АЛҒАШҚЫ ҚҰРАМА НЕМЕСЕ ҚҰРБЫ-ҚҰРДАСТАРҒА ХАТ

30 Маусым 2014, 13:05

Ұлттық әдебиетiмiздiң айдынына 90-жылдардың басында бiр толқынның келiп қосылғаны белгiлi.

Ұлттық әдебиетiмiздiң айдынына 90-жылдардың басында бiр толқынның келiп қосылғаны белгiлi. Үмiтiнен күдiгi көптеу төмендегi мақала «осы толқын­ның бүгiнгi рухани хал-ахуалы қандай?» деген сауалдарға жауап беруге тырысады.

 

                                                                ***

Бiр адамнан екi адамның ойы iзгi,

Қос рельс зымыратар поезды.

Төлеген Айбергенов.

 

Былтыр Афиныда жазғы олимпиада ойындары өттi.Бұл аңыздар мен әфсаналар елi – ежелгi Элладаға төрткүл дүние назарын тiккен тамаша ай болды. Құдайға шүкiр, салымыз суға кетiп, дымымыз құрып тұрғандай болған соңғы сәтте жалғыз баламыз, боксшы Бақтияр Артаев топ жарып, көңiлiмiздi бiр демдеп алдық.

Мiне, осы олимпиада ойындары өтiп жатқан кезде менiң есiме бала кезiмнiң бiр оқиғасы қайта-қайта орала берген. Ол оқиғаның Элладаға, көне Грекияға тiкелей қатысы бар едi.

Үшiншiден төртiншiге өткен жылы жазда, егiн басында немере ағам өзiнде «Эллада ерлерi» атты кiтап барын, оны бiр кластасына оқуға бергенiн айтып қалды. Кiтаптың мазмұны, бесiкте жатып өзiн шағуға келген жыланды қылғындырып өлтiрген бүлдiршiн Геракл, Тезей мен Персейлер туралы қысқаша әңгiмелеп бердi. Әрине ертегi десе елең ете қалатын мен бұл әңгiмелердi аузымның суы құрып тыңдадым.

Сосын немере ағам кiтапты оқығың келсе маған көмектес деген. Сол жылы бiр ай бойы жүйекке жалаңаяқ түсiп алып немере ағамның үйiнiң дарбызын тасығаным әлi есiмде. Өйткенi, немер ағам «алған адам әлi оқып бiтiрмептi, ертең әкелiп берем, арғы күнi әкелiп берем» деп алдаусырата берген. Ал кiтап қолыма түскенше ағама көмектеспеске менде де лаж жоқ-ты. Себебi кiтап үшiн ағама байлаусыз тұтқынға айналып едiм.

Мiне, бiр ай еңбекпен қолыма түсiрген сол кiтапта алтын жабағыны iздеп Колхидаға аттанатын аргона­в­шы­лар туралы әфсана бар-ды. Бәрi кiлең жампоз, сегiз қыр­лы, бiр сырлы жiгiттер, жорыққа Элладаның түкпiр-түк­пiрiнен жиналған қаһармандар. Араларында Геракл, Тезей, ағайынды Полидевк пен Костор, Анкей, Адмет, Теламондар бар бұл топты сол кезгi Грекияның үздiк спорт­тық құрамасы деуге әбден болады. Жұды­рық­тасудың шеберi Полидевк пен бебриктер патшасы Амиктiң арасында өткен жекпе-жек, бәлкiм, бокстан мен оқыған алғашқы репортаж шығар.

Иә, бұл спорттан мен бiлетiн алғашқы құрамалардың бiрi едi. Бiрақ ең бiрiншiсi емес-тiн. Мен бiлетiн тұңғыш құрама бiздiң өзiмiздiң «Батырлар жырының» iшiнде жүрген-дi. Ол құрама Дотан батыр Шынтемiр ханның қызын iздеп жорыққа шыққанда, жолай жиналатын. Есiмдерi де қазақы есiмдер-дi. Желаяқ, Мерген, Саққұлақ, Көлтауысар, Таусоғар – мiне, мен бiлетiн алғашқы спорт құрамасының мүшелерi.

Кейiн, ер жете келе, аргонавшы Язон мен оның серiктерi туралы бiр емес, бiрнеше фильмдi, тiптi мультфильмдердi де тамашалаудың ретi келген. Бiрақ мен бiлетiн алғашқы құрама жайында олар әлi күнге үнсiз қалып келедi. Мейлi, өзгелер бiлмесе бiлмейтiн шығар, ал өзiмiздiң киногерлер мен мультфильмшiлердiң бұл тақырыпты айналып өте беруiне не себеп?

Қазiр олимпиадашыларымыз Қытайда өтетiн келесi ойындарға дайындық жұмысына кiрiсiп кеттi. Ал мемлекет басшысы олимпиадашыларымыздың дайындығы сақадай сай болуы үшiн тиiстi орындарға Алматының маңынан оларға арнап сәулеттi, соңғы үлгiдегi спорт кешенiн салып беруге тапсырма бердi. Иә, болашақта дүниеге келетiн бұл ғимараттың да қабырғалары, кiре берiсi қалыптағыдай ел таңғала, әдемi барельефтермен, скульптура үлгiлерiмен безендiрiлетiнiне күмән жоқ. Бiрақ сол статуялар галереясынан, бейнелер тобынан мен бiлетiн алғашқы құраманың мүшелерiне тағы да орын табылмай қалатын секiлдi. Өйткенi, бiздiң қазақ өзгенi зор, өзiн қор санауда алдына жан салмайды емес пе!

Бiрақ бәрiбiр алғашқы спорттық құрама көне гректе емес, бiзде, қазақта, түркi бабаларымызда болғандығына сенгiң келедi. Және оған өзiң ғана сенiп қоймай, елiмiздiң болашағы – жас ұрпақты да иландыра алып жатсаң несi айып. Ең арысы, бабалардан қалған мұра аңыз-ертегi де осы ойды, осы мұратты қуаттап жатқан жоқ па!

Ең өкiнiштiсi, менiң құрдастарымды мұндай ойлар көп мазалай бермейтiн секiлдi. Керiсiнше, олардың арасында «дайын асқа тiк қасық» тоғышар көңiл-күй белең алып бара жатқан сыңайлы.

Бiр кезектi басқосуда жасы отызға келген, ел танып қалған ақын iнiм маған «лирик ақынға Фирдоусидiң «Шахнамасын» оқудың не қажетi бар?» деген әңгiме айтып қалды. Мен жауап бермеуге тырыстым. Ал ендi жауап бермеуге болмайтынын түйсiнiп отырмын. Ақын, қазақ ақыны ең болмаса Фирдоуси мен сұлтан Махмұдтың арасындағы әңгiменiң неден өрбiгендiгiн бiлуге тиiс. Фирдоусидiң «Шахнамасы» Иран тарихын жырлаған эпопея болса, ол өз дүниесiн тарту етiп отырған Махмұд сұлтан түркi едi. «Шахнаманың» мазмұны тұтасымен парсы тарихын ұлықтау болғасын, тұрандық Махмұд қитығып қалды. Өйткенi, дастанда түбi тұрандық түркiлер туралы жақсы лебiз айтыла бермейтiн. Бұл парсы ақыны мен түркi сұлтанының шынайы тарихқа таласы едi. Ал бiздiң денiмiз ұлы ақынның отыз жылдық еңбегiн бiрнеше сөлкебайға бағалаған алдампаз, алаяқ, өнердi, өлеңдi түсiнуден мақұрым бейшара Махмұд туралы әңгiменiң ғана бiлемiз. Егер менiң жоғарыдағы ақын iнiм тек «Шахнаманы» емес, тарихты да бiраз қопарыстырса, кiм бiледi, күндердiң күнiнде «Сұлтан мен ақын» атты әңгiме жазып қалар. Ол әңгiмеде мен түркi Махмұдтың үлкен тарих алдында, әдебиет тарихы алдында ақталғанын қалар едiм.

Иә, бiз де бiр нәрсе жасауымыз керек. Бабалар қалдырған аңыз-әфсаналардың терең қатпарларынан Таусоғарларды алып шығып, Терминаторларды ығыстыруымыз, Бэтменнiң орнын өзiнiң заңды иесi Желаяққа алып беруiмiз парыз. Ал бұл тек киношылар мен мультфильмшiлер ғана жасауға тиiс шаруалар емес. Менiң құрбы-құрдастарым, ақындар мен жазушылар жегiлуге тиiс қара жұмыс. Сiз, бiз жасауға тиiс ұлы дүниелердiң алғашқы аккордтары болатын белбайлаулар. Бұл бағыттағы алғашқы үлгiнi бiзге, қадiрiне жете бiлсек, алпысыншы жылғылар көрсеткен болатын.

Жоқ, бiздiкi Абай айтқан «Өзiмiзде бармен көзге ұру» болмауы шарт. Өзiмiздi өзiмiз ұлт ретiнде, сол ұлттың өкiлi, азаматы ретiнде толыққанды сезiну үшiн жасалмақ қадамдар болмағы жөн. Өзгелермен тереземiз тең екендiгiне түйсiнуге апаратын баспалдақтар болуға тиiс.

Жапондық Нобель сыйлығының лауреаты Ясунари Кавабата ең алғашқы психологиялық романның Еуропа топырағында емес, Азияда, өзiнiң аралдарға берiк бекiнген Жапониясында дүниеге келгендiгiн мақтаныш тұтады. Оныншы ғасырда дүнеге келген «Гэндзи туралы повестi» Гомердiң «Илиада», «Одиссеясы», Дантенiң «Құдiреттi комедияларымен» бiр қатарға қояды. «Жапония – ақындар мен поэзия елi» дейдi. Егер мұнда сонау Х ғасырдың өзiнде-ақ ақындар Академиясы ашылған болса, мақтанса мақтанатындай-ақ жөнi бар. Бiздiң алғашқы спорттық команда туралы әңгiме қылуымыздың бiр себебi де, мiне, осында. Өйткенi, бiзде де өзгелермен бой таластыра, ой жарыстыра алатын бай мұра бар деген сөздi айту. Қажет болса, Кавабаталармен бәсекеге, рухани бәсекеге түсу. Ал бiзге мұндай бәсекеге түсуге халқымыздың бай мұрасы толық мүмкiндiк бередi.

Асылы, өткенге ой көзiмен қарап, одан бүгiнге қажетiн екшеп ала бiлудi бiзге Гоголь секiлдi ұлы жазушыдан үй­рен­ген дұрыс шығар. Ол бiр хатында анасына: «Сiз нәзiк, байқағыш ақылдың адамысыз, өзiмiздiң мало­рос­сияндардың әдет-ғұрпы мен салтын көп бiлесiз, маған ар­наған хаттарыңызда осыларды жаза салудан бас тарт­пассыз деп сенем. Бұл маған өте, өте қажет. Келесi хатыңызда селолық дьячоктың сырт киiмiнен бастап етiгiне дейiн барлық сәндi киiмдерiн толық суреттеп, нағыз байырғы, нағыз ежелгi, мейлiнше аз өзгерген малороссияндарда бұл киiмдердiң қалай аталғанын есiм-есiмiмен атап жазып жiберуiңiздi күтемiн; дәл сондай етiп, бiздiң шаруа бойжеткендердiң соңғы лентасына дейiн қалдырмастан барлық киiмдерiнiң атын да және осы күнгi күйеуге шық­­қан келiншектердiң де, еркектердiң де киiмдерiнiң аттарын да жазарсыз» (М.И.Гогольге, 1829, 30 сәуiр) деп өтiнiш бiлдiредi.

Келесi бiр хатында «... осылардың заманында қандай күлкiлi, қызықты, қайғылы, қорқынышты анекдоттар мен уақиғалар болған екен. Бiрiн де елеусiз қалдырмаңыз, мен үшiн бәрiнiң де құны бар» (М.И.Гогольге, 1830, 2 ақпан) дейдi.

Бұл – Гогольдiң жұмыс iстеу тәсiлi. Кейiн жапон Акутагава ашқан үш ұлы жаңалықтың бiрi.

Шын әдебиетте тек бүгiннiң тақырыбымен шектелiп қана қалу керек деген қағида жоқ. Әйтпесе бiз «Тарас Бульба» немесе «Тозақ азабын» әлi күнге дейiн таңдай қаға тамсанып оқымаған болар едiк қой. Неге оқимыз? Өйткенi, бiзге беретiнi бар болғандықтан оқимыз.

Орыс Лев Гумилев «Қия патшалығын iздеуiнде» «Моңғолдың құпия шежiресiне» үңiле отырып, Шыңғыс ханды таққа отырғызған Жамұхадай анда, арда досының оның жолына, оның жолына ғана емес, елiнiң баянды болашағына өзiн құрбандыққа шалуы едi деген пiкiр айтады. Шамасы, екi азамат оңаша отырып, өзара қырықпышақ болып қырқысып жатқан бытыраңқы елдiң басын қалай бiрiктiрсек болады деп ойласқан болса керек («Құпия шежiреде» мұндай тұспалдама бар). Бұдан кейiнгi Жамұханың қадамдарының бәрi құпия түрде Шыңғыс ханның алдында оның жауларын тiзе бүктiру бағытында жасалады. Ақырында Шыңғыс ханның мәртебесiне, азаматтық абыройына көлеңке түспесi үшiн Жамұха ажалды өзгеден емес, өзiнен, өзiнiң андасынан сұрап алады. Далалық мәрттiк, далалық патриотизм дегенiмiз осы шығар.

Лев Гумилевтi оқыған қазақ Мұрат Әуезов Ұлы Даланың шығысында сонау қилы заманда жүз берген осы ұлы достықты драматургтерiмiз пьесаға айналдырып, режиссер­лерiмiз сахналаса ғой деп армандайды. «Мiне, бұл пьесаның өскелең ұрпаққа берер тәрбиесi мол болар едi» дейдi ол.

Шынында да, Шыңғыс хан мен Жамұханың достығы Шекспирдей кемеңгердiң қаламына ғана сұранып тұрған, кез-келгеннiң бағына жолыға бермес асыл қазына емес пе?

Ал осы қазынаны, Лев Гумилев, Мұрат Әуезовтер байқай алған байлықты менiң құрдастарым аңғара алды ма? Жоқ, аңғара алған жоқ. Өйткенi, олар тарихи зерттеулердi оқуды жоғарыдағы ақын iнiм секiлдi ақындар мен жазушылардың мiндетi емес деп санайды.

Мен болсам арғы-бергiден өз жандарына ненi алуы керектiгiн бiлмей жатып, олардың өз жандарынан халыққа бiрнәрсе бере алатындығына күмәнмен қараймын.

Жоқ, бiз халықтың мұрасын өзiне қайтаруымыз керек, құр қайтармауымыз керек, еселеп қайтаруымыз керек. Тек сонда ғана бiздiң жайнамазымыз ақ қағаз бен қаруымыз қаламсаптың алдында арымыз таза болады. Әйтпесе, бәрi бекер. Үлкен, шоқтығы биiк әдебиет жасаудан үмiтi бар болса, құрбы-құрдастарымның бұл тараптарда ойлана жүргендерi жөн шығар.

Бiз әдебиет атты ашық теңiздегi қайраңды тұсқа жақындап келе жатырмыз, бұл ендi анық сезiлiп тұр, ал қайраңдап қалмауымыз тiкелей өз дайындығымызға байланысты.

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу: