Алаш: Идеялар

27 Қараша 2017, 09:00 2373

Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай

ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ УСТАВЫ

І. Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында

1. Қазақ елі халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел.

2. Қазақ елінің жеке туы бар. Туы жасыл, қызыл һәм сары көлденең жолақтардан жасалады. Басындағы бұрышта ай һәм жұлдыздың суреті бар. Жасыл түс – елдің исламға берілгендігінің белгісі, қызыл – ел қорғауда төгілген қан, сары қазақтың кең даласы, еркіндіктің белгісі.

3. Бұдан былай Қазақ елі Россиямен достастық, яғни доминион дәрежесіндегі қарым-қатынаста болып тұрады.

4. Қазақ елінде ең басшы орыны – Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды.

5. Бір Президент екі реттен асып ел билеуге хұқы жоқ.

6. Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді.

7. Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады.

8. Қазақ елі Президентінің орынбасары – Вице-президент. Ол Президент жоқ болғанда орнын басады, бар кезде оның айтқанымен жұмыс істейді.

9. Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын (парламент), орындайтын (үкімет) һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады.

ІІ. Адам баласының хұқы турасында

10. Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді.

11. Қазақ елінде адам балалары бостандықта, теңдікте һәм бақытты өмір сүруге хұқы бар.

12. Қазақ елінде ер адам мен әйел теңді. Қазақи ерекшеліктер әйелдерді қорламайды, әйел келісімімен іске асады.

13. Қазақ елінде адам баласының еркін сөйлеуге, ұйым құруына һәм партияларға кіруіне тыйым жоқ.

14. Нәсілдерді бір-біріне итеретін ұйымның, партияның, адам баласының істеріне тыйым салынады. Кінәлілер законға жауапты.

15. Қазақ елінде соттың рұқсатынсыз адам баласы ұсталмайды, абақтыға қамалмайды. Ұсталғандарға сот 24 сағатта хүкім беруі шарт, болмаса қамаудан босатылады. Законды бұзумен қамаған сот алдында сазайын тартады.

16. Қазақ елінде адам баласының хат-хабарын ашуға рұқсат жоқ. Рұқсат беру – соттың мойнында.

17. Адам баласының мүліктің барлық түріне ие болуға хұқы бар. Мүлікке ие болу, пайдалану һәм билеуден адам баласына зиян болмауы шарт. Мүлік хұқынан айыру законмен, құнын төлеу арқылы болады.

ІІІ. Қазақ жері турасында

18. Қазақ жері оның меншігінде болады.

19. Қазақ елінің жері саудаға түспейді, құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты.

20. Жердің кені, орман, су, көлі һәм таулары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкмет рұқсатымен болады.

IV. Сот турасында

21. Сот билігі өз еркімен іске асады.

22. Соттың хүкімі законға һәм сот ережелеріне сүйенеді.

23. Суьялар дау шешкенде хүкметке яки адам баласына бағынбай, закон һәм сот ережелері негізімен хүкім шығарулары шарт. Судьяларға әсер жасағандарға соттың үкімі кесіледі.

24. Қазақ елінде бар судьялар Ұлт мәжілісіне өмір бойы сайланады. Законды бұзған һәм орындамаған судьялар орындарынан алынады.

25. Орнынан алуды адам баласының арызының негізінде һәм Қазақ елі сотының Председателінің хүкімімен Ұлт мәжілісінде көп дауыспен растайды. Олай болмаса, судья өз атына қайтарылады.

26. Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге хұқы бар.

27. Присяжный соты ауыр қылмысты істерді шешуге хұқылы. Присяжный саны 7 адам.

28. Сот орнында партиялар болмауы шарт. Судьялар партияға кіру хұқынан айырылады. Жасырын мүше болса, орнынан алынады.

13 июнь, 1911 жыл, С.Петербург, С.Б.Алашинский

Халел Досмұхамедұлы (Атау-терминді қалай қабылдау жайында)

Біздің қазақ-қырғыздардың ішінде Ауропа тілдерін жақсы білетініміз аз, көбіміз білмейміз. Ауропа тілдері бізге орыс арқылы жалғасады.

Сондықтан Ауропа сөздерін орыстың айтуынша қолданып жүрміз. Бұл дұрыс емес. Ауропа сөзін асыл нұсқасынан алып, өзгертіп қолдану керек.

Орыстың айтуы Ауропаның айтуынан қандай айырылатынын төменгі үлгілерден байқауға болады. Латын сөздерін қазақша жазып, орыстың айтуын орысша жазып көрсетеміз.

Аудиториұм (аудитория), аутор (автор), аурора (аврора), аутономиа (автономия), аутомобилиұс (автомобиль), Данаус (Данай), Һиспание (Испания), һистория (история), Һелена (Елена), кууадратус (квадрат), һипнозис (гипноз), һуанитұус (гуманный), һоризонт (горизонт), һигиена (гигиена), һиимн (гимн), Һолланд (Голландия), Уилһелм (Вилъгельм), Гермен (Герман), Уиена (Вена), тағы талайлар. Ауропа сөздерін ала қалсақ, біздің білуімізше, мынадай жолмен алу керек:

1)  Ауропа  сөздерін  алғанда,  сөзді  қазақ-қырғыз  тілінің  заңымен өзгертіп, сіңуге қолайлап алу керек. Ауропа тілінен бізге әсері көп тиетін тіл – орыс   тілі,   орыс   сөздері   ықтиярсыз   қолдануға   керек   болатын дәуірде тұрмыз. Сондықтан орыс сөздерін қолданғанда өте сақтық керек.

2)  Күнбатыс Ауропа сөздерін алғанда түбін тексеріп, шамадан келгенше сөзді түпкі иесінің сөйлеуіне жақындатып алу керек. Сөз француздікі болса,    француздың    айтуына,    немістікі    болса,    немістің    айтуына жақындатып алу керек. Көпке дейін Ауропамен біздің арамызға орыс тілі дәнекер болады. Орыстар Ауропа сөздерін өзінше өзгертіп алады. Мұны үнемі ұмытпасқа керек.  Ауропа  сөздерін  орыс  арқылы  алғанда  өте сақтық керек. Ауропа сөзін орыс өзгертіп, орыстың өзгерткенін біз тағы өзгертсек, ақырында Ауропа сөзі орынсыз танымастай болып кетіп, Ауропаша да болмай, орысша да болмай шатақ болуы мүмкін. Копенгаген дұрыс емес, Көпен-һаген я Көпенһаген болуы керек. Гелсингфорс дұрыс емес, һелсинк-Форс болуы керек. Мұндай үлгілер көп.

3)  Роман, гермен сөздері жалпы айтқанда жуан айтудан гөрі жіңішке айтуды сүйеді. «Л» деген дыбыс бұ тілдерде үнемдейін жіңішке айтылады. Сондықтан ішінде «л» дыбысы бар Ауропа сөздерін жіңішкертіп айтқан сөздің түбіне жақын, қолайлырақ болады. Немістің «Ләнд» деген сөзі кірген сөздерді жіңішкертіп айтқан тіпті артық. Мәселен, һолландия дегеннен һәлләндие деген сөздің асыл нұсқасына жақынырақ болады.

4)  Француз тілінде сөздің басуы (ударение) соңғы буынының ішіндегі дауысты дыбыстарда болады. Қазақ-қырғыз тілінде де осындай қасиет бар.

Сондықтан Ауропа сөздерін өзгерткенде француз тілін үлгіге алсақ, көп жеңілдік көреміз. Мәселен, латынша механикус деген сөз орысша механический, французша механик (механик) болады. Бұл сөзді қазақша мехенік деп алуға болады.

Қошке Кемеңгеров (Мектеп қай тілде болу керек?)

Кейбір жолдастар орта мектеп орыс тілінде болсын дейді. Ондағы дәлелдері:

1) Қазақ тіліндегі орта мектепті бітіргендер орыс тіліндегі жоғары мектептерге түсе алмайды.

