17 Наурыз 2015, 09:30
Алаш тарихын зерттеушілер алғашқы Ата заң туралы әңгіме болғанда екі мәселені алға тартады. Оның бірі Әлихан Бөкейханның тапсыруымен заңгер Барлыбек Сырттановтың жазып шыққан «Қазақ елінің уставы» деген құжат. Екіншісі – партияның бағдарламалық құжаты. Барлыбек Сырттановтың «Қазақ елінің уставы» жаңа заманға лайықтандырылып жазылған, кіріспе мен төрт бөлімнен тұрады. Оның кіріспесінде қазақ елін көне ұлттардың бірі ретінде атай келе, оның тарихына көз жүгіртеді. Сосын: «Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей бейбіт жолмен жерімізде хүкіметі өз қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшін жеке Қазақ елі республикасын құрамыз. Қазақ елі республикасында жоғарғы билік жүргізуді бүкіл қазақ және басқа нәсілдердің өкілдері дауыс беру арқылы іске асырады. Сайланатындар елдің ең сүйікті, білімді, ел үшін жан беретін адамдар. Өз алдына ел болуды көздеумен дүниеде өзін-өзі билеген нәсілдер сияқты жеке ел болу мақсатында һәм елді бақытты, теңдік, бостандық өміріне жеткізу үшін осы уставты кіргізеді», - делінген. «Қазақ елінің уставы» мемлекет құрылымын, адам құқығын, қазақ жерін, сот тәртібін қамтыған төрт бөлімнен құралған еңбектен тұрады.
Ал екінші «Алаш конституциясы» атанған құжатты қалың жұртшылық «Алаш» партиясының бағдарламасы ретінде таниды. Мұны кейбір сарапшылар «Конституция» дегеннен гөрі «конституциялық бағдарлама» дегенге келтіреді. Шындығында, алаш қайраткерлері тәуелсіздіктің мүмкіндігі ұшқындаған тұстан-ақ ұлттық-демократиялық сипаттағы мемлекет құруды мақсат еткен. Міне, осы мақсат жолында Алаш партиясы алғаш рет заманның даму үдесінен шығатын, мемлекеттілік талаптарына сай келетін конституциялық сипаттағы бағдарламасын жасағаны белгілі. Алаш партиясының саяси бағдарламасының жобасын жасауға ұлт қайраткерлері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Ғұмар, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Жүндібаев, Ғ.Бірімжановтар бастаған қазақтың сол кездегі алдыңғы қатарлы, озық ойлы азаматтары атсалысты. 10 бөлімнен тұратын бағдарламада мемлекеттің формасы, жергілікті билік пен оны басқару жүйесі жөнінде, құқық негіздері, дін бостандығы, сот билігі, елді қорғау, салық салу, еңбекшілердің құқығы және жер мәселелері тұтастай қамтылды. Басты ерекшелігі – бағдарлама Қазақ автономиясын өзге халықтармен бірге демократиялық сипаттағы Ресей федеративтік мемлекетінің құрамындағы ел ретінде тани келіп, жеке мемлекет болу мүмкіндігін де жоққа шығарған жоқ. Онда: «Русия демократиялық, федеративтік республика болу (демократия мағынасы – мемлекетті жұрт билеу. Федерация мағынасы – құрдас мемлекеттер бірлесуі. Федеративтік республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді)» деп жазылды. Сосын ұлттық дербестік – жергілікті бостандық мәселесі қамтылады. Алаш партиясы дініне, қанына (ұлтына), жынысына қарамай барлық адамдардың теңдігі қағидасын ұстанды. Сонымен қатар аталмыш бағдарламада соттар мен дін өкілдері – молдалардың отбасы, неке дауларын шешудегі өкілеттігін ажыратты және бір ерекшелік, бағдарламаға сәйкес, сөз, баспасөз бостандығы, тұрғын үйге, меншікке қол сұғылмау, тек сот арқылы тұтқынға алу, сот алдында әркімнің теңдігі, ауыр қылмыстарды алқабилер сотына беру, қазақтар көп тұратын жерде сот ісін қазақ тілінде жүргізу, жалпыға бірдей білім алу құқығы және басқа да көптеген құқықтық мемлекетке сай ережелер көрсетілген болатын. Мемлекеттік бағдарда зайырлылықтың белгісін де дөп белгілейді. Мәселен, онда: «Дін ісі мемлекет ісінен айырылулы болуы. Дін біткенге тең хұқық. Кіру-шығу жағына бостандық. Мүфтиліктің қазақтың өз алдына болуы, неке, талақ, жаназа, балаға ат қою секілді мәселелер молдада болады, жесір дауы сотта болады» деп жазылады.
Мінеки, алаш қайраткерлерінің сонау өткен ғасыр басындағы конституциялық бағдарламасының өзі бүгінгі тәуелсіз мемлекеттік нышанымызбен үндесетіні байқалады. Тіпті, мұндағы бірқатар мәселелер әлі де маңыздылығын жоймай келетінін айтсақ артық етпес.
Қасым ТОҚТАРОВ