30 Маусым 2014, 13:00
Орыс әдебиетiнде арғы-бергi оқырманның бәрi дерлiк Пастернакқа, ұлы ақынға кешiре алмайтын бiр оқиға бар. Бұл ақынның Сталинмен телефон арқылы болған әңгiмесi. Тағы бiр тарихта өзiндiк орны бар ақын – Осип Мандельштамның тағдырын шешкен әңгiме. Ол әңгiме ақын жайлы әртүрлi естелiктерде әрқилы айтылады. Жалпы нобайы мынадай:
Сталин: – Мандельштамның ақындығына қалай қарайсыз?
Пастернак: – Мандельштам мен мойындайтын ақындардың тiзiмiне кiрмейдi. Бiрақ әдебиетте өз орны бар ғой деп ойлаймын.
Сталин: – Сiз оны қорғап бiрнәрсе айта аласыз ба?
Пастернак: – Жоқ.
Сталин: – Ақындар әрiптесiн қорғай алмайды. Ал мен партияласым бiреуден зәбiр көрiп жатса, жанымды қисам да әрекет жасар ем.
Пастернак: – Бiлесiз бе? Менiң сiзбен көптен берi басқа тақырыптарда әңгiмелескiм келiп жүрген.
Сталин: – Не жайында?
Пастернак: – Мәңгiлiк тақырыптар. Өмiр жайлы, арман-мұрат жайлы...
Сталин: – Ондай бос әңгiмеге менiң уақытым жоқ. Ұлы диктатор осы сөзден кейiн трубканы тастай салады. Әңгiме соңы осының алдында ғана «күн көсем» жайлы ащы өлең жазып түрмеге түскен Мандельштамның темiр тордың арғы жағында iз-түзсiз жоғалуымен аяқталады.
Иә, бүгiнгi күн биiгiнен қарағанда қайсыбiр мойындамайтындар табылып жатқанымен, Пастернак та, Мандельштам да ұлы ақындар. Ал Сталинмен сөйлескен кездегi қалып Борис Пастернактың көзiмен қарасақ...
Ақын шығармашылығына тәу ететiндердiң барлығы дерлiк оның дәл осы сәтте ақынға лайық қимыл жасамағанын, пендешiлiгiн танытып қойғандығын әңгiме етедi. Ақындық намыс, рух намысы аяққа тапталды дейдi. Ақын өмiрi, мейлi ол сен мойындамайтын, сенiмен пiкiрлес ақын емес-ақ болсын, қыл үстiнде тұрғанда, оның қорғауына бiр ауыз сөз айтуға қауқарыңның жетпеуi кiнә емес, Құдай кешiрмейтiн күнә деп тұжырым жасайды.
Бiлетiндер Пастернак ғұмыр бойы осы бiр сәттiк осалдығының жазасын тартумен өттi деседi. Әрине, басқа емес, Пастернак, Алланың мейiрi түскен қайталанбас ақын болғасын. Әйтпесе одан да артық күнә жасағанмен арланбай өткендер қаншама.
Бiз бұл әңгiменi неге айтып отырмыз? Дәл Пастернактың басындағыдай болмаса да, соған жете қабыл оқиғалардың әдебиет тарихында әлi де болса қайталанып қалып жататындығын көрiп-бiлiп жүргеннен кейiн. Және анау-мынау бөтен емес, өзiмiздiң қазақ әдебиетiнiң өңiрiнде. Мысалы таланты тәмам жұртқа танылған бiр мықты ақынымыз қалың жұрттың ортасында қазаққа еңбегi сiңудей-ақ сiңген тағы бiр ұлы ақынымызды «бөдене», «жартыкеш» ақын деп салыпты. Егер ғайыптан тайып Сталин тiрiлiп келiп телефон соға қалса, ол ақынымыз жаңағы әрiптесiнiң қорғауына бiр ауыз сөз айтар ма едi, айтпас па едi деп ойлайсың. Iшкi ойың «әй, айтпас едi-ау» дейдi. Мұндайдың бетiн аулақ қылсын, бiрақ солай болып жатса, аяққа тапталатын тағы да ақындық намыс, рухтың намысы болмақ қой.
Анада бiр топ белсендiлер Мұхтар Мағауиндi, бүкiл саналы ғұмырын қазақтың рухын көтеруге арнаған қаламгерiмiздi тiзелетiп, тоқпақтың астына алуға тырысты. Әдеби орта, болашақ Мағжан мен Бейiмбеттi, Пастернагы мен Мандельштамы бар қауым тағы да үнсiз қалды. Өйткенi, бәрiнiң де «өмiр, биiк мұрат-мақсаттар жайлы әңгiме қылғысы» келетiн болып шықты. Ал ақындық намыс, қаламгерлiк ар, әрiптестiң абыройы, қазақтың рухы тапталып жатқанда мұндай «әңгiмеге» орын табыла қояр ма екен?
Жалпы, қаламгер намысы дегенiмiз қалай бағаланады?
Бұл төңiректе де бiр сәтке ойланып көрсек-ау...