2) Жеткілікті қазақша оқытушы жоқ.

3) Орта мектепке жеткілікті қазақша кітап жоқ дейді.

Әр дәлелдің салмағын өлшеп көрейік. Бірінші дәлелді бетке ұстайтындар: Осы уақытқа шейін жарым-жарты қазақ тілінде болып келген педтехникумдерді, институттерді мысалға алады. Бұларды бітіргендердің орыс тіліндегі жоғары мектептерге түсе алмайтындықтарын көрсетеді. Бұл уақытқа шейін орта мектептегі қазақ оқытушыларының кемшіліктері: 1) Әуелде жеткіліксіз біліммен секірулері. 2) Орыс тіліне шалағайлықтары. Бұған себеп - орыс тілінің қазақ балаларына орыстарға арналған әдіспен оқытылуы. Сондықтан орыс тілінде оқытылатын басқа пәндерге де қазақ балалары түсінбейтін. Бұл кемшіліктерді жоюға болады. Ең мықты дәлел: жеткілікті оқушы жоқ деген. Егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса бізден еш уақытта жеткілікті  оқытушы шықпайды. Ұлт мектептері, ұлт мәдениеті болмайды. Және басқа түрік ұлттары орта мектебін  өз тілінде жүргізіп жатқанда қазақтың өз алдына ауа жайылуы қисынсыз. Орта мектеп орыс тілінде жүрсе қазақ тілінде кітап басылудың қажеті болмай қалады. Пән кітаптары қазақ тіліне аударылмайды. Жеткілікті кітап жоқ деген күшті дәлел емес. Бірсыпыра кітап шығып қалды. Орта мектепте қолданылатын лабороторный әдіске қолайлы кітаптарды шығару бір-ақ жылдық жұмыс.

Жер нормасына меншік: отырықшы әлде көшпенді?

Түсінік ретінде: ХХ ғасырдың басы қазақ елі үшін сан түрлі сұрақтармен бетпе-бет келген, сапалық дамуға ұйысқан кезең болды. Оның бір көрінісі – «Айқап», «Қазақ» сияқты ұлттық басылымдар өмірге келіп, көкейкесті мәселелерге жауап іздей бастады. Ұлт зиялыларының саны өсіп, сапасы артты. Петербург, Мәскеу қатарлы ел орталықтарында түрлі идея-пікірлермен танысқан, қазақтың беталысын әртүрлі бағамдаған олардың арасында пікір қайшылығы да болмай қалған жоқ-ты. Сондай соқталы мәселенің бір ұшығы екі басылым маңайына топтасқан зиялылардың «қазақ жұрты жерге меншіктің қандай түрін таңдау керек?» деген сұрақ аясында өрбіді... Біз «Айқап» пен «Қазақ» басылымдарынан ықшамдап алып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.           

****

Дума депутаты Жағыпаров (Бакуден сайанған):

«Бізге қазақтар әр жерден көрген кемшілігін айтып, хат жазды. Мұжыққа жер алғанда қазақтың бар жақсы жерін алып, қазаққа үлкен зорлық қылып отыр. Осы зорлықты законда әділдік жолында деуге болмайды».

Граф Пален:

«Қазаққа артық жер деп қалдырғаны тастақ, татыр, ащы, сортаң жер. Осы зорлыққа көніп, мінез шығармай тыныш отырғаны қазақтың дүниеде жоқ момындығы».

 Глинка (Переселен управлениесінің бастығы):

«Біздің қазақ турасында істеп отырған ісіміз жолды. Біздің жолымыз екеу-ақ. Бірі қазақтан артық жерді алу, екіншісі қазаққа тиісті жер беріп орналастыру. Қазақтың артық жерін алып жатырмыз, артық жерді алсын деген закон бойынша. Қазаққа жер беріп, орналастырып жатырмыз өздерінің тілегі бойынша. Қазаққа істеп отырған жолсыздық емес, ебіміз, әдісіміз бар: қазаққа тиісті жер беріп орналастыру турасында Думаға закон жобасын кіргізбей  отырмыз. Кіргізбей тұрғанымыздың мәнісі мынау: көшпелі қалпында жер беріп орналастырсақ, қазаққа көп жер тиеді. Артыларлық жер аз болмақшы. Оны Дума арқылы законмен бекітіп, қазаққа берген соң ала алмаймыз. Қазақ жері қазақтан көп артылып қалу үшін, яғни переселендерге қазақтан жерді көбірек алу үшін біз әдіс істеп отырмыз. Әдіс қылу жолсыздық емес, ептілік. Біз министр советінен ептілік етуге рұқсат алып, қазақты ебімізге түсіруге қайырмалап едік, топ-тобымен топырлап түсіп жатыр. Ол істеген ебіміз мынау еді: қазаққа отырықшы болып жер алуға риза болсаңдар, сендерге де мұжықпен қатар 15 десятинадан еркек басына жер береміз дедік. Айтуымыз мұң екен, қазақтар отырықшы нормамен жер бер деп жабыла сұрап жатыр. Өткен жылда отырықшы нормамен қазақтарға 700 мың десятина жер бердік».

***

Мұхаметжан Сералин:

«... «Айқап» журналының алдымен қолға алатұғын мәселесі – былтырғыдай жер мәселесі болар, яғни алты алаштың баласына егін шаруасына қолайлы жерлерге қала салуды қуаттап, халыққа шамасы келгенше түсіндіру».

Ахмет Байтұрсынұлы:

«Қазіргі қазақ мәселесінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі иә өлі болу мәселесі. Бұл турасында түсініп жетпей қателесіп, қазақты теріс жолға салғанымыз – 5 миллион адамның обалын мойнымызға жүктегеніміз. Сондықтан бұл турада қазаққа ақыл айтқанымыз: қазақ та және басқалар да қате ұқпастай етіп, анықтап ашып сөйлегеніміз абзал».

Сұлтан Бақытжан Қаратаев, Ж.Ш. Сейдалин, С. Лапин, Досан Аманшин, А. Нарынбаев:

«Қазіргі күнде переселендер үшін учаскеге алынайын деп жатқан жерлердегі қазақтардың ешбір тоқтаусыз переселен нормасы бойынша жер алулары керек-ті. Неге десеңіз, үкімет переселениені ешбір тоқтататын емес һәм қазақ пайдасындағы ыңғайлы жерді алудың шет-шегі көрінбейді. Солсебепті қазақ халқының егінге қолайлы барлық жерінен айырылып қалу қаупі бар».

Қыр баласы:

«Переселен управлениесі қазақ жерін жолмен алып жатқан болады. Артық жерді алсын деген закон бар. Қазақтан жер көп алынып жатқаны – ол қазақтың өзінің тілегі бойынша болып жатыр. Қазақтан отырықшы нормамен жер алушы неғұрлым көбірек болса, солғұрлым жер көбірек артылмақшы һәм переселендерге көбірек алынбақшы.

Отырықшы норманы қазаққа не үшін шығарғандығын, отырықшы нормамен қазақтар жер алғанын переселен шенеуніктері не үшін қуаттайтындығын қазақтарға түсіну енді қиын болмас шығар».

Ахмет Байтұрсынұлы:

«Салмақты мәселеге салмақпен қарау тиіс шығар дейміз. Қазақ жері туралы «Уақыт», «Тәржіман» газетасы пәлен депті дегенді бізге көрсетеді. Бұл екеуі де мұсылман мәтбуғаты ғаламында белгілі газеталар. Бұлардың басқа біліміне біздер таласпаймыз, бірақ қазақ жері турасындағы біліміне таласамыз...

«Уақыт» қала бол дегенде қай түрлі қала болу жайын ашып айтпайды. Ол ашылмаған соң қазақтар қала болуды 15 десятинадан жер алып, егін нормасымен қала болу деп ұғады. Егерде «Уақыт» 15 десятинадан жер сұрап алып, егін нормасымен қала болуды айтса, онда азырақ сөйлесуге қажет болады. Олай  болмай жердің түріне қарай мал бағарлық жерде мал бағатын, егінге жақсы жерде егін егетін қала болдуы айтса, онда олай қала болуды біз де ұнатамыз».

Мейрам Ысқақов:

«Бұрын қырық-отыз жылдан бері Мұздыкөл, Тереңкөл һәм Омбыға қараған әр болыстан жиналып күн көру үшін аренда алып, кәсіп қылып отырған қазақтар бар еді. Бұлар жердің қадірін біліп һәм бұл күнгі білімділеріміздің сөздеріне түсініп, бұл жер қолымызда тұрмас, біреу келіп алып кетер деп Мачалинск деген жерге қала болып отырамыз деп ақсақалы Мұстафаұлы Мәмбет Қаратайұлы, Асан Меңдібайұлы һәм басқалары кеңесіп, Құдабай Меңдібай баласын давернай сайлап, 1912 жылы ТОмскіге барып инородец правосымен жер сұрап еді. 1913 жылы қала болып отырсаңдар да, яки қазақша отырсаңдар да ықтияр өздеріңде деп жеті мың десятиналық, Мачалинск деген участікті сендердікі деп кесіп берді. Бұл жер бірсыпыра жерден тәуір. Егінге де, шабындыққа да нағыз тәуір жер. Балықты көлдерібар, жаңбыр болмай құрғақ болған жылдары да бұл жерлерге шөп шығады. Өткен доңыз жылдарында бұлар шөпті көп сатты. Станция жақын, саудаға да қолайлы... Осы жерге түсеміз дегенде ол уақытта қырдағы әйелдер бұл Мачалинскінің қазағымен қайдағы сұмдықты бастайсыңдар деп араз болып еді. Енді осы 1914 жыл 28 майда землямер шығып, бұлардың жерлеріне діңгек қағып, бекітіп берді. Сонан соң бұлар көлдің балығын аулап, шөбін шауып, пайдаланып жатқанын көрген соң, бұрын бұларды жек көріп, араз болып жүретіндер «енді бізді де қос, бізді де қос» деп өздері келіп тығылып жатыр.

Бұл жақта бұларды көріп, 4-5 жерде қазыналық жерден сұранып, жер алып, қала болып жатыр».

Ахмет Байтұрсынұлы:

«Жер мәселесі туралы «Қазақ» газетасының пікірі қазақ жерін жөнімен, жолымен алу жағында. Жөнімен алу дегеніміз: қазақтың осы күнгі істеп отырған шаруасын тас-талқан қылып қиратпай алу. Яғни қазақ егінмен күн көріп отырса, егін нормасымен, малмен күн көріп отырса, мал нормасымен қазаққа жер қалдырып, содан артылғанын алу.

Қазақ жерін жөнімен аламыз деп, қазақтың жанын, малын есептеп, норма шығарып отыр. Жолмен аламыз деп 9 июннің ниструкциясын шығарып отыр. Норма екі түрлі: бірі мал нормасы, екіншісі егін нормасы. Мал нормасы деген: орта ауқатты шаруасы бар қазаққа пәлен десятина жер керек деп пішкен мөлшер. Орта ауқатты шаруа деген қандай шаруа? Щербина есебінше ондай шаруаның малдан басқа кәсібі жоқ болсағ 24 аттық малы боларға керек... Ол есеппен қазаққа жер көп қалатын болған соң, қайта есеп еткізіп, Щербина нормасын кішірейтіп отыр... Осы кеміген аз нормамен егін нормасын, яғни мұжық нормасын салыстырып қарайық: қазаққа қайсысы қолайлырақ екен. Қазақтың адамдарының санын қосып санап, үйіндегілерінің санына бөлгенде, яғни орта санын алғанда үй басына 6 жаннан келеді. Оның үшеуі еркек, үшеуі әйел болады. Мал нормасымен жан басына 15 десятинадан беретін жерден, егін нормасымен ер басына ғана 15 десятина жер береді. Қысқасынан айтқанда, мал нормасының жері егін нормасының жерінен екі есе көп болмақшы. Мысалы, егін нормасымен 3 еркекке 15 десятинадан санағанда үй басына 45 десятинадан келсе, мал нормасымен еркек-әйел жан басына 15 десятинадан санағанда үй басына 90 десятина келмекші. 45 көп пе, 90 көп пе?»

Сұлтан Бақытжан Қаратаев, Ж.Ш. Сейдалин, С. Лапин, Досан Аманшин, А. Нарынбаев:

«Әлихан Бөкейханов пен «Қазақ» газетінің отырықшы нормадан көшпенді норманың артықтығы турасындағы пікірлері қазаққа біле-көре болса да залал келтіріп тұр. Неге десеңіз, көшпелі норма болған уақыттақазақ жері патшалыққа керек болғандай болса алына береді. Көшпелі норма қазаққа жерді уақытша пайдалануға ғана береді. Талассыз тыныш иеленуге жол бермейді.

Қазақ халқы тап осы күнде жерге орналасу туралы болсын, дініне қауіп туралы болсын екіталай жерде тұр. Осының барлығы – қазақ халқының отырықшы тұрмысқа үйір болып жетпегендігі».

Сұлтан Бақытжан Қаратаев, Ж.Ш. Сейдалин, С. Лапин, Досан Аманшин, А. Нарынбаев:

«Отырықшылыққа айналғанда көп болып айналу керек. Бір болыс елден кем болмасқа керек. Азғантай үйлерге һәм егін, һәм шаруашылығын істеуге жеткілікті жер тие қоймайды. Көп болып отырықшылыққаайналғанда қала-қалаларға жан басына берілетұғын 15 десятина қолайлы жерлердің арасында егінге қолайсыз, малшаруашылығына қолайлы жерлер көп тиеді. Соның үшін кеңес мәжілісі көшпелі қазақ болыстары уезден яки мүлдем отырықшылыққа шығамын деушілер болса, бір тоқтаусыз приговорменен шығарып жіберулері, жартылай отырықшылардың приемный приговор алулары тиіс. Сөйтіп өздерінен қай қалыппенен болса да артылып қалатұғын жерлерге оларды да ие қылу керек».

Ахмет Байтұрсынұлы:

«Бір болыс елде мың үй болса, үй басына алты адамнан алты мың адам болады. Алты мың адамға мал нормасымен 15 десятинадан 90 мың десятина жер тиеді. Олай болса, мал нормасымен жер алғанда қазақтан бір жүз үй орысқа жер артылса, егін нормасымен алғанда қазақтан екі жүз үй орысқа  жер атырлмақшы. Бұлай болса, егін нормасымен жер алса, қазақ арасына орыс екі есе көп кіріспекші».

Қыр баласы:

«Біздің мұнан соң айтпағымыз, қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар. Адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер.

Екінші, қазақтың байлары, күштілері! Жарлы-жақбай, нашарларыңыды жермен теңгеріңіздер. Бір асауға да болса құлдық дейтіндер көбінесе солардан болады.

Үшінші, алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңмен Алаш адасады. Артарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар».

Құлмат Бектұров:

«Біздің қазақ деген сахарада мал бағып, ақыл-ойымызды сол малға жұмсап, қайда соны жер, қанық су болса, сонда кіре қыстап, шыға жайлап жүрген бір ел едік, сол қалыппен өнер-білім судай атсыған жиырмасыншы буынға келіп, оқулы-білімді ел надан халықты басып-жаншып, жер-суын алып жатқан бір заманға кез болдық.

Білімді мырзалардың бірі:

«Қазақ» пен «Айқаптың» келген нөмірлері сайын екі түрлі сөз, екі түрлі кеңес келеді. Егерде бұл кеңес бітпесе, бұларды алатын оқушылар азая ма деп қорқамын... Енді білімі көп, ақылы толық, жазғыш-білгіш бауырларым, әрқайсыңыздан төменшілікпенен өтінемін, алауыздықты қоя тұрып, бізді бір жарыққа шығара көріңдер».

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: