1 Наурыз 2014, 10:20
Пікір жазғандар:
Айталы Амангелді, философия ғылымдарының докторы, профессор.
Әбуев Жұмағали, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Ә.Бәкір. Тіл тағдыры. Мақалалар жинағы. – Астана, 2013, 63 бет.
Бұл жинаққа мемлекеттік тілдің өзекті мәселелеріне тұрақты қалам тартып келе жатқан ғалым-профессордың соңғы жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен ғылыми-тәжірибелік конференция, семинарларда сөйлеген сөздері, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте түсу турасындағы азаматтық пікірлері мен ұсыныстары топтастырылған.
Кітап ана тілі жанашырлары және көпшілік оқырман қауымға арналған.
Туған тілдің тағдыры соңғы бір жарым ғасырдай уақыт қазақтың зиялы қауымын ойландырумен келеді. Қазақстанның патшалық Ресейдің отарына айналып, саяси жүйесінің үстем елдің ырғағына ауысуы іс қағаздарының орыс тілінде жүруіне әкелді. Бұл қазақтың алғашқы ағартушыларын да, Алаш қозғалысының жетекшілерін де талай толғандырған болатын. 1905 жылы Мәскеудің қалалық қоғам қайраткерлерінің съезінде Әлихан Бөкейхан арнайы қатысып, қазақ тілінің бостандығы мәселесін көтеруі жайдан-жай емес еді. Өздерінше әлеуметтік әділеттілікті ту еткен кеңестік кезеңде де қазақ тілінің айдарынан жел есе қоймады. 70 жылда жергілікті халықтың тілінің ешқандай мәртебесі айқындалған жоқ. Орыс тілін білмесең жұмысқа алынбадың, жоғарғы оқу орнының есігі жабық болды. 700 қазақ мектебі жабылып, олар жаппай аралас не орыс мектептеріне айналды.
Сондықтан да мемлекетіміздің егемендігінің елең-алаңында-ақ қазақтың зиялы ұлтшыл қауымының ең бірінші шешкен мәселесі ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесі болды.
Рас, ол кез аса қиын болатын. Еліміздегі ең негізгі екі топ, мемлекет құраушы қазақ ұлты да, бірнеше ғасыр дала өлкесін жерім, елім деп келе жатқан орыс халқы да сан жағынан бірдей еді. Осындай жағдайда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге жетуіне еліміздегі басқа этнос өкілдерінің әлеуметтік түсіністікпен қарауы да игі ықпал етті.
Содан бері ширек ғасырдай уақыт өтті. Мемлекеттік мәртебе конституциялық шешіммен, тіл туралы арнайы Заңмен айқындалды. Тілдерді қолдану мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар қабылданып келеді. Алайда Тәуелсіздігіміздің рухани өзегі болып саналатын ұлттық тіліміздің өзінің шынайы мәртебесіне жетуі үшін алда шешілер талай саяси, құқықтық, әлеуметтік сипаттағы түйіндер бар.
Қолдарыңызға алып отырған кітап осы мәселелер жайлы сыр шертеді.
Автор
Әбдіжәлел Бәкір: «Тіл тағдыры», 2013 ж.