Алаң ортасында Гондурас футболшылары

22 Мамыр 2014, 05:56

Гондурас құрамасы КОНКАКАФ аймағындағы үздіктердің бірі болғанымен, әлемдік деңгейдегі айтарлықтай нәтижесі жоқ.

Гондурас құрамасы КОНКАКАФ аймағындағы үздіктердің бірі болғанымен, әлемдік деңгейдегі айтарлықтай нәтижесі жоқ.

 

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

Гондурас құрамасы

Бас бапкер: Луис Суарес

Команда капитаны: Ноэль  Вальядарес

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Амадо Гевара (138)

Ең көп гол соққан ойыншы: Карлос Павон (57)

ФИФА рейтингісіндегі орны: 30

         

Бұл елдің құрамасы 1921 жылы жасақталып, алғашқы ойындарын сол жылы Гватемаламен өткізген. Бұл матчта Гвателмала 10:1 есебімен жеңіске жетеді. 1946 жылы әлсіз Никарагуаны 13:0 есебімен ұтқандары болмаса, біразға дейін бұл ойын елде дами қоймады. Дегенмен 1951 жылы ресми түрде ФИФА-ға мүшелікке өтті.

Аса қарқын алмаса да, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап аталған спорт түрі бірте-бірте қанат жая бастайды.

1969 жылы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Гондурас пен Сальвадор құрамасы арасындағы ойынның арты соғысқа ұласады. Бұл тарихта «футбол соғысы» деген атпен қалды. Қос  тарап бейбітшілік туралы келісімге тек соғыс аяқталғаннан кейін 10 жылдан соң қол қойды.

Гондурас үшін бірінші «алтын кезең» 80-жылдары басталды. 1981 жылы тұңғыш рет КОНКАКАФ аймағының «алтын кубогын» қабылдаған гондурастықтар бұл доданы жоғары деңгейде өткізді. Алдымен Гаитиді – 4:0, Кубаны – 2:0, Канаданы 2:1 есебімен ұтты. Одан соң бұл турнирдің жүлдегерлері Сальвадор және Мексикамен тең ойнап, алғаш рет чемпион атанды.

Сол жылы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінен де іркілмей өтіп, 1982 жылғы Испаниядағы біріншілікке жолдама алды. Оған Орталық және Солтүстік Американың атынан Сальвадор екеуі қатысты. Топтан шыға алмаса да, команда тәп-тәуір өнер көрсетті деуге болады. Өйткені алғашқы матчтарда жарыс иесі Испания және Солтүстік Ирландиямен 1:1 есебімен тең ойнады. Тек соңғы кездесуде Югославияға 0:1 есебімен жол беріп алды. Испания қақпасынан саңылау тапқан Эктор Селайя Гондурастың алғашқы мундиалында гол соққан футболшы ретінде тарихта қалды.

Бұдан кейін 1985 және 1991 жылдары КОНКАКАФ аймағының алтын кубогында екі рет күміс жүлдеге ие болды. Біріншісінде финалда Канадаға жол берсе, екіншісінде АҚШ-тан ұтылды.

2001 жылы Америка кубогына соңғы сәтте ғана шақырылды. Соған қарамастан, футболшылар талайды тамсандырды. Ширек финалда әлемнің ең азулы құрамасы Бразилияны ұтса, 3-ші орын үшін тартыста Уругвайдан басым түсті. Осындай мәртебелі турнирде жүлдеге іліну, сөзсіз, үлкен жетістік. Сол жылы «World Soccer» журналы, IFFHS (халықаралық футбол статистикасы мен тарихы федерациясы), ФИФА Гондурас құрамасын әлемде жылдам дамып келе жатқан ел ретінде таныды. Қыркүйек айында ФИФА-ның түзген рейтингісінде үздік жиырмалықтың қатарына енді. Бұл олар үшін бұрын-сонды болмаған көрсеткіш еді.

2009 жылы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде КОНКАКАФ аймағында үшінші орын алып, арада 28 жыл өткенде екінші рет төрт- жылдықтың басты додасына жолдама алды. ОАР-да өткен біріншілікте топтық бәсекесіне тағы да Испания құрамасымен бірге түсті. Қара құрлықта олар тек Швейцариямен ғана тең ойнады (0:0). Ал Чили мен Испаниядан жеңілуге мәжбүр болды. Нәтижесінде бірде-бір гол соға алмай, өз тобында бір ұпаймен соңғы орында қалып қойды.

Енді, міне, Луис Суарес жаттықтыратын құрама үшінші әлем біріншілігіне қатысқалы отыр.

Қазіргі құрам

Бас бапкер Луис Фернандо Суарес сенім артатын ойыншылар мыналар: қақпаны 37 жастағы Ноэль  Вальядарес күзетеді. Ноэлді алмастыру қажет болған жағдайда оның орнын Донис Эскобер («Олимпия») мен Хосе Мендоса («Марафон») басады. Қорғаныс шебін Мейнор Фигеро́а («Халл Сити»), Виктор Бернардес («Сан-Хосе Эртквейкс»), О́сман Чавес («Висла»), Джонни Паласиос («Олимпия»), Джонни Леверон («Ванкувер Уайткэпс»), Эрик Норалес («Марафон»), Хуан Гарсия («Уиган Атлетик»), Эмилио Исагирре («Селтик») құрайды.

Жартылай қорғаушылар: Уилсон Паласиос («Сток Сити»),  Роджер Эспиноса («Уиган Атлетик»), Энди Нажар («Андерлехт»), Луис Фернандо Гарридо («Олимпия»), Марвин Чавес («Сан-Хосе Эртквейкс»), Хорхе Кларос («Хиберниан»),

Шабуылшылар: Карло Костли («Реал Эспанья»), Оскар Гарсия («Хьюстон Динамо»), Джерри Паласиос («Алахуэленсе»), Джорджи Уэлком («Монако»).

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

15 маусым. Порту-Алегри. Франция Гондурас

20 маусым. Куритиба. Гондурас – Эквадор

25 маусым. Манаус. Гондурас – Швейцария

Бек Төлеуов 

Бөлісу: