Алакөл жағасында жоғалған бес жастағы балалар табылды

17 Шілде 2022, 04:14 4049

Ұл мен қыз бала ата-анасының көз алдында ойнап отырып, жоқ болып кеткен.

Алакөл көлінің жағасында жоғалған бес жастағы балалар аман-есен табылды. Олар ата-анасынан бір шақырым жер алыстап кеткен, деп хабарлайды  El.kz облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– 16 шілде күні кешке қарай Алакөл көлінің жағалауын күнделікті патрульдеу барысында Алакөл өңірінің жедел-құтқару жасағының құтқарушыларына 2017 жылы туған, Жетісу облысы Алакөл ауданы Ақши ауылында ата-анасымен демалыста жүрген екі отбасының балалары жоғалғандығы жөнінде хабарлама түсті. Ұл мен қыз бала ата-анасының көз алдында ойнап отырып, жоқ болып кеткен, – делінген хабарламада.

Іздеуге алты құтқарушы мен 3 жүзу құралы жұмылдырылдған.

– Балалар ата-аналары орналасқан орыннан шамамен 1 шақырым қашықтықта, әртүрлі жерлерден аман-есен табылды. Медициналық көмек оларға қажет болмады,- делінген облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Балалардың ата-аналарымен судағы қауіпсіздік ережелері және су маңында кәмелетке толмаған балаларға үнемі назар аудару қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Облыстың ТЖД азаматтарды суға шомылу маусымында барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

Бөлісу: