Ғаламат Базарбаев: Өлкеміздің пайдалы қазбаларын, тарихи жерлерін зерттеп, мағлұмат алуымыз қажет

18 Ақпан 2019, 09:40 2008

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде аймақтық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мәжілісі өтті.

Күн тәртібінде Ғылыми-сараптамалық топтың мүшелері Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының негізгі бағыттарын іске асыру бойынша мәселелерді және 2019 жылға арналған Ғылыми-сараптамалық тобының жұмыс жоспары туралы  талдау жүргізіп, пікір алмасты.

Сондай-ақ, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Қазақстан халқы ассамблеясы институтының директоры Жанна Қыдыралина «Қоғамдық және тарихисананы жаңғыртудағы Ғылыми-сараптамалық тобының негізгі жұмыс бағыттары», осы университеттің 4 курс студенті Ғаламат Базарбаев «Қазақстандық қоғамды рухани жаңғыртудағы жастардың рөлі», Атырау инженерлік-гуманитарлық институты Академиялық комитетінің басшысы Ләззат Жиенқұлова «Елбасының мақаласы – еліміздегі ымыра бірлікте өмір сүріп жатқан этностардың достығы әлем елдеріне үлгі ретінде» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндамашылар өңіріміздің ірі жоғары оқу орындарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жан-жақты жандандыру қолға алынып отырғандығын тілге тиек етті.

Тарих бөлімнің 4 курс студенті Ғаламат Базарбаев: «Биылғы Жастар жылында жұмыс істеймін деген жастар үшін атқарар істер көп. Елді тану – туған жердің тарихын білуден басталады. Сондықтан өз өлкеміздің пайдалы қазбалары, тарихи жерлері туралы зерттеу жүргізіп, мағұлмат алуымыз қажет. Соның ішінде Атырау облысының Нарын, Тайсойған, Бүйрек құмдарында жастардың археологиялық экспедициясы ұйымдастырылса деген ұсыныс білдіремін»- деп, ой тастады.

Ғылыми-сараптамалық топтың мүшелері мен жастар да осы тақырып аясында өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Бөлісу: