16 Қазан 2014, 05:38
ІХ ғасырда. Түркия профессоры 3. У. Тоған «Жалпы түрiк тарихына кiрiспе» атты еңбегiнде, ІХ ғасырда араб Əдһам əл-Купидiң шығармасында “қазақ” деген сөз бар, бұл ХХ ғасырдағы араб қаламгері Мақсудидің еңбегінде де тұр дейді. 905-957 жылдары. Н. М. Карамзин мен А. Вамберидің ізімен зерттеушілердің кейі Византияның императоры Константин Порфиродни (905-957 жж. Кей əдебиеттерде Богрянародный. 913-959 жж.) өз жазбаларында Кубаньнан шығысқа қарай мекендеген елдi “қазақия” деп атапты дейді. Ондағы төл сөз былай: “Захияның ар жағында Папахия жері бар. Оның сыртында Касахия деген жұрт жатыр. Касахиядан жоғарырақ Кавказ тауы, таудың аржағында алан жері”. Есте болуға тиістісі: ол кезде Кубаньның шығыс жағында қазақ - қыпшақ елi тұрған, орыс пен украин казачествосының аты да, заты да жоқ болатын. Бірақ В. Минорский Касахия деп касогтар айтылып отырғанын көрсеткен екен. Касах, касахия, касак, кашак, касог атаулары сол замандағы белгілі бір шағын кавказ тайпасын білдірген деген тұжырым да бар. Мұны одан ары зерделеуде жоғарыдағы Ф. Энгельс сөзі есте болғаны жөн. Əйгiлi тарихшы, этнограф, тiл ғалымы А. Вамбери 1885 жылы баспадан шыққан «Түрiк халықтарының этнологиясы мен этногеографиясы» деген кiтабында көптеген жазба деректер келтiре отырып, қазақ деген аттың IX-X ғасырларда ел таныған, əлемге əйгiлi халықтың аты болғандығын айтады. Моңғолиялық ғалым Iслам Қабышұлы “хасаг” деген сөздiң моңғол əдебиетiнде X ғасырдан бастап белгiлi болғанын, моңғолдардың «Батырлар жыры» мен «Бабалар шежiресiнде» “хасаг” (“қазақ”) деген сөздiң кездесiп отыратынын атап көрсетедi. Автордың айтуына қарағанда, ерте кезде моңғолдар көшiп жүргендердi “қасақтар” деп атаған.
982 жылы. Парсы тiлiнде жазылған «Худуд əл-Ғалам» («Əлем шекаралары») атты кiтапта, “Алан елiнде қасақ деген ұлыс бар”, – дейдi. Осы кітапта: қазақтың “шығысы Ұлы қорған. Ол тау мен теңіз арасына дейін созылады. (Қазақтың. - С. Ж.) мына жағы теңізге, Еділге тіреледі. Оңтүстігі Салыр ( мүмкін Сыр дегені шығар. - С. Ж.), батысында Ұлы тау бар. Бұл бір көркем де бай ел. Қазынасы көп. Сиыр, қой жəне сансыз құл шығарады” деген деректі де көрсеткен.
904-1020 жылдары. Əбiлқасым Фирдоуси «Шахнама» атты эпосында: “Қазақ” - Қазақ хандығы деген ел Көк теңiздiң (Аралдың) солтүстiгiн мекен еткен күштi жəне көп санды ел” депті.
1223 жылы. Нестор «Повести временных лет» деген жылнамасында, 1223 жылғы моңғолдармен болған Қалқы соғысын баяндай келе, “Кавказды асып келіп, Оңтүстік Ресейге соқтыққан Шыңғыс басқыншылары бұдан бұрын қазақты шапты” деп жазыпты.