған, «Ұлы математика курсы» аталатынқазақ тіліндегі математика саласы бойыншаалғашқы зерттеу еңбегін жазған ғалым. Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі. 1970 жылы қайтыс болды.

  1.  Құлманов Бақтыгерей

1859 жылы қазіргі Атырау облысы Теңіз ауданында дүниеге келген. 1884-1889 жылы Санкт-Петербург унверситетінің шығыс тілдері мамандығын үздік дипломмен бітірген. Магистрлік диссертация қорғаған. І және ІІ Дума депутаты. Батыс Қазақстандағы алаш қозғалысын ұйымдастырушы, Алашорда үкіметінің төрағалығына дауысқа түскен үш канидидаттың бірі.

  1.  Мәметов Базарбай

1888 жылы бұрынғы Жетісу облысы, Лепсі уезінде дүниеге келген. 1900-1911 жылы Верный ерлер гимназиясын, 1911-1917 жылы Қазан университетінің заң факультетінде оқыды. Алаш әскерін жасақтау, аштарға көмек беру жұмыстарына қатысты. Бүкілресейлік Құрылтай және Бүкілресейлік мқсылмандар кеңесіне мүше ретінле сайланған.1946 жылы қайтқан.

  1.  Танашев Уәлитхан

1887 жылы бұрынғы Бөкей ордасы, 2-Теңіз жағалауы округі, 3-болысында дүниеге келген. 1908 жылы Астрахан гимназиясын, 1912 жылы Қазан университетінің заң факультетін бітірген. Батыс Қазақстандағы алаш қозғалысын ұйымдастырған қайраткерлердің бірі. 1937, 1949 жылдары бірнеше мәрте қуғын көріп, жазаға кесілсе де аман қалып, 1968 жылы Алматыда көз жұмады.

  1.  Тұрлыбаев Айдархан

1887 жылы Ақмола облысы, Көкшетау уезінде дүниеге келген.1897 жылы Омбы гимназиясын, 1902 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген.Ақмола облыстық қазақ съездін ұйымдастырушы. Ә. Бөкейханов, Б. Құлмановтармен бірге Алашорда төрағалығына сайлауға түсті. І Алаш полкін ұйымдастыруда еңбек етті.1937 жылы атылған.

  1. Тынышбаев Мұхаметжан

1879 жылы бұрынғы Жетісу облысы Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысында дүниеге келген. 1889-1900 жылдары Верный ерлер гимназиясын алтын медалмен бітірген. 1900-1906 жылдары Санкт-Петербург І Александр атындағы жол қатынас институтында оқыған. Түркістан автономиясын құрушылардың бірі. Жетісудағы қазақ-қырғыздарды ашаршылықтан қорғау жұмысына айтарлықтай еңбек сіңірді. Қазақтан шыққан тұңғыш теміржол саласының инженері, тарихшы ғалым. 1938 жылы атылды.

  1.  Шоқаев Мұстафа

1889 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. 1902-1910 жылдары Ташкенттегі гимназияны, 1910-1917 жылдары Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген. Мемлекеттік Дума мұсылман фракциясының мүшесі. Түркістан автономиясы үкімет басшысы. Алаш қозғалысының шырқау шыңы – Тұтас Түркістан идеясын эмиграциялық жағдайда жалғастырушы күрескер. 1941 жылы қайтқан.

«АЖАЛДАН» АМАН ҚАЛҒАН АЛАШТЫҚТАР

Әрине, ажалдан ешкімнің де аман қалмасы анық. Қобызын алып күңіреніп, ажалға берілмей қарсы шыққан Қорқыттың да, аңыздарға сенсек, қайда барса алдынан қазулы көрі шыққан екен. Десе де біздің бұл арадағы «ажал» деп айшықтап отырғанымыз алдындағысын жалмап, қашса құтылмастай халге түсірген сталиндік репрессия еді.

Деректерге сүйенсек, тек «жапон шпионы» дейтін жаламен Совет Одағы тұсында 60 мыңнан астам адам атылған екен. Ал ол тұста «тап жауы», «буржуазияшыл-ұлтшыл», «контрреволиюционер», «фашист», «халық жауы», «ұлтшыл-фашист», «зиянкес элемент» сияқты санынан жаңылысатын алуан түрлі айыптаулар қолданылғанын ескерсек, репрессияның ауқымын елестетудің өзі қиын емес.

Зиновьев, Каменев, Рыков, Серебряков сияқты одақтық дәрежедегі партия басшылары мен кеңестік Қазақстанды құрушы әсіре қызыл, тапшыл қайраткерлер Исаев, Құрамысов, Ерназаровтардың өзін аямаған «ажал» машинасынан большевизмге қарсы шыққан алаштықтардың құтылып кетуі тым сенгісіз-ақ.  Алайда тәңірі берген несібесі таусылмай аман қалғандары жоқ емес екен...

Төменде біз салыстырмалы түрде жазалаудың ең ушыққан, кәріне мінген кезеңі 1937-1938 жылдан аман қалған алаш қайраткерлері жайлы дерек  ұсынып отырмыз. Бұл тұлғалар арасында алаш қозғалысының көрнекті өкілдері, Алашорда үкіметінің мүшелері де бар.

  1. Әлімхан Ермеков

Әлімхан Ермеков алаш қайраткерлерінің арасында білімділігімен, парасаттылығымен айрықша құрметке ие болған тұлғалардың бірі. 1891 жылы Семей облысы Қарқаралы уезі Темірші болысында дүниеге келген ол Томскі технология институтын бітірген. Университет қабырғасында жүріп, қазақ жерінің тұтастығын дәлелдеп, ҚазаАКСР-дің құрамына жинақтауға большевик үкіметі басшыларымен келіссөздер жүргізген. 1926 жылға шейінәртүрлі саяси қызметтерде болған.

Саясаттан аластатылғаннан кейін Әлімхан Әбуұлы Ташкент, Алматы қалаларында оқытушылық қызметпен айналысты. «Ұлы математика курсы» атты математика ғылымындағы тұңғыш қазақша ғылыми еңбек жазып, «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздік жасады. Сондай-ақ ол қазақ оқығандары арасынан осы саладағы алғашқы профессор атағын алды. 1930-1955 жылдар аралығында үш мәрте сотталып, 20 жылға таяу ғұмырын ауыр азапта, тас түрмелерде өткізсе де ерік-жігері мен өмірге құлшынысын жоғалтпай, 1970 жылы 80 жасқа таяған шағында көз жұмды.

  1. Базарбай Мәметов

Алашорда үкіметінің мүшесі. Жетісудағы алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің бірі. 1888 жылы бұрынғы Жетісу облысы, Лепсі уезінде дүниеге келген. 1900-1911 жылы Верный ерлер гимназиясында оқиды. 1911-1917 жылы Қазан университетінің заң факультетінде тәлім алады. Осы университет қабырғасында оқып жүргенде 1916 жылы «июнь» жарлығымен тылға алынған қазақ жігіттерінің мәселесін көтеріп, оларға жөн-жоба көрсетуге «Қазақ» газетінде үндеу жолдайды.

1917 жылғы І Жалпықазақ съездінде Жетісу облысы атынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа әрі Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне өкіл ретінде сайланады.ІІ Жалпықазақ съездінде Алашорда үкіметінің құрамына енеді.

Ол Садық Аманжолв екеуі алаш бағдарламасында мақұлданғандай қазақ елін азамат соғысы жылдарындағы бүліншіліктен аман сақтау үшін І Алаш полкін жасақтауға, Жетісу жерінде қазақ әскерін жасақтауды ұйымдастырды. Сонымен бірге аштарға көмек беру жұмыстарына мұрындық болды. 1928 жылы тұтқындалып, Саратовқа жер аударылады. Одан кейін Қарақалпақстан,Жамбыл, Талдықорған қатарлы өңірлерді әртүрлі қызметтерді болып, 1946 жылы өмірден қайтты.

  1. Садық Аманжолов

Алашорда үкіметінің мүшесі. Жетісудағы алаш қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі. 1885 жылы Жетісу облысы, Верный уезі, Бақай болысында (қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы) дүниеге келген. 1902 жылы Верный ерлер гимназиясын, 1907 жылы Қазан императорлық университетін заң факультетін бітірген. Оқуын бітіргеннен кейін 1918 жылға дейінгі аралықта Верный, Сарқанд, Лепсі, Аягөздіңсот орындарына түрлі қызметтер істеді. 1917 жылы шелдедегі І Жалпықазақ съездінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына, ал желтоқсандағы ІІ Жалпықазақ съездінде Алашордаға мүшеліке өтеді.

Жетісуде алаш әскерін ұйымдастыру, аштарға көмек беру ісінің басында болды. 1918 жыл қызылдармен болған шайқаста жараланады. 1922 жылдарға дейін Қытайдың Шәуешек жағында болып, 1923 жылы елге оралып, Жетісу облыстықатқару комитетінде қызмет атқарады.

1930 жылдардан кейін қуғындауға байланысты Қазақстаннан кетіп, Мәскеу, Бішкек, Ташкент қатарлы елден тыс аймақтарда өмір сүреді.1941 жылы Ташкентте қайтыс болады.

  1. Уәлитхан Танашев

Алаш қозғалысының белсенді өкілдерінің бірі.  Ұлт кеңесі – Алашорданың мүшесі.

1887 жылы бұрынғы Бөкей ордасы, 2-Теңіз жағалауы округі, 3-болысында дүниеге келген. 1908 жылы Астрахан гимназиясын, 1912 жылы Қазан университетінің заң факультетін бітірген. Оқу орынын тамамдағаннан кейін Қазан қаласында адвокат болған. Азамат соғысы жылдары елге оралып, 1917 жылдың 2-8 сәуірінде Орынбордағы Торғай облысы қазақтарының съездінде қатысады. Сол жылдың 21 сәуірінде Бөкей Орда қазақтарының съездін ұйымдастып, басшылық жасайды. Мәскеудегі Бүкілресейлік мұсылмандар съездіне қатысып, Атқару комитетіне мүшелікке енеді.

1921-1924 жылдары Мәскеуде әртүрлі қызметтерде болады. 1924-1937 жылдары Татар АКСР-нің Жоғары сотында адвокаттықпен айналысады.  1937, 1949 жылдары бірнеше мәрте қуғын көріп, 1955 жылы айдаудан аман қалып, 1968 жылы Алматыда көз жұмады. 

  1. Смахан Бөкейханов

Алаш қозғалысының бас көсемі – Әлихан Бөкейхановтың туған інісі. 1880 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Семейдегі жетіжылдық орыс-қазақ мектебінде оқыған. Қарқаралыдағы алаш комитетінің мүшесі ретінде белсене жұмыс жасаған. Осы үшін Сібірге жер аударылып, мерзімі аяқтағаннан кейін Алматы облысы Шелек ауданында өмір сүрген. Мұнда 1953 жылға дейін тұрып, одан кейін Балқашқа қоныс тепкен. Кеңестік жазалау аппаратының «халық жауын» туған-туыстарымен қоса түгелге жуық көзін құртатыны ескерсек, Смахан Нұрмұхамедұлының тірі қалуы ғажап құбылыс. Осы тірі қалуының арқасында ол Әлихан Бөкейхан және алаш қозғалысы туралы артына жазба деректер қалдырып кетті. 1966 жылы өмірден озды.

  1. Мұхтар Әуезов

Мұхтар Әуезов – қазақ халқының көрнекті жазушысы, ғалым. Алаш арыстары Ә. Бөкейхан бастаған Абайтану ісінің ізін жалғаушы, Абай тұлғасын әлемге танытушы.

1897 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған. Әуелі Камалиддин медресесінде, онан кейін Семейдегі бес каластық училищеде, мұғалімдер семинариясында оқыған. Жүсіпбек Аймауытұлымен бірге Алаш қозғалысының үні болған «Абай» журналын шығарған. 1918 жылы Омбыдағы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, «Жас азамат» ұйымының атқару комитетінің мүшесі болады. Кейіннен Алаш зиялыларымен бірге Ташкентте қоныс аударады. Онда Халел Досмұхамедұлының «Талап» ұйымына мүше болып, «Шолпан», «Сана» журналдарында белсене қалам тербейді. Саяси өмірінің бастапқы бөлігін алаш арыстарымен бірге өткерген, сол мұратта күрескен Мұхтар Омарханұлы дақудалау мен қуғынды аз көрген жоқ. Алайда соның бәрінен аман қалып, қаламгерлік ғұмырында айтулы нәтижеге қол жеткізіп, 1961 жылы Мәскеуде Кремль ауруханасында көз жұмды.

  1. Абдолла Байтасов

1901 жылы Ақмола губерниясы Петропавл уезді Ортақшылдар болысында дүниеге келген.1917 жылы Омбыдағы мұғалімдер семинариясын бітірген. Алаш қозғалысын қуаттап, Қазақ комитеттерін құруға атсалысқан. 1923 жылы Ташкенттегі жұмысшы факультеті мен Қазақ халық ағарту институтында еңбек етті. 1924-1927 жылдары Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінде оқыды. Мағжан Жұмабайұлының «Алқа» әдеби ұйымын құруға атсалысты. 1929 жылы Ташкент қаласында тұтқындалып, Бутырка түрмесіне қамалады. Одан А. Байтұрсынұылымен бірге Архангелскіге 10 жылға жер аударылып, 1939 жылы босап шығады. Босағаннан кейін Бішкек қаласында оқытушылықпен айналысты. 1941 жылы Бішкекте қайтыс болған.

  1. Иса Тоқтыбаев

Алаш қозғалысыынң өкілі. 1894 жылы қазіргі Қызылорда облысы Тереңөзек ауданында туған. Перовскідегі орыс-қазақ мектебінде, Ташкенттегі мұғалімдер семинариясында және Орта Азия мемлекеттік университетінде оқыған. «Шолпан», «Сана», «Сәуле», «Коммунист», «Ақ жол», «Шаншар», «Қазақ тілі» қатарлы бірқатар басылымдардың редакторы болған. Журналистік қызметтерінен тыс, түрлі деңгейдегі мекемелерде басқарушылық қызметтерде болған.

1933-1936жж., 1938-1947 жж., 1949-1957 жж. үш дүркін қамауға алынып, жер аударылған. 1958-1964 жылдары Қызылорда қаласындағы облыстық өлкетану мұражайын ұйымдастырды.

  1. Мұстафа Бұралқиев

Алаш қозғалысының өкілі. Қазақша-орысша тұңғыш сөздік авторларының бірі. 1902 жылы Әулиеата уезі Мойынқұм жерінде туған. Ташкенттегі «Казинпрос» аталатын «Қазақ халыққа білім беру институтында» оқытушы, оқу бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.1930 жылы Ташкентте ұсталып, Воронежге жер аударылған. Гүлнәр Міржақыпқызының дерегіне сүйенсек, 1974 жылы Мұстафа Бұралқиев тірі болған.

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: