АКУТАГАВАНЫҢ ҮШ ЖАҢАЛЫҒЫ

30 Маусым 2014, 13:03

Әдебиет тарихында тағдыр жазуымен өзiне берiлген аз ғана ғұмыр iшiнде соңына талай ұрпақ жата жастанып оқыр мол мұра қалдырған жазушылар аз емес.

А.Стругацкий

Әдебиет тарихында тағдыр жазуымен өзiне берiлген аз ғана ғұмыр iшiнде соңына талай ұрпақ жата жастанып оқыр мол мұра қалдырған жазушылар аз емес. Солардың бiрi – жапон жазушысы Акутагава Рюноскэ (1892-1927). Әдебиет бiлгiрлерi оны новелла жазудың теңдессiз шеберлерiнiң бiрi санайды.

Әдебиетте өзiндiк дүниетанымы, көркемдiк әдiс-тәсiлдерi, эстетикалық тұғырнамасы, төл тақырыбы болмаған жазушылар iз қалдыра алмақ емес. Ал Акутагавада осылардың бәрi де бар болып шықты.

Қазiр Акутагава ашқан тәсiлдер әлем әдебиетiнде кең қолданыс тапқан. Бұл тәсiлдер әдебиет қана емес, кинематографияның да үлесiне айналғалы бiраз болып қалды. Жапон киносы патриархтарының бiрi Акиро Куросаваның «Қанға былғанған тақ» атты фильмi соның бiр айғағы. Бiр қарағанда, фильм орта ғасырлардағы жапон өмiрiнен сыр шертетiн секiлдi. Фильмнiң негiзiнде кiмнiң, қай халықтың туындысы жатқандығын бiлмейтiндердiң бұған сенетiндерi де анық. Ал әлем әдебиетiнен хабары бар жан фильм өзегiнде Шекспирдiң атақты «Макбетi» және осы пьесаға мұрындық болған байырғы шотланд ертегiсi жатқандығын бiрден аңғарған болар едi. Жапон өмiрi туралы сыр шертетiн шотланд ертегiсi. Ал мұндай метаморфозалар Акутагава шығармашылығында жетiп артылады. Рас, Акутагава шығармашылығының бастауында сан ғасырлық тарихы бар жапон жазба әдебиетi жатқандығы жасырын емес. Ал бұл әдебиеттiң орны ерекше. Аңғарып қарасаңыз аузымыздың суы құрып тамсана беретiн Кафканың атақты «Құбылуының» («Превращение») өзi де көне жапон ертегiлерi мен әфсаналарының жадағай көшiрмесiндей болып көрiнiп қалатыны бар. Осындай құнарлы топырақта пайда болған әдебиеттiң осал болмасы да белгiлi. Оған бүгiнгi жапон әдебиетi куә.

Төменде сол әдебиеттiң белдi өкiлдерiнiң бiрi – Акутагава Рюноскэ шығармашылығына байланысты жазылған орыс сыншысы А.Стругацкийдiң «Акутагава Рюноскэнiң үш жаңалығы» атты мақаласын бiршама ықшамдап жариялап отырмыз.

 

I

«Бүгiндi байырғының көзiмен зер

салып тануға болады».

Уэди Акинари.

 

«Кондзяку моногатариде» («Бағзы кездер хикаялары»), он бiрiншi ғасырдың аяғында хатқа түсiрiлген әдеби ескерткiште баю мақсатында ауылын тастап астанаға келiп, Расемон қақпасының қарауыл – мұнарасында шарасыздықтан қайыршы кемпiрдi тонайтын ұры жайлы қысқа ғана әңгiме бар. Акутагаваның арқасында (жапон кинематографиясының да үлесi бар) бүгiнгi күнi осы Расемон атауы жер шарындағы әрбiр мәдениеттi адамға белгiлi. Ал бәрi де жиырма төрт жасар студенттiң әдебиеттегi өз тақырыбы жайлы ұзақ ойлануларынан кейiн басталған едi. Асылы, ол ойлана келе мынадай ұйғарымға келген болса керек: «Менiң тақырыбым адам рухының, адам психологиясының шексiз әлемi болуға тиiс. Әдебиет өнер болуға тиiстi. Олай болса, мен де әдебиеттi қарабайырлық, ақиқат өмiрдi жалаңаштап көрсету деп түсiнетiндерге қарсымын. Олардың даңғыраларын қағып ұлы мәртебелi өнердiң мазасын алуына жол бермеуiм керек. Бұл күресте шеберлiк қана көмектесе алмақ. Ондай болса, менiң ұстанар әдiс-тәсiлдерiм қандай болмақ?»

Мiне, осы арада Акутагава бiрiншi жаңалығын ашады. Циобути «Романның табиғаты» еңбегiнде «Бастысы сезiмдi суреттеп беру. Содан кейiн ғана мiнез-құлық пен дәстүр. Сезiм – шығарманың миы» деп жазғанда, ақиқаттың ауылынан алшақ кете қоймағандығы анық. Иә, әдебиет обьектiсi адам психологиясы болуға тиiс. Бiрақ Акутагаваға бұл аздық еткен. Ол әдебиет сезiмдi суреттеумен ғана емес, психологияны зерттеумен, саралап-талдаумен шұғылдануға тиiс деп шештi. Ал саралау үшiн құрал-сайман керек едi. Психика әлемiн әдеби тұрғыдан талдаудың құрал-сайманы қандай болуы мүмкiн? Әрине, оқиға. Тек қана оқиға. Оқиға ғана адам жан-дүниесiн сапырылыстыра алады. Қалыпты жағдайда ұйқылы-ояу жүрген адам психикасын қозғалысқа түсiредi. Қажет болса арандатады, көрiнбей жатқан мүмкiндiктерiн, қасиеттерiн ашады. Iшкi жан-дүниенiң мазмұнына айналады. Бүкiләлемдiк апат та, жеке бастағы бақытсыздық та, шинель сатып алу секiлдi өмiрдiң ұсақ-түйегi де – оқиға. Оқиғаны таңдау – автордың құқы. Таңдау автордың өз алдына қойып отырған мақсатына байланысты жасалады. Шығарма кейiпкерiнiң жеке басы, әрқилы факторлар да таңдау барысында аз роль атқармақ емес. Осының бәрi жиылып келiп әдеби шеберлiктi құрайды. Акутагава Рюноскэ шамамен осылай ойлаған болар. Қалай десек те, осы сияқты ойлардың жазушының жан-дүниесiне маза бермегендiгi анық.

Ол бүкiл болмысымен жауыздықты жек көретiн, қылмыстық жолға түскеннен гөрi аштан өлгендi дұрыс санайтын адам жайлы әңгiме жазады. Бiрақ сол жанның өзi қайыршы кемпiр жасаған қатыгездiктi көргенде, шыдай алмай оған қарсы қылмыстық iске барады. Жауыздыққа жаны қас кейiпкердiң қайыршы кемпiрдi тонауы қисынды-ақ. Табиғи һәм шынайы. Расемон қақпасында қайыршы кемпiрдi тонаған ұры жайлы байырғы күлдiргi әңгiме осылайша қарапайым кейiпкердiң психикасынан жарқын, психологиялық этюд жасайтын асыл өзекке айналады.

Акутагаваның адам психикасының күрт бұрылыстары мен парадокстарын суреттейтiн новеллаларының тамыры орта ғасырлық жауынгерлiк-феодалдық эпостардың қайбiр эпизодтары және халық арасында кеңiнен тараған көнекөз күлдiргi әңгiмелерде жатты. Жазушы қанша уақыт өтсе де адам психологиясы өзгерген жоқ деп санады. Өмiр сүру тәсiлдерi мен мiнез-құлықтың, оқиға уақыты мен сыртқы жағдайдың өз талдау-сараптауларына ешқандай әсерi жоқ екендiгiн баса көрсетуге тырысты. Ең бастысы, оқиға адам жан-дүниесiнiң терең қатпарларын аша алса болғаны. Амал қанша, әрiптестерi Акутагаваның әдеби әдiсiнiң байыбына бара алған жоқ. Олар оны бүгiнгi нақты өмiрдiң шындығынан қашады, көнеге құмар деп айыптай бастады. Алғашында жазушы үнсiз қалғанды дұрыс көрген. Ақыры Акутагава да ағынан жарылды.

«Мен , – деп жазды ол ,– тақырыпты аламын да оны әңгiмеге айналдыруға тырысымын . Тақырып барынша көркем, барынша шынайы ашылуы үшiн маған қандай да бiр ортақ қалыпқа сия бермейтiн оқиға қажет . Ал мұндай тосын оқиғаны мен бүгiнгi Жапонияда өтiп жатқандай етiп суреттей алмаймын . Олай жасауға әрекеттенген күнi - ақ сәтсiздiкке ұшырар едiм . Оқиғалар табиғилығынан айырылған болар едi. Мұндай тығырықтан құтылудың бiрден-бiр жолы – оқиғаларды өткенге апару, оны бағзы заманда өткендей етiп суреттеу. Материалдары ескi хроникалардан алынған менiң әңгiмелерiмде iс-қимылдың көбiне көне заманда өтетiндiгi осындай қажеттiлiктен. Қысқасы, көне дүние туралы жазсам да, менде оған деген анау айтқандай құмарлық жоқ».

Акутагаваның ескi хроникалардың материалдарын пайдалануына Анатоль Франстың квазитарихи әңгiмелерiнiң ықпалы болғандығы анық. Бiрақ мұндай iзденiстер оның өз отаны Жапонияға да таңсық емес-тi. ХҮIII ғасырдың екiншi жартысында өмiр сүрген атақты жазушы Уэди Акинари өзiнiң «Тұманда қылаңытқан Ай» новеллалар циклының кiрiспе сөзiнде: «Олардың шығармаларын (Қытай және жапон әдебиетi байырғы классиктерiнiң туындыларын) оқып отырып, бұл дүниелердiң ғажайып образдарға толы екендiгiн байқайсың. Оқиғалары жеңiл, бiр-бiрiмен байланыспай жатқандай сезiлсе де, шынайы көрiнедi. Артық сөзi жоқ. Нақты тiркестер оқырман қиялын жетелеп, елiктiрiп, қызықтырып отырады. Бүгiнге бағзы заманның көзiмен зер салып танығандай боласың» деп жазған-ды. Осылайша ертеде жазылған «адам сенгiсiз таңғажайып оқиғалар» Акутагава шығармаларында адам психологиясының механизмiн зерттеуде таптырмайтын сенiмдi құралға айналды.

 

II

«Адам өмiрi Бодлер жазған өлеңнiң бiр

жолына да татымайды»

Акутагава Рюнескэ.

 

Акутагава өмiр сүрген уақыт оқиғаларға аса бай болды. Бұл Солтүстiк-Батыстағы алып елде «коммунистер император мен жетi генералды атып өлтiрсе», Жапонияның өзiнде «күрiшшiлер көтерiлiстерi» лапылдап тұрған дәуiр едi. Жапонияның қай-қай қаласында да өртенген дүкендер мен қоймалардың, алыпсатарлардың алып үйлерiнiң күлге айналған үйiндiлерiн ұшыратуға болатын. Токиода темiржолшылар, баспаханашылар, әскери қару-жарақ қоймаларының жұмысшылары, мұғалiмдер, пошта қызметкерлерi бас көтерiп жатты. Кореяда император армиясы халық көтерiлiсiн аяусыз басып-жаншыса, Приморье мен Шығыс Сiбiрде жапон және америка солдаттары ақ гвардияшылардың көмегiмен жергiлiктi кеңес халқын қырып-жоюда болатын.

Акутагава бұлардың бәрiнен алыс едi. Соғыс, революция, табиғи апаттар оған өтпелi, суретшiнiң назар аударғанын қажет етпейтiн жәйттердей көрiндi. Бұлардың қай-қайсысы да арысы адам жанының жасырын механизмдерiн қозғалысқа түсiре алатын оқиғалар ғана бола алуы мүмкiн. Ал, жалғыз, қайталанбас, бағалануға лайық өмiр шындығы – өнер ғана. Ол осы тұстарда «Адам өмiрi Бодлер жазған өлеңнiң бiр жолына да татымайды» деп жазды. Нақтылай айтсақ, Акутагава бұл жерде өнерге қызмет етуге арналмаған өмiрдi айтып отыр.

1918 жылдың шiлдесiнде «Осока майнити» газетiнде Акутагаваның ең ғажайып новеллаларының бiрi «Тозақ азабы» жарияланды. Есихиде есiмдi сарай суретшiсi мынау жарық әлемде өзiнiң жас қызы мен өз өмiрiн арнаған өнердi ғана жақсы көретiн. Сұлулық пен кеспiрсiздiктiң құпиясын танып бiлген, қандай да бiр қуаныш пен қайғы болмасын, оны сан түрлi бояудың көмегiмен бейнелеп бере алатын осы бiр хас шебер ызақор, беймаза едi. Тағы бiр кемшiлiгi, салатын дүниесiн ең болмаса түсiнде бiр рет көрмесе кенепке түсiре алмайтын. Бiрде әмiршiсi осы Есихидеге сарай қабырғасына тозақ азабының көрiнiстерiн бейнелейтiн суреттер салуды тапсырады. Алғашқыда Есихиденiң қолы жап-жақсы-ақ жүрген. Тозақ отын қалада болған үлкен өрт кезiнде көрген-дi. Ал азаптан шыңғырып жатқан күнәһар­лардың бейнесiн ол өз шәкiрттерiн қинау арқылы бiлiп-тауып отырды. Сондай-ақ, қытай киiмiн киген бұқа немесе ат басты тозақ қызметкерлерi де түсiне сан рет кiрген. Бiрақ суретшiнiң жобасы бойынша картинаның ортасында отқа оранған атарба мен оның iшiнде тiл жеткiзгiсiз азаптан түсi бұзылып кеткен жас әйел бейнеленуi керек-тi. Басқа-басқа, дәл мұндайды суретшiнiң әлi көрмегендiгi анық. Сондықтан ол қожайынына өтiнiш жасауға бел байлайды...

Әмiршi қайдағы бiр суретке бола күнәсiз әйелдi өлiмге қиюға даяр бiрбеткей суретшiге сабақ болуы үшiн, Есихиденiң көзiнше iшiне суретшiнiң жалғыз сүйiктi қызы отырғызылған арбаны өртеуге бұйрық бередi. Бәрi бұйрық бойынша iстеледi. Адам тозақтың отты жалынына оранады, ал оны өлiмге байлап берген суретшi мәз-мәйрам. Өзiнiң осы туындысын аяқтаған соң Есихиде асылып өледi.

«Адам өмiрi Бодлер жазған өлеңнiң бiр жолына да татымайды». Хас туындының қасында адам өмiрi дегенiмiз не тәйiрi? Тек өнер ғана суретшiге шынайы ләззат сыйлайды. Өнердiң жолына шалынған кез-келген құрбандықты ақтауға болады. Өмiрдiң мақсаты өнер ғана бола алады. Түптеп келгенде, адамзат әулетiнiң мына жарық жалғанда тiршiлiкке келуiнiң басты мақсаты да сол өнерге қызмет ету емес пе! Ал қалғаны – мiнездер шарпысы, әлеуметтiк катаклизмдер, шаруаның азапты тұрмысы, саясатшының қулық-сұмдығы, технология, ғылым – үздiк өнер туындысын дүниеге келтiруге қаншалықты кедергi келтiргенi немесе қарайласқанымен ғана ерекшелене, бағалана алады.

Бұл Акутагава Рюноскэнiң екiншi жаңалығы едi.

 

III

«Мен ақынмын. Жазушымын.

Сонымен бiрге қоғамның да мүшесiмiн».

Акутагава Рюноскэ.

Ол көп жазды. Әрқилы жазды. Үлкен табысқа ие болды. Әңгiмелер жинағы бiрiнен кейiн бiрi шығып жатты. 1925 жылдың сәуiрiнде «Бүгiнгi шығармалардың жинағы» атты көптомдық серия Акутагаваның таңдамалысымен ашылды.

Рас, оны сынап, оған ақыл айтып, жала жауып жататын. Дарынды шығармашылық иелерiнiң жағдайы қай кезде де осылай болған, осылай бола да бередi. Бiрақ мұның бәрi оны азаптаған, жанын жегiдей жеген ойлардың қасында ештеңе емес едi. Өйткенi, көркемдiк принциптi тауып, формулаға салып беру оны практикада қолданудың қаншалықты тиiмдi екендiгiн дәлелдеп берудiң қасында түк емес екен. Соңғысы ауыр болып шықты. Рас, Акутагаваның мол әдеби тәжiрибесi бұл қайшылықты байқамай-ақ өтiп кетуге мүмкiндiк берер едi. Бiрақ жеке адамның, Акутагаваның дүниетанымы тұрғысынан келгенде «өнер өмiрге үстемдiк етедi, өмiр өнер үшiн» принципi жазушының жан-дүниесiнде жүздеген «неге», «нелiктен» деген секiлдi азапты сауалдарды оятып, тынымсыз мазалап жатты. Рас, өнер кәдуiлгi өмiрдi көркем образдар арқылы бейнелеу процесi, бiрақ ол айнадағы жалаң бейне ғана болып қалмауға тиiс. «Нақтылық» түсiнiгi суретшiнiң алдына қойған мақсатына орай, оның өзiнiң iшкi жан-дүниесiн де қамтитын, көрсете алатын болуы шарт. Ал «бейне» түсiнiгi жаңағы өнер түрiнiң спецификасына тәуелдi. Барлық уақыттар мен барлық халықтардың мәдениетi тәжiрибесiнен шыққан қорытынды осы едi. Акутагаваның тәжiрибесi де осыған келiп саятын. Бiрақ бұл да жазушы жан-дүниесiнiң сұраныс-iзденiсiн қанағаттандыруға жарамады.

Акутагава үлкен суреткер болатын. Оның iшкi түйсiк деңгейiнде болса да, диалектик болмауға қақысы жоқ-ты. «Басқасын былай қойып, әдеби шығармашылықтағы «Өнер бәрiнен жоғары» принципi,– деп мәлiмдедi ол ақыр соңында, – адам санасын тек марғау ғана есiнетедi». Осыған жалғастыра «Өнер бәрiнен жоғары» принципiн қашанда өнер төңiрегiнде жүрген дарынсыз «әтектер» дәрiптеп отырған» деп жазды. Пәлсафа тасы Акутагава соншалық қажыр-қайрат жұмсап iздеген жерде болмай шықты. Өнер оның тұтынушысы бар уақытта ғана толыққанды өнер бола алатындығы мәлiм болды. Өнер мен оның тұтынушысы арасында екi жақты берiк қарым-қатынас болуы шарт екен. Ол байланыс «жазушы жазады, оқырман оқиды» деген жадағай түсiнiктiң тар аясында ғана қалмауға тиiс. Осы жерде өнердi тұтыну оның төңiрегiнде жүрген шала сауаттылар мен бiлiмдi, қалай көңiл көтеремiн десе де еркi бар аз ғана ақсүйек шоғырдың үлесiндегi игiлiк деп келетiн даңғазалау, тоғышар түсiнiктi алып тастап, өнердiң тұтынушысы халық деген ұғымды қалыптастырсақ, көптеген «неге» мен «нелiктендер» өзiнен өзi жоғалмақ. Түнек орнында салиқалы жүйе пайда болмақ: халық өз құрсағынан өнердi жаратпақ, ал өнер өз кезегiнде, халықтың құрсағын ұрықтандырмақ.

Акутагава шамамен осылай пайымдады. Осылайша өзiнiң үшiншi жаңалығын ашты. Бiрақ кеш едi.

Жазушының тынымсыз творчестволық iзденiстегi азапты өмiрi оның жүйкесiн жеп бiтiрген-дi. Ямагутилiк дүкеншi мен аурушаң әйелдiң перзентi, жазушы Акутагава Рюноскэ 1927 жылдың 4 шiлдесiнде, 36 жасында, вероналдың шамадан тыс мол мөлшерiн қабылдап, өзiн өзi улап өлтiрдi.

Кiм бiледi, жазушы өмiрiнiң ерте қиылуына ол ашқан жаңалықтардың рет саны ауысып кетуi себепшi болды ма екен?

Аударма

Бөлісу: