Алаш

26 Тамыз 2014, 08:32

Алаш – ортағасырлық тарихи хроникалар – нарративтік жазбалар мен шежірелік аңыздардың басты кейіпкерлерінің бірі.

Алаш – ортағасырлық тарихи хроникалар – нарративтік жазбалар мен шежірелік аңыздардың басты кейіпкерлерінің бірі. Бірақ ең алдымен мифопоэтикалық образ болып қалыптасты. Себебі тарихи хроникалардың өзінде Алашқа байланысты мәліметтердің бәрі мифологиялық желіске құрылған. Алашқа байланысты шежірелік аңыздарды мотивтік және сюжеттік желіс бойынша үш топқа бөлуге болады. Біріншісінде А. жалпы қазақтың ортақ ата-тегі ретінде әспеттелінеді. Екінші топтағы сюжеттер бойынша А. «түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дейтін әйгілі Майқы биден тараған Үйсін, Болатқожа, Алшын бастаған үш жүздің (ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз) тұңғыш ханы болған. Үшіншісінде алты алаштың, яғни алты ірі тайпалық бірлестіктің атауы ретінде қарастырылады («алты Алаштың ағасымыз, Қазақбайдың баласымыз» деген фразеологизм осыған байланысты қалыптасқан болса керек). Қазақтың этногенетикалық және этносаяси тарихына байланысты үдерістердің себебі де салдары да мифопоэтикалық айтулы тұлғаның, бұл тұста А.-тың іс-әрекетімен және есімімен байланыстырылады. Яғни тарихи үдерістің заңдылықтары фольклорлық дәстүрдің ең ілкімді принципі болып табылатын персонификациялау тәсілімен түсіндіріледі. Кейін тілі, мәдениеті, шаруашылық типі ұқсас тайпалық бірлестіктердің бірыңғай этностену үрдісінің нәтижесінде (принцип этнизации) А. этнонимдік мәнге ие болды (толығырақ қ. Алаша хан). Сөйтіп, алты алашқа кірген тайпалық одақтардың ортақ атауына айналды. ХІІІ ғ.-дың басында моңғол империясы дәуірлеп тұрған кезде Алаш мыңы деген әскери одаққа қыпшақ, алшын, жалайыр, найман, қоңырат сияқты ірі тайпалар кірген.

Кеңесіме құлақ сал,

Ақылды туған Алашым

(Орақ-Мамай).

Қазіргі кезде бұл сөзді тек жырлардан кездестіруге болады. Ғалым Р.Сыздықова бұл сөздің бірнеше мағынасын көрсетеді. Бірі «ел, жұрт, халық» мағынасында қолданылады. Сонымен бірге, бұл сөз «белгілі бір этникалық құрам (хандық, тайпалық одағы), қауым» мағынасын  да  білдіреді.  Бұл  мағына  «он  сан  алаш», «алты алаш» тіркестерінде анық байқалады. Ғалым алаш сөзінің «қазақ» деген сөздің синонимі ретінде қолданылатындығын С.Сейфуллин еңбектерінен және Абайдың қара сөздерінен деректер келтіре отырып дәйектейді. Кейбір зерттеушілер А.-ты ортағасырлық Алача ханға теліп жүр. Бұл еш қисынсыз ойдан шығарылған дәйек. Шынтуайтында Алача хан – ХV ғ.- дың екінші жартысы – ХVІ ғ.-дың басында алдымен Самарқандты кейін Моғолстанды билеген Сұлтан Ахмет Мирза ханның екінші есімі. Ал Сұлтан Ахмет Мирза хан қазақтарға үлкен ойран әкелген әмірші болғандығы тарихтан белгілі. Оның есімі ел аузында озбырлықтың символы болып қалды. Қазақ фольклорында Алаш сөзінің «жат, жау» мағынасында да қолданылатындығы сондықтан. Әйгілі Бұқар жыраудың:

Өзіңмен бірге туысқан,

Алаштан бетер жат болар, – деген жыр жолдары осы жайтқа байланысты айтылған.

Ш.Уәлиханов бұл атаудың пайда болуын Алаша ханның есімімен байланыстырады: «Алаша хан мен Алаш бидің басшылығымен тәуелсіз жеке ел болу құрметіне жәнем үш жүз батырдың ерен ерлігін есте сақтау мақсатында халқының атын Үш Алаш деп атайды». Кейбір деректе үш жүз тіркесінің үғымынан гөрі, Алаш лексемасының кеңірек мағына білдіретіні байқалады. Мысал ретінде «Алты Алаштың ағасымыз, Қазақбайдың баласымыз» деген нақыл сөзді келтіруге болады.

Әдеб.: Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. Ч.1-2. СПб., 1864; Абуль-Гази. Родословное древо тюрков. Сочинение Абуль-Гази хивинского хана. Перевод и предисловие С.Г.Саблукова с послесловием и примечаниями Н.Ф.Катанова. Казань, 1906; Потанин Г.Н. Казак-киргизские и алтайские предания // ЖС., 1916; Чулошников А.Н. Очерки по истории казак-киргизского народа. Ч.1. Оренбург, 1924; Зуев Ю.А. Историческая проекция казахских генеалогических преданий (к вопросу о пережитках триальной организаций у кочевых народов Центральной Азии) // Казахстан в эпоху феодализма (проблемы этнополитической истории). Алматы: Наука, 1981; Сыздықова Р. Сөздер сөйлейдi. Алматы: Мектеп, 1980.

 

 «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: