Аламан

26 Тамыз 2014, 06:59

Аламан 1 – әлеуметтік құрамы әркелкі, хан тұқымына жатпайтын қараша халықтың атауы.

Аламан 1 – әлеуметтік құрамы әркелкі, хан тұқымына жатпайтын қараша халықтың атауы. Яғни аламанның әлеуметтік құрамына көшпелі қоғамның Шыңғыс тектілерінен басқа көшпелілердің бәрі жатады.

Әдеб.: ҚӘТС. 1-том. Алматы: Арыс, 2006; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

Аламан 2 – бес қаруын асынған басқа бір елді шабуға аттанған бейресми жауынгер топ. Хан ордасы билігіне мойынсұнбайтын, қарсылық көрсеткен қарулы топты да аламан деп атаған. Аламанмен өмір сүру кәсіпшіліктің де бір түрі секілді. Аламанмен барымтаның сыртқы ұқсастықтары болғанымен (атты жорық, жылқы айдау, көзге түсіп батыр атану т.б.) айырмашылығы бар. Барымта ел-жұртқа жария етіліп барып атқарылса, аламан тұтқиылдан ұйымдастырылған әскери жорық болып табылады. Аламанға 10 және 30-40-тан да көп, жақсы қаруланған, әскери дайындығы бар адамдар қатысады. Аламанға қатысушылардың әскери дайындығы ретінде бейбіт күнде той-домалақта, аста өткізілетін сайыс ойынын айтуға болады. А. топтың құрамы да аламан бәйгеге қосылатын аттардың жасына, жынысына, тұқымына қарамайтыны секілді, олжадан дәмесі бар, бірақ, қарулы, дайындығы бар жігіттер қатыса алатын. Аламан жасау түркмендерде ерекше орын алғандығы, одан Иран, Хиуа, Бұқара өңірі тұрғындары және қарақалпақтар мен Сыр бойы қазақтарының да көп зардап шеккендігі туралы деректерде айтылады.

Ханның кірген ақ орда,

Бұзауын ойлап кеңестік.

Аламанға жел бердік,

Аса жұртты меңгердік.

(Махамбет).

Әдеб.: Уәлиев Н. Сөз мәдениеті. Алматы: Мектеп, 1984; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

Аламан ау – көзі өте ұсақ (8 мм), майшабақ аулауға арналған құрал. Үсті толған қалтқы, төменгі табандық астында шығыршықтар арқылы арқан өткізіледі. Арқанды тартқан кезде доғалана жиналған тордың ішінде майшабақтар толып қалады. Батыс өңірі қазақтары ежелден қолданған аудың бұл түрі кейін Қазақстанның барлық өңірлеріне тарады.

Әдеб.: Айтазин Қ. Каспий балықшыларының тіліндегі ау, құрал-сайман аттарымен байланысты кәсіби сөздер // Қазақ диалектологиясы. 1-шығуы. Алматы: Ғылым, 1965.

Аламан бәйге – аттың жасы, жынысы мен бабына қарамай-ақ жаппай жарысатын, тай, құнан, дөнен, жуан ат аралас жарысатын ат жарысының түрі. А. б.-де қатаң ережесі болмайды, мәреден көмбеге дейін шауып жету қажет. Жарыс қашықтықтығы бірнеше ондаған шақырым болады, бірақ ат бәйгесіндей қашық емес. Аламан бәйгенің ережесі бойынша аттар табиғи кедергілері көп, бірақ көбінесе жазық жерде және тура жолда жарыстырылады. Бәйгеге шабатын 8-14 жас аралығындағы атшабар балалар мен үлкен дайындықтан өткен шабандоздармен қатар, атын арнайы баптап, жаратпаған атына сенген адам шауып кете береді. Тіптен ұрғашы малдар бедеу бие – сойтал, байталдардың қатысуына рұқсат етіледі. А. б.-нің шығу тегі, мақсат-міндеті туралы М.Т. Тәнікеев көшпелі өмір салтына байланысты аттарды ұзақ қашықтықтарды, әсіресе, әскери-жаугершілік уақыты мен жаудың жылқысын қуып алып кету кезінде талмай жүріп өтуге баулудан шыққан дейді. «Аламан» сөзінің төркінін «шапқыншылық, қарақшылық» ұғымымен байланыстырады. А. б.-нің өтуімен астың сән-салтанат бағдарламасы аяқталып, астың ресми жабылуы жария етілетін. А. б. көршілес өзбек, қырғыздарда да бар (толығырақ қ. Ас беру / Ас).

Аламан бәйге. М.Нүсіпов. 2005 ж. ҚР МОМ қорынан (КП 27103)

Әдеб.: Таникеев М.Т. История физической культуры в Казахстане: Дореволюционный период. Алма-Ата: Казахский институт физической культуры, 1977; Кашимов Н.С. Воисковой старшина Шабдан батыр Жантайұлының асы // Айқап. Троицк, 1913. №13; Рычков П.И., Рычков Н.П. Капитан жазбалары: Қолжазба очерктер. Ауд. Р.Шаймерденов. Алматы: Ана тілі, 1995; Брем А.Э. Бытовая и семейная жизнь киргизов // Нива. Ежемесячное приложение, 1894. №2.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: